Жол қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік. Жолдағы бір сәттік немқұрайдылық немесе белгіленген жылдамдықты сақтамау орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Осыған орай Райымбек ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жылдамдықты азайт, өмірді сақта!» акциясы өтті.
Акция барысында полиция қызметкерлері жол бойында көлік жүргізушілерін тоқтатып, жол қозғалысы ережелерін сақтау, қауіпсіздік талаптарын орындау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға Райымбек ауданының прокуроры Ерлан Қасымбаев қатысып, жол ережесін сақтаудың маңыздылығына назар аударды.
Аталған шара тек көлік жүргізушілерін қамтып қана қоймай, мектеп оқушылары арасында да жалғасын тапты. Оқушыларға жолдан өту кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, жаяу жүргіншілер өткелін пайдалану, жол белгілеріне назар аудару және жол бойындағы сақтық шаралары түсіндірілді.
Жол қауіпсіздігі туралы білімді бала кезден қалыптастыру жазатайым оқиғалардың алдын алады. Себебі бала үшін жолдағы әр белгі, әр ереже қауіпсіздікке бастайтын маңызды нұсқаулық.
Тәртіп тек полиция қызметкерлерінің бақылауымен қалыптаспайды. Ол әр азаматтың саналы әрекетінен басталады. Рөлге отырған жүргізуші өзінің ғана емес, жолаушылар өміріне де жауапты. Сол секілді жаяу жүргінші де жол ережесін сақтап, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға тиіс.
«Жылдамдықты азайт, өмірді сақта!» акциясының басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздік мәдениетін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Бірнеше минутты үнемдеу үшін асығудың адам өміріне төндіретін қаупі зор. Сондықтан жолда сабыр сақтап, белгіленген талаптарды орындау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның берік негізі. Ал жолдағы тәртіп – осы қағидаттың күнделікті өмірдегі нақты көрінісі. Қайда бара жатсақ та, басты мақсатымыз біреу болуы керек: жолға шыққан әр адам өз үйіне аман-есен оралсын!
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы