Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың тиімділігін дәлелдеген кәсіпорындардың бірі – «AmigoSan» ЖШС. Аталған кәсіпорын 2023 жылы құрылған. Компания директоры Елена Ханның айтуынша, ол отбасындағы қызығушылығын бизнес идеяға айналдырып, өндірістің негізін қалағанын жеткізді.

«Бастапқыда біз бес адамнан құрам тапқан шағын команда жасақтап, «AmigoSan» тұздықтарын нарыққа шығара бастадық. Осылай нарықты зерттеп, тұтынушылардың қажеттіліктерін талдап, олқылықтарды анықтадық. Әртүрлі елдердің технологиясын пайдаланып, өз дәмдеруіштермізді жасап, өнім түрлерін кеңейттік. Бүгінде біртіндеп толыққанды тұздық өндіретін кәсіпорынға айналып келеміз. Биыл кәсіпорынымыз 1000 тоннадан астам өнім өндіріп, отандық тұздық өндірісін дамытуға үлес қосты. Қазір 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Біздің тағы бір артықшылығымыз жыл сайын тұздық өндіруге арналған бұрыш пен басқа да шикізат өсіретін өз егістіктеріміздің болуы. Бұл бізге өз шикізат базамызды дамытуға және ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Компания өнімдері халал және ISO 22000 сертификатына ие. Бұл өнімдеріміздің азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растайды. Біз үшін тек тұздықтарды өндіру ғана емес, сонымен қатар отандық өндірісті дамыту, тұтынушыларға жоғары сапалы қазақстандық өнімді ұсыну маңызды. «Даму» қорының қолдауы отандық бизнестің дамуына қосқан елеулі үлесі саналады. Біз үшін бұл қолдау алға жылжу, өз өндірісімізді дамыту және қазақстандық өндірушілердің позициясын нығайту мүмкіндігін білдіреді. Қазір біз еліміздің нарығынан өзге Өзбекстан мен Қырғызыстанға да өз өнімдерімізді экспорттай бастадық», – дейді «AmigoSan» ЖШС директоры Елена Хан.


Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ
Ерзат АСЫЛ
Іле ауданы
