Дүниежүзілік тазалық күніне орай Ұйғыр ауданындағы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жастары тазалық жұмыстарына белсене қатысты. Олар белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартып, айналаны ретке келтіріп, абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
Жастардың мұндай бастамаға білек сыбана араласуының мәні бөлек. Өйткені тазалық бір күндік науқанмен шектелмеуі керек. Өз ауласына, көшесіне, ауылына ұқыптылықпен қараған адам туған жердің қадірін де жақсы түсінеді. Табиғатты таза ұстау үшін міндетті түрде үлкен мүмкіндік қажет емес. Қоқысты кез келген жерге тастамау, отырған орныңды жинап кету, айналаға немқұрайды қарамау – күнделікті дағдыға айналуға тиіс қарапайым әрекеттер. Осындай жауапкершілік әр адамнан басталғанда ғана ауылдың да ажары кіріп, қоршаған орта да таза болады.
Бұл күні «Жасыл ел» жастарының жасаған жұмысы да осы қарапайым қағиданы тағы бір еске салды. Туған жердің тазалығы – бір мекеменің немесе бір топ жастың ғана міндеті емес. Ол – осы жерде өмір сүріп отырған баршамызға ортақ іс.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы