Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / Алматы облысы жастарына халықаралық білімге жол ашылды

Алматы облысы жастарына халықаралық білімге жол ашылды

70 қаралым

Қонаев қаласында жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, халықаралық деңгейде білім алуына мүмкіндік беретін «Global Exchange – 2026» іс-шарасы өтті. Қалалық орталық кітапханада ұйымдастырылған дөңгелек үстелге халықаралық жоғары оқу орындарының өкілдері, білім саласының мамандары, қала басшылығы мен оқушылар қатысты. Кездесу барысында шетелдік университеттерге түсу жолдары, білім гранттары мен шәкіртақылар, сондай-ақ жастардың халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Іс-шараның басты мақсаты – Қонаев қаласының жоғары сынып оқушыларына шетелде білім алудың қолжетімді жолдарын таныстыру, олардың болашақта мамандық таңдауға деген қызығушылығын арттыру және халықаралық білім кеңістігіне қадам басуына қолдау көрсету. Өйткені бүгінгі білімді жас – ертеңгі ел дамуына үлес қосатын білікті маман.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар халықаралық білім беру жүйесінің ерекшеліктері, шетелдік университеттерге қабылдау талаптары, гранттар мен қаржылық қолдау тетіктері туралы ақпарат алды. Шетелден келген қонақтар оқушыларға білім алу мүмкіндіктерін түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Мұндай кездесулер жастардың өз әлеуетін бағамдап, алдағы оқу бағытын саналы түрде таңдауына жол ашады.
Іс-шараның маңызды бөлігі екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды. Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Файзуллаұлы мен «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының басшысы Марина Марксқызы тиісті құжатқа қол қойды. Бұл келісім қала жастарына халықаралық білім беру жобалары туралы ақпарат жеткізуге, білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және болашақта бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға негіз болады.
Ресми кездесуден кейін шетелдік қонақтарға Қонаев қаласының көрікті орындары таныстырылды. Қонақтар қаланың тыныс-тіршілігімен танысып, «Тұлпар» ретро салонын аралады. Сонымен қатар қала жағажайына барып, өңірдің туристік әлеуетін тамашалауға мүмкіндік алды. Қала бойынша ұйымдастырылған экскурсия қонақтарға аймақ ерекшеліктерін жақын тануға, жергілікті мәдениет пен қаланың келбеті туралы түсінік оң қалыптастыруға жол ашты.
Бағдарламаның келесі кезеңінде оқушылардың жетістіктерін дәріптеуге арналған көрме мен марапаттау рәсімі өтті. Әсіресе ағылшын тілін білу байқауының жеңімпазы Батырхан Серікұлының жетістігі көпшіліктің назарын аударды. Ол Ұлыбританиядағы INTO ұйымының халықаралық IQ Foundation бағдарламасы бойынша білім алуға арналған 4 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Бұл – жас дарынның еңбегіне берілген баға ғана емес, оның болашағына жасалған маңызды инвестиция.


Сондай-ақ білім мен ізденісте үздік нәтиже көрсеткен Омар Нәубетбай, Кәусар Қалдыбек, Нелли Горбачева, Аделя Романова, Ботагөз Рүстемқызы, Әдемі Ерзат, Ақерке Исаева, Томирис Ахият және Ақсана Орынтай арнайы дипломдармен марапатталды. Олардың жетістігі қатарластарына үлгі болып, білімге деген құлшынысын арттыра түсті.
Салтанатты рәсім мерекелік концертке ұласты. Өнер көрсеткен қатысушылар кештің мазмұнын байытып, жиынға ерекше көңіл күй сыйлады.
Осылайша «Global Exchange – 2026» іс-шарасы Қонаев жастары үшін халықаралық білім беру мүмкіндіктерін таныстырып қана қоймай, білімге ұмтылған оқушылардың еңбегін бағалауға арналған маңызды алаңға айналды. Шетелдік оқу орындарының өкілдерімен байланыс орнату, гранттық бағдарламалар туралы нақты ақпарат алу және үздік оқушыларды ынталандыру – жастардың болашағына бағытталған игі қадам.
Білім шекараға бағынбайтын заманда осындай бастамалар жас ұрпақтың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ал сол мүмкіндікті пайдаланып, мақсатына жету – білімге құштар әр жастың өз қолында.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
Қонаев қаласы

↑