Перейти к содержимому

Тұлға тәрбиелеген отбасы

28 қаралым

Баққожа Мұқай атындағы Райымбек аудандық Мәдениет үйінде «Тұлға тәрбиелеген отбасы» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін айқындауды мақсат еткен шараға ел абыройын асқақтатып жүрген спортшылар, өнер иелері, ғалымдар мен жас таланттар шыққан отбасылар шақырылды.

Атап айтсақ, Ақбаевтар әулетінен еркін күрестен әлем чемпионатының жүлдегері Асыл Айтақын шыққан. Ол 2021 жылы Сербияда және 2022 жылы Испанияда өткен әлем чемпионатында қолаға қол жеткізген. Сондай-ақ бокс бәсекесінде биік белестерді бағындырып жүрген, жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия және әлем чемпионатының жеңімпазы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Толғанай Қасымханның отбасы да бар. Кездесуде жас спортшының әрбір жетістігінің артында ата-анасының тәрбиесі, қолдауы мен ақ батасы тұрғаны ерекше айтылды. Өнер саласының өкілі, қазақ театры және кино актері, дубляж шебері Жанат Тыныбаевтың отбасына да құрмет көрсетіліп, отандық өнерге өзіндік үлесін қосып жүрген актердің шығармашылық жолы мен ұлттық мәдениетті дәріптеудегі еңбегі сөз болды.
Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін, Орта Азияның екі дүркін чемпионы Ақбаян Нұрмамбет­қызы да – ауданның мақтанышы. Сондықтан Нұрмамбетовтер әулеті де көпшілікке үлгі ретінде кездесуге арнайы шақырылды. ­Сондай-ақ тағы­лымды шараға бокстан жасөс­пірімдер арасындағы Азия чемпиона­тының қола жүлдегері Еркеназ Ерболқы­зының, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген айтыскер ақын Жәмәли Айбынның және білім мен ғылым саласында еңбек етіп жүрген биология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әсем Мамырованың да отбасылары келді. Бұдан бөлек, әдебиеттік оқудан аудандық және облыстық деңгейдегі түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрген дарынды оқушы Ерханның отбасы – Жабықбай әулеті де қатысты.
Шара барысында аталған отбасы­ларға құрмет көрсетіліп, Алғыс хаттар табысталды. Алғашқы құттықтау сөзді Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев алып, отбасы құндылықтарының қоғамдағы маңызына тоқталды. Кездесу бары­сында Райымбек аудандық аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарова да жүрекжарды лебізін білдірді. Кейін модераторлық тізгінді қолға алған Балжан Әбуқызы отбасы мүшелерімен бала тәрбиесі, отбасындағы дәстүр мен береке, ата-ананың бала болашағына көрсететін қолдауы жөнінде мазмұнды әңгіме өрбітті.
Ғибратты кездесуде ата-аналар өз отбасындағы тәрбие ұстанымдарымен бөлісіп, балаға ең алдымен адамгершілік, еңбекқорлық, үлкенді сыйлау, білімге ұмтылу секілді құндылықтарды сіңіру­дің маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар отбасындағы өзара түсіністік пен қолдаудың баланың тұлғалық қалыптасуына ықпалы туралы ойларын ортаға салды. Кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Тұлға тәрбиелеген отбасы» атты шараның негізгі өзегі де осында. Себебі елге белгілі тұлғаның артында оның таланты мен еңбегімен қатар, қалыптасуына ықпал еткен отбасы, ата-ана тәрбиесі мен жақындарының қолдауы тұрады. Берекесі бекем, тәрбиесі тағылымды отбасы – ел болашағының берік іргетасы.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы