Қаскелең қаласының тұрғыны Айнұр Каби бала кезінен би билеуді ерекше жақсы көретін. Алайда ата-анасы бұл қызығушылығын қолдамағандықтан, фармацевт мамандығын меңгереді. Тұрмысқа шығып, бала сүйгеннен кейін йогаға қызығып, тіпті сауықтыру орталығын ашқан. Бұл ретте оған мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың көмегі зор болды. Атап айтқанда, оған 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілді.
Орталық «Алтын ауыл» шағынауданындағы №7 үйдің жертөлелік қабатында орналасқан. Оның жұмысы грант алған 2025 жылдың шілде айынан басталды. Жалға алынған бөлменің еденіне арнайы төсеніштер төселген. Мұнда би сабақтарына арналған айналар мен тұтқалар да қарастырылған. Спорттық құрал-жабдықтарды орналастыру үшін сөрелер қойылған.
Мұның барлығы «Бастау Бизнес» жобасы аясында аудандық Мансап орталығы арқылы берілген грант қаражатына сатып алынды. Маталар, велотренажерлер, йога-гамактар, түрлі көлемдегі доптар, гантельдер және жаттығулардың сан алуан түріне арналған басқа да құрал-жабдықтар алынды. Мұның бәрі жаттығулардың толыққанды өтуі үшін қажет. Жеке кілемшелер де бар. Бұл дайындыққа келіп, одан кейін бірден жұмысқа баратын адамдар үшін ыңғайлы.
Айнұрдың айтуынша, орталыққа негізінен қыздар мен әйелдер келеді. Олардың басым көпшілігі йогамен таңертең ерте немесе кешкі сағат 17:00-ден кейін айналысқанды жөн көреді. Ал биге балалар қызығушылық танытады. Бұл ретте орталықтың жанында «Алтын ауыл» орта мектебінің орналасқаны да қолайлы. Сабақ бағдарламасына заманауи және халық билері, сондай-ақ зумба кіреді. Бұл бағыттарды орталықпен бірге жұмыс істейтін тағы бір қыз үйретеді. Осылайша, олар бірлесе отырып қаскелеңдіктерді салауатты өмір салтына баулуға өз үлестерін қосып келеді. Бұл ретте йога мен бидің де маңызы зор.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы