Іле ауданында халықаралық жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшылармен кездесу өтті. Салтанатты жиынға әлемдік додалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олардың жаттықтырушылары және демеушілер қатысты.
Биыл Жапонияда өткен Азия ойындарында Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан қола жүлдеге ие болды. Ал Грекияда жасөспірімдер арасында өткен самбо жарысында Айғаным Асылан алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды. Аталған додада Қарақат Рахыбай мен Азамат Байзақов күміс жүлдеге, Мерей Дәулетқан қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ Ахмет Байбек дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, аралас командалық сайыста чемпиондық атақты иеленді.
Кездесу барысында аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов жас спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктерін жоғары бағалап, олардың жеңіске жету жолындағы табандылығын ерекше атап өтті. Спортшыларды биік белестерге жетелеген жаттықтырушыларға кәсіби шеберлігі мен еңбегі үшін алғыс білдірді.
«Сіздердің жетістіктеріңіз – еліміз үшін зор мақтаныш, ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Бұл – қажырлы еңбектің, қайсар мінез бен жеңіске деген жігердің нәтижесі. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, көк Туымызды халықаралық ареналарда желбірете берулеріңізге тілектеспіз», – деді кездесуде аудан әкімі.
Жиында жеңімпаздар мен жүлдегерлер және олардың бапкерлері марапатталды. Демеушілер мен жаттықтырушылар сөз сөйлеп, жас спортшыларға ізгі тілектерін жеткізді.
Ілелік жас спортшылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері – өскелең ұрпаққа үлгі әрі аудан спортының дамуының жарқын көрсеткіші.
Дана Ұзақбай
Іле ауданы
