Перейти к содержимому

Үнемдеген ұтады

26 қаралым

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысындағы су шаруашылығы мекемелерінің басшылары өңірдегі вегетациялық кезеңді өткізу барысы мен ағын су тапшылығын шешу бойынша атқарылған шаралармен таныстырды.
Бүгінде облыста суғарылатын жерлердің жалпы аумағы 223 мың гектарды құрайды. Осы аумақтағы 7 157 шаруа қожалығымен 127,6 мың гектар жерге келісімшарт жасалған. Облыстық су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аят Сәбитовтың айтуынша, 1,5 млрд текше метр су пайдаланылып, шаруалардың тіршілік нәріне деген қажеттілігі шешімін тапқан.
«Өңірдегі су шаруашылығы нысандарының басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары пайдалануға берілуіне байланысты, олардың дені қайта жөндеуді талап етеді. Осы бағытта әкімдікпен бірқатар ауқымды жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 2022 жылдан бері 6 аудан және бір қала аумағында орналасқан суару желілеріне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде өңірде пайдаланылмай жатқан 23 мың гектар алқапты айналымға тарту арқылы су шығынын 30 %-ға дейін қысқарттық. Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарымен де жұмыстар жалғасуда. Ислам Даму банкінің қаржыландыруымен 552 шақырым суару желілеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу Ұйғыр, Балқаш, Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарын қамтиды. Аталған жоба бойынша қазіргі уақытта ҚР Үкіметімен қарыз бөлу мәселесі пысықталуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылы басталады. Жалпы құрылыс жұмыстарының құны 86,6 млрд теңгені құрап отыр. Нәтижесінде айналымға қосымша 33 мың гектар суармалы алқапты қосу жоспарлануда. Сондай-ақ жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 16 объектінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу және түзету жұмыстары жалғасады. Бұған дейін 1,1 млрд теңге бөлініп, аяқтау үшін 161,6 млн теңге бюджеттік өтінім жолданды. Сонымен қатар өңірдегі 72 су қоймасына зерттеу жұмыстарын жүргізу бағытында шаралар қабылдануда », – деді ол.
Биылғы суару кезеңінде 81,5 мың га суармалы егіс алқаптарына ауылшаруашылық тауар өндірушілермен 3630 келісімшарт жасалып, жалпы көлемі 750,2 млн текше метр су берілген. «Алматыоблсушар» ШЖҚ МКК-нің басшысы Ғабил Ахметжановтың сөзінше, суару маусымының алдында теңгеріміндегі 640 шақырым магистральдық және шаруашылықаралық каналдарда механикалық тазалау жұмыстары жүргізілсе, қазіргі таңда күзгі механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.
«Биыл 131 су өлшеуіш посты аттестаттаудан өткізілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 172%-ға артты. Сонымен қатар 3,6 мың га суармалы жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары енгізіліп, 26,8 млн текше метр су берілді. Шаруаларға суға төленетін ақыны төлеу жеңіл болу мақсатында Каспий банктен QR код аштық. Бүгінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы Алматы облысына келген іссапарында берілген тапсырмасына сәйкес, 2027 жылы Билинг жүйесін қолдана отырып, суармалы жерлер мен оған жасалатын келісімшарттарды цифрландыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты кәсіпорын тарапынан әр аудандағы ауылдық округ әкімдерімен және өндірістік бөлімше басшыларымен бірлесіп ауылшаруашылық тауар өндірушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Ғабил Ахметжанов.
Биыл ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «ҚАЗСУШАР» РМК Алматы облысы бойынша Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалы 40 938 га аумаққа шаруа қожалықтарымен 2580 келісімшарт жасалған, керекті су көлемі – 361,414 млн текше метр. Шаруа қожалықтарын сумен қамту 6 өндірістік учаске арқылы жүзеге асқан. Бұл туралы аталған баспасөз мәслихатында Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының директоры Қайрат Бисембаев айтып берді. Оның сөзінше, 2025 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» РМК Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалы объектілерін қайта құру және жаңғырту бойынша 2026-2031 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген. Онда су жолы мен суару жүйелерін қайта жаңғыртуды көздейтін 37 іс-шара қарастырылған. Қазіргі уақытта жол картасы аясында Күрті су қоймасы, Үлкен Алматы каналы, Бас саға, Тасқұтан су көтеру бөгеті, Шелек су торабы және Малайсары дренаждық жүйесі нысандарына жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастырылуда.
Баспасөз мәслихатын түйіндеген «Балқаш-Алакөл» бассейндік инспекциясының басшысы Серік Мейрамбеков су алудың рұқсат етілген көлемі 3 847,020 текше метр болса, биыл бассейн бойынша 2 953,472 млн текше метр су алуға және 288 520 гектарды суаруға 16 233 келісімшарт жасалғанын жеткізді. Сонымен бірге Су кодексінің жаңа нормаларына сәйкес су заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік ұлғайтылып және субъективті су пайдалану фактілеріне жедел жауап беру шаралары күшейтіліп, бассейндік тексерулердің өкілеттігі кеңейтілгенін тілге тиек етті.
Баспасөз мәслихатында сала мамандары өңір тұрғындарын су ресурстарын үнемді әрі ұтымды пайдалануға, суды ысырап етпеуге және суға деген жауапкершілікті арттыруға ерекше назар аударуға шақырды. Себебі суды үнемдеу – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың да игілігі үшін атқарылатын ортақ міндет.

Ерзат АСЫЛ

↑