Перейти к содержимому

Тігін цехын тізгіндеген кәсіпкер

52 қаралым

Мемлекеттің даму өзегі – бизнесте. Қарапайым ғана алгоритм. Мемлекеттен қолдау тапқан кәсіпкерлік дами түссе, әлеуметтік әлеует те артатыны айқын.
Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында тұратын Назира Қамзаеваның 10 жыл бойы айналысқан кәсібі пандемия кезіндегі карантин шектеулеріне байланысты тоқырауға ұшырады. Алайда ол қиындыққа мойымай, жаңа мүмкіндік іздеді. Үйіндегі ескі тігін машинасын іске қосып, медициналық бетперде тіге бастады. Осылайша бар болғаны 200 теңгелік бір бетпердеден басталған іс біртіндеп дамып, бүгінде үйдің сәнін келтіретін сапалы әрі әдемі перделер тігетін отбасылық бизнеске айналды.


Оның кәсібін өркендетуге мемлекеттік қолдаудың да ықпалы зор болды. Назира 2023 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бағдарламасына қатысып, қажетті тігін машиналары мен маталар алыпты. Ал 2024 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында қолдауға ие болып, өндірісін кеңейтуге мүмкіндік туады. Нәтижесінде кәсіпкер бүгінгі таңда көлемі 200 шаршы метрлік тігін цехын ашып, өз бастамасын зор игілікке айналдырып отыр. Жұмысын бірнеше тігіншімен бастаған шағын цехта қазіргі кезде 13 адам еңбек етеді.


Кәсіпкер өз иелігіндегі цехқа шетелден, оның ішінде Ресей, тіпті Америкадан да тапсырыс түсетінін айтты. Цех жанындағы дүкенде маталардың түр-түрі бар. Ол – тапсырыс берушілер кез келген уақытта қалаған матасын таңдап, тиісті тапсырыс беруіне ыңғайлы болуы үшін жасалған жағдай. Нарықтық қатынас жағдайында жарнама тауар қозғалтқышының рөлін атқарады десек, Назира «Инстаграм» парақшасында цехтың қызметі туралы хабарландыру мен жарнама беруге, өнімнің суретін орналастыруға да үлкен мән береді.
– Бізге көптеген елден, тіпті алыс шетелден де тапсырыстар түсе бастады. Сөйтіп о баста менің жай ғана әуестігім болған іс табысты кәсіпке айналды. Өмірдің өзі еңбекпен, оның жемісімен қызық. Тек оның көзін таба білу керек. Дана бабаларымыз «Еңбектің көзін тапқан, бақыттың өзін табады» деп бекер айтпаған ғой, – дейді тігін цехын тізгіндеген кәсіпкер кәсіпкер Назира Қамзаева.


Өз тілшіміз