Перейти к содержимому

Татулықты ту еткен

22 қаралым

Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде еліміздегі біртұтас тәрбие бағдарламасының негізіне айналған «Адал азамат» жобасы аясында облыстық «RONAI» күрд этномәдени орталығының 10 жылдығына арналған «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз: бірлік пен білім – қуатты қоғамның берік негізі» атты іс-шара өтті. Мақсаты – жастардың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, патриотизм, бірлік, заң мен тәртіпке құрмет сияқты маңызды құндылықтарды қалыптастыру.

Жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсел Жалғасбаева 2016 жылы Іле аудандық болып ашылып, 2023 жылы облыстық болып қайта тіркелген «RONAI» күрд этномәдени орталығы осы жылдар ішінде өңірдегі түрлі деңгейдегі іс шараларға қатысып, аталған этностың мәдениеті мен дәстүрін сақтап, жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттап, бірлік пен татулықты нығайтуға зор үлес қосып, қоғамдағы аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған «Әділет» партиясы Іле аудандық филиалының төрағасы Алмасбек Сатыбаев қатысушыларды «RONAI» күрд этномәдени орталығына 10 жыл толуымен құттықтап, өткізіліп отырған шараның мақсат-міндетіне тоқталды. Сондай-ақ аталған орталықтың қазақстандық патриотизмді дамыту бағытында атқарып келе жатқан ауқымды жұмыстарын әңгіме арқауына айналдырды. Одан кейін қоғам қайраткері, облыстық әзербайжан этномәдени орталығының төрағасы Асылы Осман этномәдени бірлестіктердің жұмысы, отбасындағы әке беделі, бала тәрбиесі жайлы сөз қозғаса, «RONAI» күрд этномәдени орталығы жанындағы ақсақалдар кеңе­сінің төрағасы Авдо Ахмедов еліміздегі татулықтың әлемге үлгі болып отырға­нын айта келе, қоғамдық бірлестіктің 10 жылдығымен құттықтап келіп отырған жұртшылыққа жүрекжарды алғысын жеткізді.
Келесі кезекте Іле ауданы Мұхамеджан Түймебаев ауылындағы №19 орта мектеп директоры Маржан Бейсенбаева сөз алып, «Адал азамат» ұлттық жобасының басты қағидасының адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік, бірлік екеніне қатысушылардың назарын аударды.
– Қазақстан – 130-дан аса этностың шаңырағы. Осы үлкен шаңырақ астын­дағы берекелі бір бөлменің жарық жұлдызы болып отырған «RONAI» этномәдени орталығы 10 жыл бойы өңірдегі күрд этносының тілін, салт-дәстүрін, тарихын сақтау мен еліміздің бірлігін, ынтымағын нығайту мақсатын қатар жүзеге асырып келе жатыр. Атап айтқанда, тіл үйірмелері жұмыс істеп, домбыра кештері мен мерекелік шаралар ұйымдастыруда. Біздің мектептегі сыныптарда қазақ, орыс, күрд, ұйғыр балалары бір партада отыр. Олар бір-бірін бөлектемей, бір команда екенін айтады. Бұл – этномәдени орталықтардың еңбегі, – деген Маржан Жұмабекқызы облыстық «RONAI» күрд этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гамзе Гейдаров осы мектептің түлегі екенін мақтанышпен жеткізді.
Мінберге шыққан Гамзе Гейдаров қоғамдық келісім мен жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлесін қосқан бірқатар азаматты және түрлі деңгейдегі спорттық бәсекелерде облыс­тың абыройын асқақтатып жүрген жас спортшыларды марапаттады.
Жиынды қорытындылаған Әсел Мұратқызы бұл басқосудың жастарға жаңа ой, пайдалы пікір алмасуға және достық қарым-қатынасты нығайтуға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Іле ауданы