Іле ауданындағы Өтеген батыр кентінде жаңа аллея жұрт игілігіне берілді. Аталған нысан балалардан бастап ересектерге дейін уақытын тиімді өткізуге лайықталған. Мұнда балалар ойын алаңы, воркаут аймағы, үстел теннисі мен шахмат ойнауға және демалуға арналған орындар қарастырылған.
Ашылу салтанатында сөз алған Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді. «Ауылдың келбеті ең алдымен тұрғындарға жасалған жағдайдан көрінеді. Сондықтан біз жай ғана аумақты абаттандырып қоймай, тұрғындар күнделікті келетін, балалар ойнайтын, жастар спортпен айналысатын, үлкендер тынығатын орта қалыптастыруға мән береміз. Бұл аллея – тұрғындар үшін жасалған үлкен мүмкіндік. Ендігі міндет – оның тазалығы мен көркін бірге сақтау. Қазір өңірде төрт спорттық алаң салынып жатыр. Биыл бюджеттен абаттандыру жұмыстарына 360 млн теңге қаржы бөлінді. Біз қашанда тұрғындарымызға жайлы орта қалыптастыруға күш саламыз», – деді аудан әкімі. Ал тұрғындардың айтуынша, бұл демалыс орны ауыл өміріне жаңа серпін беріп, жастар үшін қолайлы әрі жайлы орынға айналмақ.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Іле ауданы

