Перейти к содержимому

Зор сенімге ие

19 қаралым

Халық саны еселеп артып келе жатан Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын азық-түлік­пен қамтамасыз етуде Қарасай ауданы­ның қосып отырған үлесі қомақты. Бұл қатарда тауық еті мен жұмыртқа өндіретін «Global Logistik Compani» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де үлесі бар.

Жібек жолы ауылдық округінен екі гектар жер телімін алып, зауыт құрылысын жүргізген аталған компания 2024 жылдан бастап өз өнімдерін нарыққа шығара бастаған. Мұнда бүгіндері 40 мың балапанды күтіп, баптайтын ғимарат пен жұ­мыртқа шығаратын 10 мың тауыққа арналған тағы бір цех жұмыс істеп тұр. Ал алдағы уақытта 10 мың балапан баптауға қабілетті тағы бір ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Өндіріске қажетті бір күндік балапандар негізінен Өзбекстан мен Ресейден жеткізіледі. Ал оны жұмыртқадан басып шығару үшін арнайы инкубаторлар ашу қажет. Бағасы қолжетімді әрі тез жеткізілетін болғандықтан осы мемлекеттермен байланыс орнатылған. Өнім беруге қабілетті 10 мың тауықтан күніне 8 мың жұмыртқа шығарылып, негізінен Қарасай мен Жамбыл ауданының тұтынушыларына жол тартады. Ал тауықтардың жасы ұлғая бастаған­да оларды етке жіберу дәстүрге айналған.
– Үнемі дәрумендері мол жеммен қоректенетін біздің тауықтардың еті сапасы мен құрамы жағынан әйгілі бройлер тауықтарынан дәмділігімен ерекшеленеді. – дейді кәсіпорын директоры Ернар Елубаев. – «Алтын жұмыртқа» брендімен өндірілетін өнімдеріміз тұтынушылардың зор сеніміне ие болған. Сондықтан өндірілген жұмыртқаны өткізу жөнінде ешқандай қиындықтар кездеспейді. Үй тауықтары бір жылда 120 жұмыртқа беретін болса, біздің тауықтар 220-230 жұмыртқаға дейін тууға қабілетті. Жер көлемі әзірге осы мөлшерде құс ұстауға мүмкіндік береді. Алдағы уақыттарда мемлекет тарапынан субсидия алатын болсақ, өндірісті ұлғайту жоспары да бар, – дейді ол.
Кәсіпорында бүгіндері тұрақты түрде 8 адам еңбек етеді. Қажет болған жағдайда жалдамалы жұмысшылар алу қарастырылған. Осылайша аз күшпен көп әрі күнделікті тұрмыста аса қажет азық өнімін өндіру жақсы жолға қойылған.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы