Күн сайын жаңалықтар легі жол-көлік оқиғалары туралы хабарламаға толы. Олардың әрқайсысының артында бүлінген тағдыр, адамның денсаулығы мен материалдық шығын тұр. Жолдағы қауіпсіздік – күнделікті тәртіптің нәтижесі. Жол асығыстықты кешірмейді. Статистика бойынша, апаттардың 85%-ы адам факторының салдары, жол қозғалысы ережелерін саналы түрде бұзудан орын алады. Сонда көшелер мен күре жолдарды қалай қауіпсіз етуге болады?
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналған шаралар кешенін қамтиды. Апатты болдырмаудың негізгі қағидалары жылдамдық режимін сақтау, мас күйінде көлік жүргізуден бас тарту, қауіпсіздік белдігін пайдалану және жоғары қырағылықты сақтаудан тұрады.
– Соңғы кездердегі жол-көлік оқиғаларын сараптау олардың орын алуындағы негiзгi себептер – белгiленген жылдамдық режимiнен асып кету, көлiк құралдарын мас күйiнде жүргiзу, қауiптi маневр жасау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, сондай-ақ қозғалыстың басқа қатысушыларына жол бермеу екенін көрсетті. Жол-көлік оқиғаларын болдырмау, қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында Талғар ауданының әкімшілік полиция бөлімі 85 шақырым жолды тексеріп, 39 ұйғарым берді, – дейді Талғар аудандық әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция капитаны Тимур Сағатов.
Оның айтуынша, аудан әкімінің атына қосымша бағдаршам, жасанды жол қоршаулары мен жол белгілерін орнату қажеттігі туралы хат жолданған. Қабылданған шаралар аудандағы жағдайды бақылауға, криминалдық жағдайдағы өзгерістерге дер кезінде ден қоюға және құқықбұзушылықты азайтуға мүмкіндік береді.
Жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Талғар аудандық ӘПБ мемлекеттік көлік инспекторлары биылғы жылдың 5 айлық көрсеткіші бойынша Талғар ауданында 1114 шақырым жолға тексеру жүргізіп, тиісті мекемелерге 131 ұйғарым берген. Сонымен бірге жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жолдарды күтіп ұстау бойынша талаптардың сақталуын бақылау үшін қосымша 13 хат жолданған.
– Биылғы жылдың 5 айында жолдарды күтіп ұстау бойынша талаптарды сақтамау фактілері бойынша 40 әкімшілік хаттама жасалды. Соның ішінде ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 462-бабының 3-бөлігі, әкімшілік хаттаманың 2-бөлігі бойынша Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің бас маманына, қала әкімінің орынбасарына, осы кодекстің 631-бабы 1, 2 және 1-1-тармақтары бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесінің бас маманына – 1, «Алматы жолдары» ЖШС директорына – 3, Талғар аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесінің бас маманына – 1, Талғар қаласы әкімінің міндетін атқарушы тұлғаға – 1, Бесқайнар ауылдық округінің әкіміне – 1, басқа тұлғаларға 18 әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 617-бабының 1-бөлігіне сәйкес «Думан Транс», «Тұлпар Экспресс» және «Самат Инженер» ЖШС директорларына – 8, осы кодекстің 630-бабы, 1-бөлігіне сәйкес – 2, жеке тұлғаларға – 2 әкімшілік хаттама толтырылды.
Аталған мекеме басшылары мен жеке тұлғалар заң талаптары мен тәртіп қағидаттарына сәйкес, көрсетілген кемшіліктерді дер кезінде жою жөнінде тиісті шешім қабылдап, нақты жұмыстар атқарылса, ауданымызда жол-көлік оқиғалары анағұрлым азаятыны анық, – дейді капитан Тимур Сағатов.
Бұл шаралардың нәтижесі болады деп сенеміз. Десек те, көлік жүргізушілерімен бірге жаяу жүргіншілер де жол ережелерін, заң мен тәртіп талаптарын сақтап, барынша сақ болғандары дұрыс.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы