Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жоғары оқу орны түлектеріне – мемлекеттік қызметке жаңа мүмкіндік

Жоғары оқу орны түлектеріне – мемлекеттік қызметке жаңа мүмкіндік

27 қаралым

Мемлекеттік қызметке талантты, білімді және білікті жастарды тарту – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта жоғары оқу орындарын жақсы үлгеріммен тәмамдаған түлектерге мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндіктері ұсынылып отыр.

Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 19 мамырдағы №290 Заңымен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, конкурс өткізбестен мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі кеңейтілді.
Атап айтқанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын уәкілетті орган белгілеген деңгейден төмен емес үлгерім көрсеткішімен, яғни GPA – кемінде 3,33 деңгейімен аяқтаған түлектер оқуын тәмамдаған күннен бастап бір жыл ішінде конкурс өткізілместен әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналаса алады.
Бұған дейін мұндай мүмкіндік негізінен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алған түлектерге қарастырылса, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап аталған талап ақылы негізде білім алған, алайда GPA көрсеткіші кемінде 3,33 болатын түлектерге де қолданылады. Бұл – жоғары оқу орындарының түлектері үшін мемлекеттік қызметке кіру жолын кеңейтетін маңызды жаңалық.
Аталған мүмкіндік аудан немесе облыстық маңызы бар қала әкімдері мен мәслихаттары аппараттарының төменгі лауазымдарына, аудан және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарының басшы емес лауазымдарына, сондай-ақ аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының басшы емес лауазымдарына орналасуға қатысты қолданылады.
Сонымен қатар орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аудандардағы немесе облыстық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелерінің басшы емес лауазымдары да осы талаптар аясында қамтылады.
Бұл мүмкіндік жастар үшін ғана емес, жергілікті мемлекеттік басқару жүйесі үшін де маңызды. Себебі оқу орнында жоғары нәтижеге қол жеткізген, білімі терең, жаңа ортаға тез бейімделетін жастарды мемлекеттік қызметке тарту – мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметке орналасудың жеңілдетілген тәртібі жастардың өз білімін ел игілігіне жұмсауына, туған өңірінде еңбек етуіне және мемлекеттік басқару саласында кәсіби жолын бастауына мүмкіндік береді.
Бүгінде бұл тетіктің тиімділігі нақты көрсеткіштермен де көрініс тауып отыр. 2023 жылдан бастап республика бойынша аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз 1097 түлек тағайындалған. Оның ішінде 93 түлек Алматы облысында мемлекеттік қызметке орналасты.
Бұл – мемлекеттік қызметке білімді жастарды тарту бағытындағы жұмыстың нәтижелілігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Мемлекеттік қызмет – тек жұмыс орны ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға, халықпен тікелей жұмыс істеуге және қоғам игілігі үшін еңбек етуге мүмкіндік беретін жауапты қызмет.
Сондықтан білімді, ізденімпаз және ел болашағына бейжай қарамайтын жастарды мемлекеттік қызмет саласында өз мүмкіндіктерін сынап көруге шақырамыз.
Жоғары GPA – енді мемлекеттік қызметке бастайтын мүмкіндіктердің бірі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Алматы облысы бойынша
депаратаментінің мемлекеттік қызмет
басқармасының басшысы
Ерлан АЙЗАДА