Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Заң мен тәртіп –қауіпсіз қоғам негізі

Заң мен тәртіп –қауіпсіз қоғам негізі

20 қаралым

Өтеген батыр кентін­дегі Нұрғиса Тілендиев атындағы Іле аудандық Мәдениет үйінде «Менің таңдауым – заң және қаржылық қауіпсіздік» атты форум өтті. Мақсаты – жастар арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалып­тас­тыру, қаржылық сауат­тылық пен қауіп­сіздік мәсе­лелері жөнін­де ақпа­рат беру. Іс-шара бас­тал­мас бұрын Мәдениет үйінің дәлізінде оқушылар ара­сында тоғызқұмалақтан жарыс болып, экономикалық құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жобалар көрмесі ұйымдас­тырылды.

Зал толы қауымды форумның ашылуымен құттықтаған облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Әлібек Төлепбергенов маңызды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан және кәсіби тәжірибесі мен ой-пікірлерін ортаға салуға келген спикерлерге ризашылығын білдірді.
– Экономикалық тергеп-тексеру органдарының міндеті – экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру. Бірақ біздің жұмысымыздың маңызды бағыты – құқықбұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу. Осы тұрғыдан алғанда, халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру – ең тиімді профилактиканың бірі. Қаржылық сауаттылық – өз еңбегіңмен тапқан қаражатыңды қорғау, шешім қабылдар алдында оның заңдылығын тексеру, күмәнді ұсынысқа алданбау және өз құқығыңды білу. Осы жерде заң мен тәртіптің маңызы айқын көрінеді. Адал еңбекпен табылған табыс қана берекелі. Ал оңай әрі тез пайдаға қызығу кейде адамның қаржылық қана емес, құқықтық қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Сондықтан жастарға да, кәсіпкерлерге де заң мен қаржыны білуді, өзін, қорғау қағидасын түсіндіруіміз керек. Ал заң мен тәртіпті сақтау – қоғамды қорғау. Бүгінгі жиында біз тек ақпарат алмасып қана қоймай, заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға және қоғамдағы өзара жауапкершілікті арттыруға өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын, – деген департамент басшысы қатысушыларға мазмұнды пікір алмасу, пайдалы тәжірибе және нәтижелі жұмыс тіледі.
Сахна төрінде Әлібек Есенайұлы форум аясында экономикалық құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ұйымдастырылған жоба байқауында үздіктер қатарынан көрінген топтар мен тоғызқұмалақ жарысының жеңімпаздарын марапаттады. Сонымен қатар жастар арасында құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға үлес қосқаны үшін спикерлерге Алғыс хат табыс етті.
Мінберге шыққан Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов «Заң мен тәртіп» қағидаты әрбір азамат­тың күнделікті жауапкершілігінен басталатынын атап өтті. Бүгінгі цифрлық ортада бұл мәселенің бұрын­ғыдан да өзекті болып отырғанын айтқан әкім цифрлық технологиялардың кең таралуымен қатар алаяқтықтың жаңа түрлері көбейгенін, сол себепті азаматтардың экономика мен қаржы негіздерін және цифрлық дағдыларды меңгеруінің маңыздылығы аса зор екеніне баршаның назарын аударды. Осы орайда жастардың қаржылық сауаттылығын арттырудың тек жеке қауіпсіздік мәселесі емес, қоғамның тұрақтылығы мен экономикалық мәдениетін қалыптастырудың маңызды бөлігі саналатынын тілге тиек етті.
Келесі кезекте заң мен тәртіптің маңызы, қаржылық алаяқтықтың алдын алу, интернеттегі қауіпсіздік және жауапты қаржылық шешімдер қабылдау мәселелері талқыланды. Облыстық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Әлібек Керім «Дропперлік: өзіңді және карталарыңды қорғау әдістері», Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті психология кафедрасының оқытушысы Айдос Ибрагим «Ойын емес, құрақ: бәс тігу мен лутбокстардың зияны», психолог, кәсіпкер Наталья Кравцова «Жасөспірімдерге қаржылық және цифрлық қауіпсіздік» тақырыптарында баяндама жасап, алаяқтықтан қалай сақтану керегін әңгіме арқауына айналдырды. Сонымен бірге «CyberX» ЖШС директоры Батыржан Шакман кибертұрақтылық жөнінде сөз қозғаса, облыс бойынша психологиялық қолдау оқу-әдістемелік орталығының психолог практигі Мөлдір Әміртай вейпинг пен электронды темекі бұйымдарының зияны жөнінде мағлұмат берді.
Форум барысында алаяқтардың әдіс-тәсілдері театрландырылған қойылым арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ ән-жырдан шашу шашылды. Одан кейін қатысушылар Мәдениет үйінің алаңында ойын аппараттары мен адамға кері әсер ететін зиянды заттардың өртелгеніне куә болды. Ұйымдастырушылар жастарды зиянды дүниелерден бас тартып, олардың орнына білімді, спортты, еңбекті және жарқын болашақты таңдауға шақырды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Іле ауданы