Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Терезелерді дайындау және орнату бойынша орындалмаған тапсырыс үшін Алматы облысының тұрғынына 650 мың теңге қайтарылды

Терезелерді дайындау және орнату бойынша орындалмаған тапсырыс үшін Алматы облысының тұрғынына 650 мың теңге қайтарылды

21 қаралым

Алматы облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғыны жүгініп, кәсіпкерден терезелерді дайындау және орнатуға тапсырыс бергенін және 650 000 теңге төлегенін хабарлады.

Алайда тапсырыс белгіленген мерзімде орындалмаған. Кәсіпкер түрлі себептерді алға тартып, өз міндеттемелерін орындауды ұзақ уақытқа созған. Соның салдарынан тұтынушы ақысын төлеген қызметтерді ала алмаған.

Осы жағдайға келіспеген азамат өз құқықтарын қорғау үшін Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.

Департамент мамандары тұтынушыға Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес оның құқықтарын түсіндіріп, туындаған дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге жәрдем көрсетті.

Жұмыс барысында Департамент тарапынан кәсіпкермен байланыс орнатылып, оған тұтынушының заңды талаптарын орындау және туындаған дауды реттеу қажеттілігі түсіндірілді.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тұтынушыға 650 000 теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат толық көлемде қайтарылды.

Бұл жағдай тұтынушылардың өз құқықтарын қорғау үшін уақтылы жүгінуінің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді. Тұтынушыларға шарттарды, чектерді, төлем құжаттарын, сондай-ақ сатушылармен және қызмет көрсетушілермен жүргізілген хат-хабарларды сақтап қою ұсынылады.

Егер сатушы немесе қызмет көрсетуші өзіне алған міндеттемелерін орындамаса не қызметті тиісті сапада көрсетпесе, тұтынушы өз құқықтарын қорғау үшін аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің

Алматы облысы бойынша сауда және

тұтынушылардың құқықтарын қорғау

департаментінің бас маманы Д.Сенбаева