Қаскелең қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің кезекті жылыту маусымына дайындығы Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің ерекше бақылауында. Жұмыс барысы туралы «Алматыоблжылу» МКК өкілі, Қарасай ауданы өндірістік учаскесінің бастығы Марат Әбікен айтып берді.
«Алматыоблжылу» мекемесінде шамамен 150 адам еңбек етеді, оның ішінде тікелей Қарасай ауданында 25 қызметкер бар. Олар бірлесіп, он қазандыққа қызмет көрсетеді. Қазандықтарды жылыту маусымына дайындау жұмыстары аудандық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Тапсырыс беруші – Қарасай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.
Марат Әбікеннің айтуынша, барлық жұмыс сапалы әрі жоспарланған мерзімде жүргізілуде. «Алматыоблжылу» қызмет көрсететін көпқабатты тұрғын үйлерде жылыту маусымы штаттық режимде өтеді. «Алтын ауыл» шағынауданында орналасқан ең ірі қазандықтың қарамағында 20 көпқабатты үй бар. Мұнда жылыту жүйелерін жаңғырту жұмыстары биылғы жылдың 2 қыркүйегінде басталды. Оларды осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Әрқайсысының қуаты 2000 кВт болатын төрт қазандықты ауыстыруға қол жеткізілген. Оның біреуі – гибридті қазандық, ол табиғи газбен де, дизель отынымен де жұмыс істей алады.
– «Алтын ауыл» шағынауданында суды химиялық тазартудың жаңа жүйесі орнатылғаны да аса маңызды, – дейді Марат Мұхамедұлы. – Ол суды дайындау және тазарту үшін қажет. Бұл қазандықтар мен құбырларды қақтан, тоттан және мерзімінен бұрын істен шығудан қорғауға мүмкіндік береді.
Он бес көпқабатты үй орналасқан «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінде «Алматыоблжылу» кәсіпорнының мамандары жұмысты биылғы жылдың 26 тамызында бастады. Осы айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Ең алдымен, мұнда қуаты 3,5 мың кВт болатын төрт қазандық ауыстырылды және бесінші қазандықты орнату көзделіп отыр. Жаңа түтін мұржаларын – бұрынғылардан биігірек әрі диаметрі едәуір кең құбырларды орнату жұмыстары жүргізілді. Желілік және қазандық сорғылары қайта дәнекерленді, жаңа кабельдер тартылды, сондай-ақ қазандықтардың жұмысын жақсартуға қажетті бес жылу алмастырғыш орнатылды.
Дәл осы жерден құрылғыларды басқару, яғни сорғыларды, қазандықтар мен бойлерлерді қосу және өшіру жүзеге асырылады. Сонымен қатар электр қалқаны жүйені қызып кетуден, қысқа тұйықталудан және кернеудің күрт өзгеруінен қорғайды. Ол сырттағы ауа райына байланысты судың қызу деңгейін реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ үйдің немесе пәтердің қанша жылу тұтынғанын өлшейтін жылу есептегіштері орнатылған. Автоматты ажыратқыш қазандық жабдықтарын істен шығудан қорғайды, ал термореттегіш құбырдағы температураны көрсетеді.
– Алдағы күндері жылыту жүйесін сығымдау сынағынан өткіземіз, – деді Марат Мұхамедұлы. – Бұл – құбырлардың, батареялардың және тораптардың беріктігі мен герметикасын тексеру үшін жоғары қысыммен жүргізілетін гидравликалық сынақ. Сығымдау жұмыстары ықтимал ақауларды – жарықтарды, нашар жалғанған тұстарды алдын ала анықтап, дер кезінде жоюға мүмкіндік береді. Бұл жылыту маусымы кезінде апаттың алдын алу, желіге түсетін жүктеме ең жоғары болатын қатты аяз кезінде құбырлардың жарылуы мен су басудан қорғау үшін өте маңызды.
«Арнау» тұрғын үй кешеніне келетін болсақ, мұнда жылыту жүйелері жуылып, қазандықтар тазартылған. Жылыту маусымының басталуына барлығы дайын. Қалған жеті шағын қазандыққа қатысты айтсақ, бүгінгі таңда оның біреуі ғана дайын емес. Ол Жанкөзин көшесі, 75/1 мекенжайындағы екі үйді жылытады. Мұнда қуаты 233 кВт болатын жаңа қазандық орнатылуда. Жұмыстар жақын арада аяқталады.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы