Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / 312 жаңа мәдениет нысаны: Қазақстанның мәдениет саласындағы жеті жылдағы өзгерістер

312 жаңа мәдениет нысаны: Қазақстанның мәдениет саласындағы жеті жылдағы өзгерістер

99 қаралым

Кейінгі жеті жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде мәдениет саласын дамыту, ұлттық мұраны сақтау, отандық өнерді қолдау және мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Осы кезеңде елімізде театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлерін қоса алғанда, 312 жаңа мәдениет нысаны салынды. Сонымен қатар қолданыстағы нысандар жаңғыртылып, материалдық-техникалық база жаңартылды. Өңірлерде мәдени қызмет көрсету аясын кеңейтуге де басымдық берілді.

Кітапхана ісі мен шығармашылық білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Кітапханаларды 2027 жылға дейін жаңғырту жөніндегі Жол картасы іске асырылып, бүгінде өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Алматыда шығармашылық оқу орындарының студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды. Петропавлда Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылса, Шымкентте Мәдениет және өнер университетін құру жұмыстары қолға алынды.

🔹Театр өнерінің дамуы

Кейінгі жеті жылда театр өнерінде де бірқатар маңызды өзгеріс болды. Астана, Атырау, Қызылорда және Шымкент қалаларында бес жаңа мемлекеттік театр құрылды. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театр, Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы театр және Түркістан музыкалық драма театры жаңа ғимараттарға көшті.

Қазір Ақтөбе мен Қонаев қалаларында театрлардың құрылысы жүріп жатыр. Шымкент, Қызылорда және Семей қалаларында жаңа театр салу жобалары пысықталуда. Мұхтар Әуезов және Наталия Сац атындағы театрларды жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді.

Жетекші мәдени ұйымдардың мәртебесін көтеруге маңызды қадам жасалды. Кейінгі алты жылда республикалық 10 мекемеге «Ұлттық», республикалық және өңірлік тағы 10 ұйымға «Академиялық» мәртебесі берілді. Сондай-ақ отыз жылға жуық уақыттан кейін «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы қайта тағайындалды.

Отандық театрлардағы репертуар да жаңа туындылармен толықты. Театр сахналарында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Алтын гүл», «Ақбала» балеттері, «Жошы хан» тарихи драмасы және «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьералары өтті. Сонымен қатар «Гүлдер» ансамблі қайта құрылып, Мемлекеттік классикалық гитарашылар квинтеті мен көпұлтты «Бірлік» ансамблі құрылды.

🔹Музейлерді жаңғырту және мәдени мұраны сақтау

Музей ісінде де елеулі өзгерістер болды. Еліміздегі музейлер саны 36-ға артып, 250-ден 286-ға жетті. Музей қорлары 68 669 сақтау бірлігімен толықты.

Бес визит-орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олар: Алматы облысындағы «Таңбалы», Түркістан облысындағы «Отырар», «Ордабасы», Ұлытау облысындағы «Ұлытау» және Атырау облысындағы «Сарайшық» визит-орталықтары.

Жаңа визит-орталықтарды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Олардың қатарында Түркістан облысындағы «Сауран», «Гауһар ана» және Алматы облысындағы «Есік» бар.
Екі музейде «Алтын Орда» залдары ашылды. Сондай-ақ Палеонтология залы мен Қолөнершілер орталығы жұмысын бастады.
Ірі жобалардың бірі – ашық аспан астындағы «Бозоқ» археологиялық паркі. Бұдан бөлек, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

Музей қорларын цифрландыру жұмыстары да жаңа қарқын алды. 2025 жылы еліміздегі 284 музей туралы мәліметті қамтитын E-museum платформасы іске қосылды. Цифрлық каталогқа 66 мыңнан астам музей жәдігері енгізіліп, 750 үшөлшемді модель мен 15 виртуал тур әзірленді.

Қазақстан музейлерінің шетелдік әріптестерімен байланысы да кеңейді. Отандық музей қорларындағы құнды жәдігерлер Ресей, Италия, Франция, Қытай және Әзербайжандағы көрмелерде көрсетілді. 2025 жылы Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің туындылары Третьяков галереясында қойылса, ұлттық жобалар Венеция биенналесі мен Париждегі Гиме Азия өнері музейінде таныстырылды. 2026 жылы «Қазақстан – Франция 2026» халықаралық Қазақстан музей конгресі – музеология форумы өтті.

Заң жүзінде Түркістанның еліміздің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретіндегі ерекше мәртебесі бекітілді.

↑