Перейти к содержимому

Текес сарқырамасына тез жетесіз

31 қаралым

Райымбек ауданы Сарыжаз ауылына кіреберістегі Қабанды өзені тұсынан оңға бұрылып, ойлы-қырлы тау аңғарларымен тура тартсаңыз, Текес сарқырамасына жетесіз. Осынау таңғажайып табиғат көрінісін тамашалау үшін Аспантаулар өлкесіне ағылатын туристер саны жыл сайын еселеп өсіп келеді.

Теңіз деңгейінен шамамен 3000 метр биіктікте орналасқан Текес сарқырамасы – көзден таса жатқан көрікті мекендердің бірі. Жергілікті тұрғындар судың алыстан естілетін күркіреген үніне орай оны «Күркілдек» деп те атайды. Шамамен 30 метр биіктіктен құлайтын сарқырама Текес орманшылығы аумағына қарайды.
Текес сарқырамасының кереметін көруге баратын саяхатшылар қарасы көп. Алайда табиғи нысанды туристік бағытқа айналдыру тек оның әсемдігімен шектелмейді. Оған апаратын жол мәселесі өзекті. Ойлы-қырлы тау аңғарында орналасқан сарқырамаға жету үшін туристер біраз әбігерге түсетін. Енді сол олқылықтың орны толатын күн де алыс емес. Сарқырамаға саяхат барысында жол бойындағы жөндеу жұмыстарына куә болдық.
Бүгінгі таңда Көккемер жайлауына, Текес сарқырамасына апаратын жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын жолды жөндеуге 10 техника, 25 жұмысшы жұмылдырылған. «Алматы жолдар» мердігер мекемесі жөндеу жұмыстарының 30 пайызын аяқтаған. Жолдың негізі жасалып, қиыршық тас төселуде.
Сарқырамаға апарар жолдың табиғат ғажайыбын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тау аңғарын бойлай аққан Текес өзенінің көрінісі тіптен ерекше. Табиғаттың осынау көрінісі адам жанына ерекше тыныштық пен шынайылық сыйлап, ағын судың дауысы сананы тазалайды. Сарқарамаға жақын қалғанда, жолаушыларды Құтырған өзені күтеді. Өзеннің ағысы қатты болса, жол талғамайтын көлікке де бой бермейтіндей. Соған орай, жаяу жүргіншілерге арнайы көпір қойылған. Ал судың екпіні қалыпты болса, жол талғамайтын көлікпен өтуге болады.
Күркілдекке барған адам тек сарқыраманы ғана көріп қайтпайды. Ол тау қойнауындағы үнсіздікті, сай арасындағы самалды, биіктен құлаған судың қуатын сезініп, табиғатпен тілдескендей әсер алады. Жолдан тасалау жатқан осы бір мекеннің қадірі де осында – ол өз сұлулығын кез келген жолаушыға бірден аша салмайды, іздеген адамға ғана көрсетеді.
Бәлкім, Текес сарқырамасының ең үлкен ерекшелігі де – табиғаттың өз қолымен жасалған осындай құпия мекен болуында шығар. Сарқыраған суының үні тау арасында жаңғырып, бұл өлкенің көркін ғана емес, табиғаттың тылсым тынысын да жеткізіп тұрғандай. Текес сарқырамасы – көрген жанның жадында ұзақ сақталатын, Райымбек ауданындағы табиғи жауһарлардың бірі.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы