Перейти к содержимому

Тұрғын үйлерге  газ тартылды

39 қаралым

Қонаев қаласында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы  жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Бүгінде  облыс орталығы   мен жақын маңдағы  елдімекендердің  табиғи отын көзіне қосылуы  аймақтың  ерекше жетістігінің бірі. Келешекте көгілдір отынмен қамту ісі бұдан да қарқын ала түспек.

Облыс  орталығын  көгілдір отынмен қамтудағы ауқымды  жобаларды «Қапшағай аймағының газ жүйелері» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі таңда серіктестікпен Қонаев қаласындағы 2-ықшамауданда ұзындығы 4,5 км болатын газ тарту желілері салынған. Көгілдір отынның қызығын бір ғана ықшамауданда 945  абонент көріп отыр. «Біздің міндетіміз инвестициялық бағдарлама негізінде көпқабатты тұрғын үйлерге газ тарту.  Қазірге дейін  қаланың   2-ықшамауданындағы  26 көпқабатты тұрғын үйге  газ тартылды. Ал жыл соңына дейін барлық  үйді көгілдір отынмен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 60 пайызға артты», – дейді «Қапшағай өңірінің газ желілері» ЖШС  бас  директорының орынбасары Ержан Байболатов.

Қазір Қонаев қаласындағы 18-шағынауданда  ұзындығы 2,2 км төмен қысымды газ тарту желілерінің  құрылысы аяқталған.  Ал №19-20, «Спутник», «Арна», «Рауан», «12А», «12В» шағынаудандарына газ құбырын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шыққаннан кейін, келесі жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп жоспарланған.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Сейітбекқызы  тұрғындарды көгілдір  отынмен қамту бағдарламаларының  бағаның   негізсіз қымбаттауына жол бермейтінін жеткізді. «Тарифтік өзгерістер тек бағаны реттеуге ғана емес, сонымен қатар қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Инвестицияларды тиімді пайдалану арқылы біз инфрақұрылымды жаңартып, тұтынушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттырамыз», – дейді  Гүлмира Сейітбекқызы.

Қысқасы, аталған жобаларды жүзеге асыру қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай туғызуға, дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтуға және қаланың коммуналдық инфрақұрылымын тұрақты дамытуға ықпал етпек.

Ерзат АСЫЛ

Қонаев қаласы