Марат Сұлтанғазиев облыс активінің алдында төрт жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесін түйіндеді. Кездесу барысында ол аймақтың дамуына үлес қосқан әріптестеріне, құқық қорғау органдарына, аумақтық департаменттерге алғыс айтып, облыс тұрғындарына шексіз ризашылығын білдірді.
– Өздеріңізбен бірге Алматы облысы екіге бөлініп, әкімшілік орталығы Қонаев қаласына ауысқан тарихи кезеңде жұмыс істедік. Осы тұста облысты басқаруды сеніп тапсырып, аймақтың өркендеп, дамуына үнемі қолдау білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысым шексіз. Сондай-ақ осы кезеңде жүзеге асырылған реформаларды дұрыс қабылдап, қолдаған өңір халқына да ризашылығым шексіз. Бұл осы облыстың тумасы ретінде мен үшін, жалпы баршамыз үшін үлкен мүмкіндіктер уақыты болды, – деді ол. Сондай-ақ бірлескен жұмыстың нәтижесі жемісті болғанын, соның арқасында өңір экономикасы еселеп артқанын жеткізді. Атап айтқанда, облыс экономикалық көрсеткіштер бойынша республикадағы үздік бестіктің қатарына берік орнығып, өңірдегі донор аумақтар саны екеуден жетіге артты.
– Осы секілді көптеген жетістікке жету жолында өздеріңізбен күш біріктіре отырып, өңір әлеуетін арттыру бағытында біртұтас ұжым болып, нәтижелі еңбек еттік. Барлық бастамаларымыз бен игі істерді жүзеге асыру жолында Үкімет пен Президент Әкімшілігінің де қолдауын сезіндік. Осы уақыт ішінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікте қызмет атқарған ұжымға және аумақтық департаменттерге, құқық қорғау органдарына да ризашылығым шексіз, – деді ол. Сонымен қатар қазіргі уақытта облыста құрылыс саласы қарқын алып, серпінді өрлеу кезеңі жүріп жатқанына тоқталды. Сөз соңында жаңа басшыға сәттілік тілеп, өңір жетістіктері бұдан да мол болатынына сенім білдірді.
Марат Сұлтанғазиевтің төрт жылдық басқару кезеңі әкімшілік бөліністен кейін өңірдің қайта қалыптасуы және облыс орталығының Қонаев қаласына көшірілуімен тұспа-тұс келді. Осы уақыт ішінде облыс экономикасы екі есеге жуық ұлғайып, инвестиция көлемі де артты.
2022 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі шамамен 3,4 триллион теңгені құраса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 6,8 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 триллионнан 2,6 триллион теңгеге дейін өсті. Оның шамамен 90 пайызы өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 614 миллиард теңгеден 1,35 триллионға артты. Өңірде жалпы құны 724 миллиард теңгені құрайтын 98 жоба іске асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылды.
Облыстың қаржылық базасы да өзгерді. Бюджеттің меншікті кірістері 2,4 есе өсті, ал республикалық бюджеттен берілетін трансферттердің үлесі 33 пайыздан 13 пайызға дейін төмендеді. Бұған дейін донор-аумақтар қатарында Қарасай және Іле аудандары болса, бүгінде олардың қатарына Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласы қосылды.
Негізгі әлеуметтік мәселелердің бірі халық санының жылдам өсуіне байланысты мектеп тапшылығы болды. 2022 жылы облыста үшауысымды 52 мектеп болса, қазір олардың саны 23-ке қысқарды. Төрт жылда 75 мектеп ашылды. Оның ішінде биылғы жаңа оқу жылында 4200 орынды бес мектеп пайдалануға берілді.
Жаңа облыс орталығының инфрақұрылымы да жандана түсті. Қонаевта инженерлік желілер мен әкімшілік нысандардың құрылысы басталды. Алдағы уақытта мұнда театр, «Қонаев Арена», Оқушылар сарайы және басқа да әлеуметтік нысандар салу жоспарлануда.
Төрт жылда облыста 3,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 6,6 мың азамат баспаналы болды.
Бүгінде облыс ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша Қазақстанда екінші орынды сақтап тұр. Республикадағы жалпы көрсеткіштің 11,6 пайызы Алматы облысына тиесілі. 2022-2025 жылдары мемлекетке пайдаланылмай жатқан 528 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Төрт жыл ішінде суару желілерін жаңғыртуға 16,3 миллиард теңге бөлінді, ал су үнемдеу технологиялары суармалы жердің 41,2 пайызына енгізілді.
Туризм саласы да айтарлықтай алға жылжыды. Биылғы жаздың өзінде Қапшағай су қоймасына екі миллионнан астам адам келді. Сонымен қатар Көлсай көлдері мен Қайыңдының, Көшпенділер қалашығының инфрақұрылымы жақсарып, танымал туристік нысандарға апаратын жолдар жөнделді. Алматы облысы ірі спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізетін алаңға айналды.
Халық саны қарқынды өсіп келе жатқан облыс алдында ауқымды жұмыстар тұр. Әсіресе агломерациядағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және ірі инвестициялық жобаларды толық аяқтау – маңызды міндеттердің бірі.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
