Перейти к содержимому

ЖОЛ – ТІРШІЛІКТІҢ КҮРЕТАМЫРЫ

23 қаралым

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауы мен келелі жиындарда көлік жолдарын салу мен жөндеу мәселесіне ерекше назар аударады. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығының бірі ретінде белгілеген автомобиль жолдарын жөндеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында облыс көлемінде ауқымды жұмыс қолға алынуда. Биыл ұзындығы 50 шақырым болатын облыстық маңызы бар үш жол учаскесінде күрделі жөндеу жұмысы аяқталады.

«Есік – Саймасай» автожолының 11,8 шақырымына асфальтбетон жабыны толық төселді. Сол секілді «Алмалыбақ – Жетісу» автожолының 18,1 шақырымындағы жөндеу 70%-ға «Алматы-1– Шамалған стансасы – Ұзынағаш» автожолының 19,5 шақырымындағы жұмыс 65%-ға орындалды. Сондай-ақ Қарасай ауданындағы Қаскелең өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өтіп, нысан пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданындағы Үлкен Алматы арнасы маңындағы автомобиль жолының 54,8 шақырымында орналасқан Түрген өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту жұмысы жалғасуда. Су шайып кеткен өткелді қалпына келтіруге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ұзындығы 23,4 шақырым болатын 6 учаскеде орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде. Оның 3 нысаны 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.
Жолдарды күтіп-ұстау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыс атқарылуда. Қазіргі уақытта бұл жұмыстарға 6 мердігер ұйым, 151 арнайы техника және 164 жұмысшы жұмылдырылды. Бүгінде облыстық маңызы бар жолдарда 800 шақырым жол таңбасы жаңартылып, 65 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 480 жол белгісі, 2,5 шақырым темір қоршау және 42 автобус аялдамасы орнатылды.
Аудандық деңгейдегі көше-жол желісін дамыту бойынша биыл 142 жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында жалпы ұзындығы 666 шақырым жолды қамтитын жөндеу жұмысы жоспарланған. Оның ішінде 510,6 шақырымды биыл аяқтау, 155,4 шақырымды 2027 жылға өтпелі жоба ретінде іске асыру көзделген. Қазіргі уақытта 322,4 шақырым жол жөнделді. Бұл –биылға жоспарланған жұмыстың 63%-ы.
Жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстың орындалу деңгейі Қарасай ауданында – 78%, Іле ауданында – 77%, Жамбыл ауданында – 75%, Еңбекшіқазақ ауданында – 70%. Сонымен қатар Іле ауданындағы «Боралдай – Шіліккемер» автомобиль жолының екі учаскесінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу стансалары орнатылуда. Желтоқсан айында аяқталуы жоспарланған жобаның орындалу деңгейі 70%-ды құрап отыр.
Облыста жол инфрақұрылымын жаңарту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жоспарға сәйкес жалғасуда. «Жол қадірін жүрген білер» дегендей, мұндай игі шаралар жол-көлік оқиғаларының болуын азайтып, жолаушылар мен жүк тасымалының діттеген жеріне уақытында жетуіне септігін тигізетіні анық.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ