Перейти к содержимому

Тектіден текті туады

30 қаралым

Талғар қаласында тұратын Бақтығали Айжігітов – жасы 70-ке жуықтағанына қарамастан, өңірдің әлеуметтік-мәдени өміріне өте белсенді араласып жүрген қоғам қайраткері. Оның бастамасымен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен қаһарман ата-әкелеріміздің есімдерін мәңгі есте қалдыру бойынша зерттеу, іздестіру, ескерткіштер қою, кезінде Үйсін мемлекетінің орталығы болған тарихы терең, ортағасырлық Талхиз көне шаһарының қазақ халқының дамуындағы орны мен маңызын кеңірек оқып-үйрену үшін тарихи-өлкетану музейін ашу, сол арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында Д.Қонаев атындағы Жастар саябағы, өңірдің бірнеше мектебінде кемелтанушылар клубы ашылып, көрме, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, үлкен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Ақсақал Қарағанды кооперативтік институтында оқып жүріп, сол кездері көтерілген «Неміс автономиясын құру» бастамасына қарсылық көрсету үшін студенттердің «Жас қазақ» ұйымын құрып та біраз жұмыстардың басы-қасында болыпты. Бүгінгі жас ұрпақтың, тіпті жасамыс жандардың да адамгершілік, әділеттілік, еркіндік, отаншылдық тұрғыдағы ой-пікірлеріне, іс-әрекеттеріне ұнамды әсер етеді деген ниетпен белсенді ағамызбен бүкпесіз әңгіме-дүкен құрдық.

– Бақтығали аға, халқымызда «Жүздің жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген жақсы қағидат бар. «Алатау арайының» оқырмандары кеңірек танып-білуі үшін алдымен өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Қайда тудыңыз, қайда оқыдыңыз, ата-анаңыз кім?
– Мен Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылында 1957 жылы, 17 қыркүйекте дүниеге келдім. Әкем Сағымқожа – ауылда жүргізуші, анам Айнагүл – мемлекеттік қамсыздандыру мекемесінде есепші болып істеген қарапайым кісілер. Сол ауылдағы бұрынғы Юрий Гагарин, қазіргі Кеңес одағының батыры, 28-панфиловшылар қатарында Мәскеудің Волоколамск тас жолындағы шайқаста асқан ерлігімен көзге түскен Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орта мектепті бітірдім. Одан соң Қарағанды кооперативтік институтының экономика бөлімінде жоғары білім алдым. Курстастарым, сабақ берген ұстаздарым менің есіміме қарап, батыстың жігіті деп ойлайды екен. Сонда білдік, адамның есіміне, тегіне қарап, оның қай облыста, қай өңірде туғанын анықтауға болатынын. Сондай сұрақ туындағаннан кейін, каникулға келген кезімде шешемнен: «Жұрттың көбі менің Бақтығали деген атыма қарап, батыста – Ақтау, Атырау жақта туған жігіт деп ойлайды екен. Менің есімімді кім қойды?» – деп сұрадым. Бұл бір жағынан қызық та болды, өйткені бұрын есімнің қалай қойылатынына мән бермеген екенмін.
Сонда шешем: «Сенің есіміңді қойған Кемел аға. Негізі шілдехана кезінде сенің атыңды Иманқұл дейтін немере ағамыз қоюы керек еді. Сол кезде «Дидар – ғайып, несіп – ғайып» дегендей, ауданда өтетін бір шараға партия-кеңес қызметкері болып істейтін Кемел аға келіп, шілдехананың үстінен түсті. Иманқұл аға: «Тойдың үстінен түстің, құтты қонақсың, баланың есімін сен қой», – деп жолын берді. Сөйтіп, сенің есіміңді ойланбастан Бақтығали деп сол ағаң қойды. Мүмкін, ел-халқына қызмет етіп, өмірі бақытқа бөленген азамат болсын деп ырымдаған шығар», – деді. Ол кісі Бақанасқа келгенде Иманқұл ағамыздың немесе біздің үйге түседі екен.
Бірақ мені жұрттың бәрі мектепте, институтта оқып жүрген кезімде, әскерде де ылғи Бақыт деп атайтын. Тіпті Бақтығали деп өзі қойса да, Кемел ағамның өзі кейде Бақыт дейтін.
Мен есімді білгелі білемін, ол кісі біздің ауылға жиі келетін. Өйткені «Түнде атылған оқ» деген кітабының біраз бөлігі Бақанаста жазылды. Апаларымыз айтып отыратын, Іленің жағасына киіз үй тігіп, сол жерде жазды деп. Сол кезде ағамыздың ас-суын дайындап, шай-тамағын берген, қызмет еткен апаларымыздың біразының көзі тірі. Солардың бірі – кезінде аупарткомда есепші болып істеген, қазіргі Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың шешесі Рәткүл апай. Ол Кемел ағамызды қарапайым, кішіпейіл, адамгершілігі жоғары, өте ақылды адам деп жиі еске алып отырады.
Менің және мен сияқты біраз жігіттердің елін, жерін сүйетін отаншыл азамат болып қалыптасуында Кемел ағамыздан алған өнегенің орны үлкен деп ойлаймын. Қолыма қару алып, ешқандай соғысқа, шайқасқа қатыспасам да, мен де елімді, жерімді өзімше сүйдім, қорғадым деп айта аламын. Құдай бетін аулық қылсын, егер «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дегендей, қазір де қару ұстап, Отанды қорғау қажеттігі туып жатса, сапқа тұруға дайынмын. Оны талай жерде айтып та жүрмін. Өйткені Кемел ағам өзінің болмыс-бітімі, өмірлік ұстанымы, үлгі-өнегесі, айтқан ақыл-кеңесі арқылы бәрімізге бағыт-бағдар көрсетті, отансүйгіштікке тәрбиеледі деп есептеймін. Тіпті өмірдегі, адамгершілік қасиеттерімнің қалыптасуындағы менің ұстазым Кемел Тоқаев деп санаймын.
– Кемел атамыздың сонда сіздерге туыстық жақындығы бар ма?
– Біз бесінші атадан қосылатын, қыз алыспайтын жақын ағайынбыз. Кемел ағамыздың біздің ауылға жиі келіп, аунап-қунап жатып, біраз шығармаларын осында жазуының да бір сыры «Ағайының бар кезде басыңда тұрар аруағың» дегендей, осы ағайындықта жатса керек.
– Кемел аға өте бауырмал, балажан адам еді. Ауылға келгенде жазушылық жұмыстарымен аудандық ішкі істер бөліміне барып, тергеушілермен тікелей жұмыс істейтін. Мысалы, Жамбыл ауданына жиі баратын, сөйтіп жүріп, алтын ұрлаушылар туралы «Сарғабанда болған оқиға» дейтін кітабын жазды. Оны жазу үшін үш ай бойы Алматы қаласы, Сейфуллин көшесіндегі түрмеде солармен бірге отырған. Сөйтіп, қылмыскерлердің айла-тәсілдерін, мінез-құлқын, психологиясын зерттеген. Ол кісі детектив шығармалардың өзін нақты оқиғаның негізінде және тек шындықты жазған.
Сіз білесіз, ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл, орыстың біраз жазушылары детектив жазған. Бірақ олар фантастикалық негізде жазған, сол үшін де олардың шығармаларын еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін оқуға құмар. Ал Кемел Тоқаев ағамыз тек болған оқиғалардың негізінде деректі детектив шығармаларын өмірге әкелді. Олар фантастикадан да құнды әрі оқылымды. Өйткені бәрі өмірде болған, орын алған қылмыстық не басқа оқиғалардың негізінде жазылған. Сол үшін ол тиісті мекемелер, құқық қорғау ұйымдарының басшыларымен келісіп, рұқсаттарын алып, түрмеде отырған, қылмыскерлермен бірге бір ауаны жұтып, бір суды ішіп, бір тағамды жеген. Не үшін? Кітап сөзінің бірінші кезекте шын, содан соң барып қызықты, қисынды, тартымды болуы үшін! Онда әдетте кәсіби жазушылар қолданатын ойдан шығару, ойдан қосу дегендеріңіз дерлік болмаған. Сол себепті де Кемел Тоқаевтың шығармалары өте оқылымды, өте тартымды, 120-130 мың таралыммен басылған.
– Демек, біз Кемел Тоқаев атамызды жай ғана детектив жанрының емес, деректі детектив жанрының атасы деп атауымыз керек шығар? Өйткені детектив, менің ойымша, кейіпкері өмірде болғанмен, көбіне ойдан шығарылған оқиғалардың негізінде жазылады. Ал Кемел атамыз керісінше болған оқиғаны негізге алады. Бұл ойыма не дейсіз?
– Дұрыс айтасың! Бауыржан Момышұлы атамыз оны «Детектив жанрының атасы» деп атады. Ал Қасым Қайсенов «Көркем сөздің шебері» деді. Қазақта бұл жанрдың шыңына шыққан жалғыз жазушы – Кемел Тоқаев. Ал біз оны тек қазақ емес, бүкіл түркі әлеміндегі детектив жанрының дарабозы ретінде дәлелдедік. Мен бүкіл Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Мәскеуге барғанда ылғи жазушылармен кездесемін. Сонда олардан: «Сіздерде детектив жазатын жазушылар бар ма?» – деп сұраймын. Олар: «Бар, бірен-саран, бірақ шын мәніндегі детектив деуге келмес», – деп жауап береді. Мысалы, «Түнде атылған оқты» жазғанда ол үш күн бойы айыпталушылармен бірге абақтыда жатты. Сондай-ақ күллі қазақ «Атаманның ақыры» дейтін фильмді біледі, бірақ осы фильмнің Кемел Тоқаев жазған «Соңғы соққы» деген романның негізінде түсірілгенін көп адам біле бермейді.
– Иә, ол керемет кино­туынды ғой, атақты әртіс­теріміз, көзінің тірісінде аңыз адам атанған, марқұм Асанәлі Әшімов, Наталия Орынбасарова, Нұрмұхан Жантөрин, Нұржұман Ықтымбаев сияқты өнер саңлақтары ойнайды.
– Оны да детективті фильм деп бағалауымыз керек. Әңгімеміздің басында ол кісінің балажандығын айтып кеттім. Кемел аға жұмысқа қанша асығып бара жатса да, тоқтай қалып, бес-алты баланы жинап, соғыс, шекара бұзушылар немесе ұрылар жайында әңгіме айтып беретін. Ең қызық тұсына келгенде: «Ал сендер сабақтарыңды жақсы оқыңдар, ата-аналарыңа көмектесіңдер, қалғанын келесі кездескенде айтып беремін», – деп кетіп қалады. Содан достарым: «Ағаң келді ме, қашан келеді?» – деп күнде сұрап, асыға күтетінбіз. Жалпы, менің түсінігімде, детектив жанры дегеніміз – оқиға барған сайын шиеленісіп, оқушыны әрі қарай не болар екен деп қызықтырып, ақырына дейін оқуға ынталандыратын шығарма.
Біз таңертеңнен кешке дейін суда жүреміз, Іле өзені ауылдан 500-600 метр жерде ағып жатыр, қазіргідей тартылып кетпеген кез. Балқаш пен Іле стансасының, қазіргі Қонаев қаласының ортасында баржылар қатынайды. Таңғы сағат 5-те Іле стансасына қарай, тура кешкі сағат 5-те кері қарай Бақанастың жанынан өтеді. Сол кезде біз күтіп отырып, кеменің толқынына қарай суға секіреміз. Толқын ұрған кезде есіңнен тандырып жібереді, талай бала сөйтіп суға кетті. Бес бала болып секірсек, көз алдымызда бір не екі бала жоқ болып кеткен жағдайлар болды. Сонда да қоймаймыз.
Сол да себеп болуы керек, бір күні естен кетпес оқиға болды. Ауылға келген Кемел аға кешкі сағат 5-терде достарыңды жинап, ішкі істер бөліміне кел деді. Ол кезде оның бастығы балуан денелі, бойы 2 метрдей, полковник Сайын Әділшынов деген кісі еді. Біз айтқан уақыттан да ертерек бардық. Кемел аға мен Сайын аға сыртта әңгімелесіп отыр екен. Содан «Жүріңдер, балалар» деп, бізді ІІБ сыртындағы шағын бір бөлмеге алып келді. Кірсек, бір жалпақ үстел тұр, «Мынаның не екенін білесіңдер ме, бұл – теннис үстелі» деді. Әділшынов кезекші қызметкерді шақырып, тор мен ракеткаларды алып келуді бұйырды. Кемел аға осыны күнде кешкі сағат 4-5-тен 7-ге дейін кезектесіп ойнайсыңдар, күнде келмесеңдер күнара келіңдер деді.
Сөйтіп, біз теннис ойнауды үйрендік, өзенге баруды қойдық. Кейін сол теннис үстелі біздің мектепке берілді. Оқушылар арасында жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, талайы чемпион атанды.
Мұның мәнісі Кемел аға өте балажан адам еді, осылай бізді бос уақытты құры өткізбеуге, спортпен айналысуға ықпал етті, суға секіріп, мерт болудан сақтандырды. Оның үстіне ол кісінің кітаптарын қызыға оқитынбыз. Осының бәрі тәрбие, үлгі-өнеге емес пе?! Кезінде Әзілхан Нұршайықов ағамыз оның ең оқырманы көп жазушы екенін айтқан, кітаптарының ең аз таралымы – 85 мың дана. Ол кітаптарды оқып, қаншама полковник, генералдар шықты.
– Осылай Кемел атамыз тек балалар, жасөспірімдер емес, құқық қорғау ұйымдарының да қаншама қызметкерін тәрбиеледі, үлгі-өнеге болды дейсіз ғой?
– Дәл солай! Сол себепті де мен көп жерде ішкі істер ұйымдарында Кемел Тоқаев атындағы бұрыш ашылса деп айтып жүрмін. Ол кісі шындықты жазды. Тергеудің қалай жүргізілетінін көрсетіп берді. Мысалы, Бауыржан Момышұлының соғыстағы әдіс-тәсілдері шетелдердің әскери академияларында оқытылады. Кемел ағамыз оқиға орнына өзі барып, тергеушілермен қоян-қолтық жұмыс істеген, әрқашан қылмыстың ашылуына қызмет етіп, тек қана шындықты жазуға ұмтылған. Осының өзі кейінгілер үлгі алатын, оны ұстаз тұтып үйренетін дүние емес пе?! Ол кісі суреттеген тергеу жөніндегі әдістерді бүгінгі және келешек тергеушілер оқып-үйреніп, тәжірибеде қолдануы керек қой. Егер полиция бөлімдерінде арнайы бұрыш ашылып, кітаптарын қойса, әрбір қызметкер ол баса мән берген мәселелерді, әсіресе әділдік, этика, тәртіп мәселелерін қатаң сақтауды үйренер еді.
– Сіздің Кемел атаны ұстаз санайтыныңыздың бір сыры осы екен ғой?
– Бұл бір, екіншіден ол кісі өте ақылды адам болатын. Мектеп бітіретін жылы бір күні үйге келсем, Кемел аға әкеммен әңгімелесіп отыр. Әкем ылғи: «Сен мен сияқты май-май болып жүрмеуің керек, бар дүниемді сатсам да оқытам, бірақ ешқашан милицияның оқуын оқымайсың!» – дейтін. «Ассалаумағалейкүм!» – деп сәлемдестім де, отыра қалдым. Сөйтсем, Кемел аға: «Бақыт милицияның оқуына түседі» – десе, әкем: «Жоқ, ол мұғалімнің оқуына түседі», – деп отыр.
Кемел аға осыны айтып: «Бақыт, сен өзің не дейсің?» – деді. Мен ол кісіге қарап тұрдым да: «Мен милиционер де, мұғалім де болмаймын. Мен ұшқыш боламын!» – дедім. Кемел аға маған сәл қарап отырды да: «Өте тамаша! Сен өз пікіріңді айттың. Балам, әрқашан осындай бол!» – деді. Ағамның сол сөзі әлі күнге құлағымда, ешқашан ұмытпаймын. Егер ол басқа бірдеңе айтқанда, менің болмысым бұлай қалыптаспауы мүмкін еді. Осыдан кейін мен ешкімнен қаймықпай, ылғи өз ойымды, шындықты ашық айтатын жігіт болып қалыптастым деп ойлаймын. Мен әкімдердің жұмысына көңілім толмай, Ақорданың алдына да барған адаммын. Егер сол кезде Кемел ағамның әлгі сөзінен қуат алмасам, рухтанбасам, ол кісі дұрыс бағыт көрсетпегенде, менің мінезім мұндай болмас еді. «Менің ұстазым – Кемел Тоқаев» дейтін басты себеп сол!
– Сөйтіп, ұшқыш болуды армандадыңыз?
– Иә, сол арманға жету үшін мектепті бітірген соң кезінде Юрий Гагарин оқыған ұшқыштар даярлайтын Орынбор жоғары әскери училищесіне оқуға түстім. Алайда орыс тілінен қатты қиналдым. Формулаларды жақсы білем, есептерді шығарам, бірақ өз сөзіммен түсіндіріп бере алмаймын. Бес жасымнан мылтық атып үйреніп, әкеммен бірге аңға шығып, мал бағып, қара жұмыс істеп өскендіктен, физикалық дайындығым да өте жақсы. Бірақ күзде өз еркіммен әскерге кеттім. Балтық теңізінде жаяу әскерде снайпер болып қызмет еттім. Қызметім аяқталуға тақағанда әкем қайтыс болып, мерзімінен бұрын ауылға қайттым. Ары қарай әскери училищедегі оқуды жалғастырғым келмеді. Сөйтіп, Қарағанды кооперативтік институтына оқуға түстім.
– Сонда әскерде снайпер болуға бала күніңізден мылтық атып, аңшылыққа қатысқаныңыздың да себі тиді ме?
– Дұрыс айтасың. Әкем де, Кемел аға да керемет аңшы еді. Үйде бір аңшы итіміз де болды. Бірде Сайын аға, Кемел аға, әкем, мен және екі адам аңға шығатын болдық. Ол кезде мен 7-8 жастамын, қазіргідей дайын оқ жоқ, әртүрлі аңға, «Мынау – қоянға, мынау – қырғауылға, мынау – қабанға» деп, дәрісін, бытыра мөлшерін өлшеп, бәрін қолдан жасаймыз, соны бала болсам да мен істеймін. Өзімнің мылтығым бар. Аңға шыққанда әлгі итіміз бізден бұрын машинаға шығып алады. Менің де дайындалып жатқанымды көріп, бұрын әкеммен талай аңға шыққанымды қайдан білсін, Кемел аға: «Бақыт та бара ма, тоңып қалмай ма? Қап, прожектор ұстайтын бір жігіт ертіп алмаппыз», – деді. Сонда әкем: «Тоңбайды, ол үйренген, прожекторды да сол ұстайды», – деді. Бәрі аң-таң. Сөйтіп, мен прожектор ұстадым, үлкендер оның жарығымен көп қоян атты. Барлық қоян 7-8-ден бес адамға бөлінді. Сонда Кемел аға: «Бақыттың үлесі қайда?» – деді. Әкем: «Ол менің балам, оның үлесі менде ғой», – деді. Кемел аға: «Жоқ, бұлай болмайды. Оның үлесі бізден де көп болуы керек. Егер Бақыт прожектор ұстамағанда, біз осынша қоян алмас едік», – деп бәрін қайта бөлгізді. Содан бастап, әр аңға шыққанда аға болсын, болмасын, мен басқалармен теңдей үлес алатынмын.
Бұл – Кемел ағамның әділдігін, біреудің ақысына қиянат жасамайтын асыл қасиетін, адамгершілік болмысын көрсететін оқиға! Мен соны бала болсам да жақсы сезініп, есімде мәңгі сақтап қалдым. Ол кісі ренжіген кезде айтатын ең ауыр сөзі «күл-қоқыстар» еді. Оны өкіметтегі аузың қайда десе мұрнын көрсететін, тамыр-таныстықпен келіп қалған біліксіз шенеуніктерге қатысты айтатын. «Осы күл-қоқыстардан арылмағанша, бізде ешқандай жақсылық болмайды» дейтін.
– Мынау бүгін де, жалпы ешқашан өзектілігін жоймайтын керемет сөз екен!
– Ол – бір, екінші Кемел Тоқаев ағамыз үлкен мәселелердің шешілуіне ықпал еткен қоғам қайраткері. Мысалы, 1967 жылға дейін Қазақстан халықаралық ЭКСПО көрмесіне қатыспаған. Көбіне Кеңестер одағынан Ресей, Украина, Беларусь қатысыпты. Осыған байланысты Кемел аға Қонаевтың атына хат жазады. Онда: «Біз басқалармен тең, 15 одақтас республиканың біріміз, орыстар, украиндар, беларусьтар өздерінің салт-дәстүрін, мәдениетін көрсетіп жатыр, біз неге көрсетпейміз?» деген мәселе көтереді. Шетелдіктер бізді орыстардың боданы деп есептейді. Солар сияқты бізді де делегацияға қоссын, барлық 15 республика кезек-кезегімен барсын дегенді алға тартады.
Д. Қонаев бұл хатты ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы Ниязбековке жолдап, ол КСРО Жоғарғы кеңесінің төрағасы Подгорныйға, өзі Брежневке барады. Сөйтіп, бұл ұсынысты Брежнев қолдап, сол жылы Канадада өткен ЭКСПО көрмесіне Қазақстаннан 17 адам Ниязбековтің басшылығында барып, халқымыздың салт-дәстүрін көрсетеді. Сонда сол ЭКСПО директорының қызы сәукелені көріп, «тұрмысқа шыққанда киемін, сатып алып бер», – деп кетпей қояды.
Делегация басшысы: «Бұл – жалғыз дана, оны сатуға болмайды», – десе де, қиылып кетпейді. Ақыр болмаған соң Мәскеумен ақылдасып, оны бір «Чайка» автокөлігінің құнындай бағаға сатады. Көрмеге келген туристер біздің ұлттық тағамдарымызды да үлкен қызығушылықпен тамашалайды, әсіресе ән-күйімізді естігенде, әбден таң-тамаша болады. Делегация үлкен табыспен қайтып келген кезде Подгорный Ниязбековті шақырып, Мәскеуде Қазақстанның онкүндігі болады, осы делегация түгел соған қатыссын деп, тағы он күн сонда болады. Былайша айтқанда, Мемлекет басшылары ойлауы тиіс мәселені қарапайым жазушы көтеріп, ол іске асып, одақ қана емес, әлем жұртшылығы қазақ халқын, оның мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін кеңірек тани бастайды. Бұл нағыз қайраткерлік емес пе?!
Кемел ағамыз – үлкен тұлға, кезінде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің баспасөз хатшысы болған, 500-ден аса мақала жазған журналист те. Оның өмірін, адамгершілік, қайраткерлік қасиеттерін жас ұрпаққа үлгі ету, шығармашылығын насихаттау мақсатында мен Талғар ауданының бірнеше мектебінде кемелтанушылар клубын ұйымдастарып, олар бірқатар шара ұйымдастырды, мүшелерінің саны 100-ге жуықтап қалды. Жалпы, мен үлкен кісілердің, соның ішінде Дінмұхамед Қонаев атамыздың әкесі Ахмет, Балтағұл дейтін аталарымыздың, Кемел ағамның әңгімелерін көп тыңдап өстім. Ол кісілер біздің үйге қонаққа жиі келетін. Олардан естіген тәрбиелік мәні зор әңгімелерді оқушылардың ортасында, қоғамдық іс-шараларда үнемі айтып жүремін.
– Сіз Кемел Тоқаевтың адам­гершілігі, әділетсүйгіштігі, тектілігі жөнінде көп айт­ты­ңыз. Осыдан түйгенім, «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан» бастамасы әкеден алған тәрбиенің, үлгі-өнегенің жемісі іспетті. Бұған не дейсіз?
– Әрине, ұрпақтың бойындағы барлық жақсы қасиет ең алдымен әкенің қаны, ананың сүті, отбасындағы тәрбие арқылы беріледі. Осы тұрғыдан алғанда, ойың өте дұрыс. Президентіміз ақырын жүріп, анық басып, әкесі армандаған әділеттілік, шыншылдық үшін күресіп, айналамызды «күл-қоқыстан» тазартып, бар білімін, қажыр-қайратын, мол тәжірибесін әділетті мемлекет, таза қоғам құруға бағыттап жатқаны күмәнсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы