Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Туризмнің тынысы кеңейіп келеді

Туризмнің тынысы кеңейіп келеді

33 қаралым

Алматы облысы – табиғаты көркем, логистикалық және туристік мүмкіндігі мол аймақ. Жыл мезгілдеріне қарай түрленіп, ерекше сұлулық сыйлайтын көрікті жерлері көп өңірдің туристік бағыттарды дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, инвестиция тарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайын, сондай-ақ осы саладағы өзекті мәселелердің қалай шешіліп жатқаны жөнінде облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлымен әңгімелесекен едік.

– Биылғы 8 айдың қоры­тындысы бойынша облыс­тағы туризм саласының ахуалы қалай?
– Биыл облыстың туризм саласы тұрақты оң динамика көрсетіп отыр­ғанын атап өткен жөн. Өңірде инвес­тиция тартуға, туристік инфра­құры­лымды дамытуға және жаңа нысандар құруға бағытталған жобалар іске асырылуда. Ұлттық статистика бюро­сының stat.gov.kz ресми интернет-ресурсындағы деректерге сәйкес, бірінші жартыжылдықта 263,8 мың туристке қызмет көрсетілді. Орналастыру орындарының саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 8,07%-ға, көрсетілген қызмет көлемі 30,52%-ға өсім көрсетті. eQonaq жүйесінің деректері бойынша қаңтар-тамыз айларында 113,7 мың шетелдік турист келген. Облыс шетелдік туристердің келуі бойынша елімізде үшінші орыннан көрінді. Олардың ең көп келетін көрікті жерлері мен туристік нысандарының қатарында «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері», «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері бар. Сондай-ақ Қапшағай жағалауы ерекше сұранысқа ие болуда. Аталған ұлттық парктерге келушілер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға артқан. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша «Іле-Алатауға» 1,32 млн, «Көлсай көлдеріне» 399,1 мың, «Шарынға» 202,1 мың турист келді.
– Жуық арада демалыс орындарындағы тазалық сақтау, дәретхана мен ауызсу тапшылығы мәселелерінің шешімі табыла ма?
– Өңірдегі барлық демалыс орнында «Таза Қазақстан» экологиялық бағ­дарламасы аясында саябақтар мен аулаларда тазалық жұмыстары жүр­гізіледі. «Тазалық күні» деп жарияланған шараларға облыс бойынша 70 мыңнан астам адам, 600-ден аса кәсіпорын мен ұйым қатысқан. Нәтижесінде 20 481 әртүрлі ағаш көшеті отырғызылып, 700 гектарға жуық аумақ қоқыстан тазар­тылды. 87 арнайы техника жұмыл­дырылып, 1500 тоннадай тұр­мыстық қалдық арнайы полигонға шығарылды. Сонымен қатар жол бойындағы қызмет көрсету нысандары мен санитариялық-гигиеналық торап­тармен қамтамасыз ету бағытында да тиісті шаралар қабылдануда. Бүгінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 173 сервис нысаны орналасқан. Облыс аумағындағы күре жолдарда 51 демалыс алаңы, 34 санитариялық торап бар. Сондай-ақ демалыс алаңдарында да 8 санитариялық-гигиеналық торап жұмыс істейді. Жыл басында «Алматы – Шелек – Қорғас» автомобиль жолының бойында абаттандырылған санитариялық торабы бар «Sinooil» жаңа жанармай құю стансасы іске қосылды. Жеке инвестиция тарту есебінен жол бойындағы сервисті одан әрі дамыту үшін бірқатар ірі жоба қолға алынды. Атап айтқанда, Кеген ауданында «АЗС Compass» ЖШС тарапынан құрылысы жүріп жатқан кешенді III тоқсанда пайдалануға беру жоспарланған. Еңбекшіқазақ ауданында «N-Munai» ЖШС екі сервис нысанын салуды бастады. Қорам ауылдық округінде жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқан және Балтабай ауылдық округіндегі құрылыс-монтаж жұмысы басталатын екі жоба 2027 жылы толық аяқталады. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда өңірдің туристік және транзиттік әлеуеті артып, демалушыларға қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететіні сөзсіз.
– Ұлттық парктер маңын­да бей-берекет орналасқан киіз үй және басқа да демалуға ар­налған нысандар баршылық. Олар­ды ретке келтіріліп, халықаралық дең­гейдегі қонақүйлер салу жоспарда бар ма?
– Ұлттық парктер аумағында халықаралық деңгейдегі қонақүйлер мен рекреациялық нысандарды дамыту, заманауи туристік инфрақұрылымды қалыптастыру жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қолданыстағы барлық нысан заң талабына сәйкес жұмыс істейді. Қосымша жер телімдерін беру қарастырылуда. Мұның туристік әлеуетті одан әрі арттыруға және көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға септігін тигізетіні анық. Қазіргі кезде «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне келушілерге визит-орталығы, тамақтану орындары, дәстүрлі киіз үйлер және глемпингтер қызмет көрсетуде. Келесі жылы бұл табиғи паркте «Шарынсай» этноауылын салу жоспарлануда. Сонымен қатар «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Қайыңды учаскесінде заманауи демалыс базасының жобасы әзірленуде. Оның жобалау-сметалық құжаттамасы сарап­тамаға жолданды. Аталған жоба­лар жүзеге асқан кезде ұлттық парк­тердің экологиялық талаптарының қатаң сақталуына, туристік қызмет көр­сету сапасын халықаралық деңгейге жеткізуге, инфрақұрылымды жүйелеп, ретсіз орналасқан нысандарды бірыңғай заманауи стандартқа келтіруге және этнотуризмді дамытуға зор мүмкіндік болмақ.
– Алматы облысын ше­телде жарнамалау жұмысы қалай жүргізілуде?
– Биыл жетекші шетелдік бұқара­лық ақпарат құралдарымен ынтымақ­тастық орнатылып, халықаралық деңгейде облыстың туристік әлеуеті, ірі туристік іс-шаралар цифрлық форматта кеңінен насихатталды. TBEX Asia 2026 халықаралық туристік шарасына шамамен әлемнің 30 елінен тревел-блогерлер, журналистер, инфлюенсерлер және туристік индустрия өкілдері қатысты. 300 млн адамды қамтыған ауқымды шараға қатысу облыстың туристік әлеуетін халықаралық кәсіби қауымдастыққа таныстыруға, шетелдік туристік индустрия өкілдерімен байланыстарды кеңейтуге және өңір туралы контентті таратудың қосымша мүмкіндіктерін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Маусым айында Euronews платформасында «Көлсай көлдері» ұлттық паркі туралы арнайы материал жарияланды. Онда Көлсай мен Қайыңды көлі, өңірдің табиғи ландшафтары мен белсенді туризм мүмкіндіктері таныстырылды. Материалдың халықаралық телеарна платформасында жариялануы облыстың туристік нысандарын кең ауқымды шетелдік аудиторияға танытуға жол ашты. «Toyota Official» және «National Geographic» компанияларымен бірлесіп Баянкөл, Ассы үстірті, Текес сарқырамасы, Мәрмәр қабырғасы, Ай каньоны және басқа да нысандарға джип-тур ұйымдастырылды. Оған қатысқан танымал блогерлер, фотографтар мен бейнеоператорлар тарапынан өңірдің туристік бағыт ретіндегі танымалдығын арттыруға бағытталған фото және бейнематериалдар әзірленді. Сонымен бірге ресми туристік сайт, Instagram, TikTok әлеуметтік желілері және блогерлер, контент-мейкерлермен бірлескен авторлық контент арқылы облыстың туристік нысандарының танымалдығын арттыру бағытындағы жұмыс жүргізілуде. Көлсай, Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы және басқа облыстағы туристік нысандар, рекреациялық аймақтар, маусымдық іс-шаралар @visitalatau парақша­сында тұрақты түрде жарияланады. Осындай шаралар шетелдіктердің қызығушылығын қалыптастыруға ық­пал ететіні сөзсіз.
– Демалыс орын­да­рын­дағы түрлі қызмет, азық-түлік пен тамақтану баға­сының қарапайым халықтың қал­тасы көтере бермейтінін ешкім те­ріске шығара қоймас. Жұртшылық ара­сында «Одан да шетелде демалған арзанға түседі» дегенді жиі естіп қаламыз. Мұның салдары ішкі туризмді дамытуға кедергі келтіріп отырған жоқ па?
– Қолданыстағы заңға сәйкес жеке кәсіпкерлер тауар мен қызмет бағасын дербес белгілейді. Соған байланысты туризм басқармасының бағаны белгілеу немесе оны төмендетуді міндеттеу мүмкіндігі жоқ. Басқарма тарапынан демалыс және орналастыру орындарындағы туристік қызметтердің құнына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, бағаның қалыптасуына әсер ететін негізгі факторларға талдау жасалады. Туристік қызмет субъектілерімен қызметтердің құнын негізсіз арттыруға жол бермеу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Кәсіпкерлерге маусымдық және сараланған тарифтерді, отбасыларға және жұмыс күндері келушілерге қызметтердің құнын қолжетімді деңгейде ұстауға мүмкіндік беретін тетіктерді қолдану ұсынылады. Кейінгі кезде жаңа туристік нысандар бой көтеріп, демалыс орындарындағы инфрақұрылым жаңарып, халықтың әртүрлі сұранысына бейімделіп келеді. Бұл нарықтағы бәсекелестікті арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге оң ықпал етпек. Түйіндей айтқанда, ішкі туризмді тұрақты дамытудың негізгі тірегі – қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсету. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс пен жаңа бастамалар өңірдің туристік әлеуетін одан әрі арттырып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы, тартымды әрі сұранысқа ие демалыс орнын дамытуға мүмкіндік береді.
– Облыс көлемінде төрт мау­сымдық туризмді дамыту бағытында не істеліп жатыр?
– Алматы облысында төрт маусым­дық туризмді дамыту мақсатында тау, экологиялық, спорттық, жағажай және оқиғалық туризм бағыттары бойынша кешенді жұмыс қолға алынған. Үкімет­тің 2025 жылғы 27 желтоқсандағы №1158 қаулысымен бекітілген «Алматы тау кластері туризмін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында облыс көлемінде құны 92,8 млрд теңге болатын 15 жоба іске асырылуда. «Oi-Qaragai – Ақтас» тау курортын кеңейту жұмысын жүргізуге 83,2 млрд теңге жеке инвестиция салынып, бүгінге дейін 50 млрд-тан астам қаржы игерілді. Қаскелең және Түрген шатқалдарының даму жоспары әзірленуде. Тау кластерінің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Ақтас тау курортына су құбыры тартылып, сыртқы электрмен жабдықтау жұмысы пысықталуда. Сондай-ақ «Байбұлақ – Тау-Тұран» жолының 7,2 шақырымын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Экологиялық және жаяу туризмді дамыту мақсатында «Алатау Аманаты» жобасы қолға алынды. 1500 км туристік маршрут зерттеліп, навигациялық белгілер, экостелалар, фотозоналар, демалыс орындары және спорт алаңдары орнатылуда. «Көлсай көлдері» ұлттық паркі, Тас Төбе және Тұзкөл аумақтары абаттандырылуда. Бұл жұмыстар нысандарды жыл бойы турист қабылдайтын орынға айналдыруға мүмкіндік береді. Жағажай туризмін дамыту бойынша биыл Қонаев қаласындағы №6, 7 және «Солтүстік жағалауы» коммуналдық жағажайларды салу және абаттандыру жұмысы жүргізілді.
Іс-шара туризмі саласында жыл бойы 20-дан астам маңызды жиын ұйымдастырылды. Өңірде өткізілген Tengri Ultra, Sokol Fest, Winter Auto Drift Show, Central Asia Drift Show, Race Nation Kazakhstan, авиациялық және музыкалық фестивальдер сияқты ірі іс-шаралар туристік маусымды көктемнен қысқа дейін ұзартуға ықпал етуде. Сонымен қатар жыл бойы туризмін қамтамасыз ету мақсатында 16 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында «TAU ELI Resort», «DAMELI COMPANY» ЖШС заманауи демалыс базасы, «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы, Көлсай көлдеріндегі аспалы жол, «Қара шатқал» туристік аймағы және басқа да нысандар бар. Туристік инфрақұрылымды жыл бойы пайдалануға мүмкіндік беретін тау-шаңғы, экологиялық, спорттық, жағажай, этномәдени және оқиғалық туризмнің өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– «Көшпенділер қалашы­ғына» дейін жол салын­ға­нымен, оның ішкі көрінісі көңіл көншітпейтіні жасырын емес. Қалашық ішін қайта жаңғырту жұмысы қолға алына ма?
– «Көшпенділер қалашығы» бас­тапқыда ұзақ мерзімді пайдалануға арналмаған. Кино және түсірілім жұмыстарына арналған уақытша нысан ретінде салынған. Бүгінде оның пайдалану мерзімі өткен. Әрі қарай қолдануға жарамсыз. Осыған байланысты нысанның қазіргі жай-күйі мен одан әрі пайдалану мүмкіндіктері ескеріле отырып, оны ұзақ мерзімді туристік нысан ретінде дамыту мәселесі қаралуда. Қазіргі кезде қаланың теңге­ріміне өткен аталған туристік нысан «Хегай» жеке кәсіпкерлігіне сенімгер­лік басқаруға берілді. Осылайша инвестор аумақты дамыту жұмысын қолға алды. Жергілікті атқарушы орган тарапынан нысанды қажетті инже­нерлік-коммуникациялық және жол инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жұмыстары толық жүргізілді. Атап айтқанда, «Көшпенділер қалашығына» дейін ұзындығы 6,8 шақырымдық жаңа асфальт жол салынып, жарық­тандырылды. Инженерлік инфра­құ­рылым аясында электрмен жабдықтау жұмыстары толық аяқталды Сонымен қатар 100 автокөлікке арналған авто­тұрақ пайдалануға берілді.
– Тарихи орындар мен демалыс аймақтарының көпшілігінде интернет пен ұялы байланыс нашар немесе мүлдем жоқ. Бұл мәселе қашан шешімін табады?
– Қазіргі таңда туристер көп келетін «Көлсай көлдері» ұлттық паркі аумағын­да «Kcell» АҚ және «КаР-Тел» ЖШС операторларының 2G/3G/4G мобильді байланыс және интернет қызметтері қолжетімді. Сонымен қатар 2023 жылы «Freedom Telecom» ЖШС-мен жеке қаражаты есебінен тұрақты негізде жұмыс істейтін тегін Wi-Fi нүктелері іске қосылды. Қонаев қаласы маңындағы «Көшпенділер қалашығын» мобильді байланыспен қамтамасыз ету мақсатында «КаР-Тел» ЖШС тарапынан базалық станса орнатылды. Ассы үстіртін сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету үшін жер жобасы келісілуде. Келешекте аталған аймаққа «КаР-Тел» ЖШС байланыс операторының базалық стансасы орнатылады. Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауы «Кселл» АҚ, «КаР-Тел» ЖШС және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС операторлары ұсынатын 2G/3G/4G мобильді байланыспен және интернетпен қамтылған. Маусым айында «Кселл» АҚ байланыс операторы қосымша 4G стандартындағы 2 базалық станса іске қосылды. Байланыс саласын дамытудың алдағы кезеңіне сәйкес «2025-2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерінің кешенді даму жоспары» аясында 2028 жылы Қаскелең және Түрген шатқалдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілетін болады
– Балқаш ауданына жолба­рыс жіберілгені баршаға мә­лім. Алдағы уақытта ол ай­мақ­қа турист тарту жоспарланған ба?
– Биыл 31 шілдеде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Амур жолбарысының жіберілуі Балқаш ауданында экологиялық туризмді дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Ауданда туристік инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамиды. Бақанас – Құйған автожолының бойында құны 3 млрд теңге болатын «Jeyran fishing club» туристік нысаны салынуда. Жоба аясында қонақүй кешені, коттедждер және шағын авиацияға арналған 1 200 метрлік ұшу-қону алаңы қарастырылған. Нысанды биыл IV тоқсанда аяқтау жоспарланған. Аталған шаралар Балқаш ауданында экологиялық туризмді дамытуға және туристік ағынды арттыруға бағытталған.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Айжарық КӨПТІЛЕУОВ