Алматыда жол сапасын бақылау күшейтілді. Биыл «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК қалалық филиалы 68 нысанға 349 рет тексеріс жүргізіп, 918 сынама алды. Оның 214-і нормативтік талаптарға сәйкес келмеген.
Бұдан бөлек, жолдың геометриялық көрсеткіштері бойынша 83 ақау анықталып, оның 32-сі қалпына келтірілді.
Мамандар жолды тек дайын болғаннан кейін тексермейді. Асфальтбетон зауыттарынан шығарылатын материалдар жолға төселмей тұрып зертханалық бақылаудан өтеді. Құрылыс барысында асфальттың температурасы, қабаттың қалыңдығы мен тығыздығы тексеріледі.
Жол төсемі қатайғаннан кейін арнайы керндер алынып, зертханада беріктігі, тығыздығы, қалыңдығы мен құрамы анықталады.
Бақылау жұмыстарына SRDS цифрлық диагностикалық жүйесі, мобильді зертханалар және лазерлік жабдықтар тартылған. Ал QR-кодтау мен KazRoadLab жүйесі сынамаларды тіркеу мен зерттеу нәтижелерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Талапқа сәйкес келмеген жұмыс үшін мердігер жауап береді. Анықталған ақаулар оның өз қаражаты есебінен түзетіледі. Кепілдік мерзімі ішінде пайда болған кемшіліктер де мердігердің жауапкершілігінде.
Алматының басты магистральдары мен көшелерінің техникалық-пайдалану көрсеткіші 2025 жылы 93% болды. 2026 жылғы мақсат — 95%.
Яғни Алматыдағы жол сапасының басты өлшемі — асфальттың қанша шақырым төселгені емес, оның қаншалықты сапалы төселгені.