Перейти к содержимому

Жеңімпаз шабандоздарға құрмет

43 қаралым

         Қырғыз елінде өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылардың арасында  Жамбыл ауданынан барған жастар да бар. Оларды, жаттықтырушылары мен ата-аналарын аудан әкімі Нұрлан Ертас арнайы қабылдады.

         Жүзден астам елден үш мың спортшы қатысқан дүбірлі додада Қазақстан құрама командасында өнер көрсеткен жамбылдық шабандоздар ат жарысынан бірнеше алтын, күміс және қола медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етуге өз үлестерін қосты. Кездесуде аудан басшысы спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, халықаралық деңгейде ел мерейін асқақтатқан жеңістері үшін алғыс білдірді.

         – Сіздер жарыс жолында жоғары спорттық шеберлік танытып, Көк Туымызды биікке көтердіңіздер. Әрбір жеңістеріңіз арқылы халқымыздың ұлттық рухын, көшпенділер мәдениетін және ата-бабамыздан мирас болған спорттық дәстүрлерімізді әлемге паш еттіңіздер. Бұл – өңіріміз үшін үлкен мақтаныш, – деді Нұрлан Ертасұлы.

         Аудан басшысы әрбір жеңістің артында спортшылармен қатар жаттықтырушы, атбегі және ата-аналардың қажырлы еңбегі жатқанын атап өтті. Салтанатты қабылдау барысында жеңімпаз балаларға, жаттықтырушылары мен ата-аналарына ризашылығын білдіріп, барлығын Алғыс хатпен марапаттады.

         Айта кетсек, аталған халықаралық жарыста Қазақстан спортшылары 76 медаль жеңіп алды, оның 32-сі алтын. Отандық атбегілер үкілеп қосқан сәйгүліктер аламан, топ, құнан бәйгеде тамаша нәтиже көрсетті. Жамбыл ауданынан барған шабандоздар ат жарыс түрлерінен топ жарды.  

         Атап айтқанда, көшпенділер ойындарының Аламан бәйгесінде Сұраншы батыр ауылындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрасыл Бекбатыр І-орынды жеңіп  алып, ел мерейін үстем етті. Тақымы мықты тағы бір шабандоз – Санжар Өмекей. Ол Ұзынағаш ауылындағы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектептің 5 «Б» сыныбында оқиды. Шынашақтай ғана Санжар сол жолы атқа екі рет шауып, құнан бәйгеде І-орын, ал топ бәйгеде ІІ-орын иеленді. Құнан бәйгедегі күміс жүлдені Сүйінбай атындағы орта мектебінің 9 «Ә» сынып оқушысы, 15 жасар Төлеген Асылжан алды. Сондай-ақ Тарғап ауылындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Әлижан Мансұр құнан бәйгеде ІІІ-орын иеленіп, қола медальға қол жеткізді.

         Ат құлағында ойнаған балалардың ата-аналары, бапкерлер және мектеп ұжымдары мұны зор мақтаныш етуде.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑