Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҰРҒЫНДАРЫН АРАНДАТУШЫЛЫҚТАН САҚТАНУҒА ШАҚЫРДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҰРҒЫНДАРЫН АРАНДАТУШЫЛЫҚТАН САҚТАНУҒА ШАҚЫРДЫ

54 қаралым

Қонаев қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің азаматтық бастамаларды қолдау орталығының әлеуметтік жобасын іске асыру аясында «ҚХА «Шаңырақ» кафедралары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Оңтүстік өңірлерде тілдік және этносаралық белгілері бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаудың кез келген түріне жол бермеу» тақырыбында іс-шара өтті. Басқосуға этномәдени бірлестіктер мен азаматтық қоғам институтының өкілдері, журналистер, блогерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, студенттер қатысты.

Шара барысында әлеуметтану саласының сарапшысы Айгүл Ешмағамбетова әлеуметтік желілерде арандатушылыққа қалай жол бермеу керегі жайлы кеңес берді. Арандатушылықтың негізгі белгілеріне дәлелсіз сенсациялық тақырыптар, «біз және олар» қағидаты бойынша әдейі қарама-қарсы қою, этникалық сипаттағы қорлайтын жалпылаулар, контекстен үзіп алынған дәйексөздер, түпнұсқалығы белгісіз фото немесе бейнематериалдар,  «шұғыл түрде таратыңыз» деген үндеулер жататынын тілге тиек етті.   Мұндай жағдайда ең дұрыс тәсіл эмоцияға бірден берілмеу екенін, алдымен ақпараттың дереккөзін, жарияланған уақытын, бастапқы материалын және контекстін тексеру қажеттігін қаперге салды.

Келесі кезекте сарапшы-талдаушы, саяси ғылымдардың докторы Әсем Қайдарова өшпенділік тілін сыннан, келіспеушіліктен немесе пікірталастан қалай ажыратуға болатынын әңгіме арқауына айналдырды.  

– Сын айту, келіспеу және пікірталас – қоғамдық және кәсіби коммуникацияның табиғи элементтері. Адам белгілі бір шешімді, бастаманы немесе әрекетті қатаң сынға ала алады. Мұндай сынның өзі автоматты түрде өшпенділік тіліне жатпайды. Негізгі айырмашылық – пікірдің кімге немесе неге бағытталғанында. Конструктивті сын белгілі бір идеяға, шешімге, әрекетке, саяси ұстанымға немесе нақты жағдайға бағытталады. Өшпенділік тілі талқылауды мазмұн деңгейінен адамның немесе әлеуметтік топтың идентификациясы мен тиесілігі деңгейіне ауыстырады. Белгілі бір этникалық топ өкілдерін олардың этникалық тиесілігіне байланысты тұтастай жағымсыз қасиеттермен сипаттау – стереотиптендірудің көрінісі. Ол өшпенділік тіліне айналуы мүмкін. Сондықтан сараптамалық бағалау кезінде сынның объектісін, жалпылаудың болуын, адамды немесе топты адамгершілік тұрғыдан төмендететін сипаттамаларды, кемсітуге немесе зорлық-зомбылыққа шақыруды және әлеуметтік контексті ескеру маңызды. Ақпаратты таратпас бұрын оны тексеріп, бастапқы дереккөзін анықтау қажет.  Тәуелсіз дереккөздермен салыстырып,  бастапқы құжаттарды, ресми мәлімдемелерді, сараптамалық бағалауларды, журналистік материалдарды және әлеуметтік желідегі пайдаланушылардың жазбаларын бір деңгейдегі ақпарат ретінде қабылдамау маңызды. Жарияланған күнін, географиялық және әлеуметтік жағдайды, фото немесе бейнематериалдың түпнұсқалығын, тақырыптың материалдың нақты мазмұнына сәйкес келуін анықтау керек. Статистикалық ақпаратқа ерекше назар аударған жөн, – деген  спикер өшпенділік тіліне немесе дискриминацияға тап болған жағдайда қалай әрекет ету керек екеніне қатысушылардың назарын аударды. Сонымен қатар құқықтық немесе медиациялық көмек алу үшін қайда жүгінуге болатыны жайлы кеңес берді. Жанжалды күшейтпей, сезімтал тақырыптарды талқылау жолдары, кәсіби ортада құрметке негізделген коммуникацияның қалай қалыптастырылатыны туралы айты.

Әрі қарай жалғасқан іс-шарада этномедиатор Луиза Узарова тренинг өткізді. Қатысушылардың тренингтен алған білімдерін бағалау мақсатында сауалнамалар алынды.

Келелі жиын соңында барлық қатысушыларға сертифиаттар табысталды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑