Ел қорғаны болу – ер азаматқа жүктелген үлкен жауапкершілік. Отан алдындағы борышын өтеу – жас жігіттің азаматтық ұстанымын шыңдап, тәртібі мен төзімін қалыптастыратын маңызды кезең. Қазір елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр.
Биыл Алматы облысынан 18 бен 27 жас аралығындағы 1905 жас мерзімді әскери қызметке аттанады. Олар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде Отан алдындағы борышын өтемек. Күзгі шақырылым басталғалы облыстық әскери жиын орнына жиырмадан астам болашақ сарбаз келіп, медициналық тексеруден өтті. Жас жігіттердің денсаулық жағдайы жан-жақты қаралып, әскери қызметке жарамдылығы анықталуда. Талапқа сай іріктеуден өткен азаматтар алдағы күндері әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Алматы облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мерзімді әскерге жіберу басқармасының бастығы Мұхтар Айтқазиннің айтуынша, қазіргі таңда әсіресе Шекара қызметіне баратын сарбаздарды іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Ол өз сөзінде:
— Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Шекара қызметіне іріктеу жүріп жатыр. Шақырылушылар полиграфиялық және психологиялық тесттерден өтеді. Сонымен қатар аудандық және облыстық деңгейде медициналық сараптамадан өткізіледі. Қазіргі таңда жастардың денсаулық жағдайы жақсы, – дейді Мұхтар Айтқазин.
Биылғы шақырылымның тағы бір ерекшелігі – әскерге шақыру үдерісінің цифрлық жүйеге көшуі. Әрбір шақыру орталығында «E-Medтексеру» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. Бұл медициналық тексеру барысында бұрынғы қағазбастылықты азайтып, азаматтардың денсаулығына қатысты мәліметтерді бір жүйеге жинақтауға мүмкіндік береді.
Жас сарбаздардың медициналық деректері электронды базаға енгізіліп, қажетті ақпарат жүйеленеді. Мұндай жаңашылдық әскерге шақыру үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттырып, медициналық тексеру нәтижелерін жинақтауды жеңілдетеді.
Әскер – тек қару ұстап, сапта тұру емес. Ол – жауапкершілікке үйрететін, тәртіпті қалыптастыратын, кез келген жағдайда сабыр сақтауға баулитын өмір мектебі. Сондықтан Отан алдындағы міндетін өтеуге аттанған әр жас жігіт бұл кезеңнен үлкен тәжірибе жинап, азамат ретінде шыңдалып қайтары сөзсіз.
Сала қызметкерлерінің айтуынша күзгі әскерге шақыру науқаны 1 қыркүйектен 30 желтоқсанға дейін жалғасады.
Құралбек СӘБИТҰЛЫ