
Қарасай ауданының Жармұхамбет ауылында ірге тепкен «Almaty Turmystyq Tehnika Zavody» ЖШС еліміздегі заманауи тұрмыстық техника өндіретін алғашқы зауыт саналады. Кәсіпорын 2021 жылы ашылды. Жобаның мақсаты – ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және осы стратегиялық маңызды импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге қабілетті тұрмыстық техниканың толыққанды, тәуелсіз өндірісін құру. Бүгінгі таңда кәсіпорын газ және электр плиталарын, пештерді және шағын пештерді шығарады. Алдағы уақытта жаңа бағыттар, яғни тоңазытқыштар, мұздатқыштар, асүй сорғыштары мен теледидарлар шығару жоспарлануда.

Жоба «Даму» қорының субсидияларын тарта отырып, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қолдауымен іске асырылуда. Өндірістік қуаттар кезең-кезеңімен дамуда. Осылай жыл сайын жаңа жоғары технологиялық цехтар, оның ішінде металл өңдеу, автоматтандырылған сырлау, эмальдау цехтары, полистирол көбік қаптамасын өндіру учаскесі пайдалануға берілген. Жоспар бойынша «Almaty Turmystyq Tehnika Zavody» ЖШС келер жылы 200 мың өнім өндіруді көздеп отыр.

«Бүгінгі таңда зауыт өнімдері Technodom, Sulpak, Mechta, Fora және т.б. сияқты елдің ірі сауда желілерінде сатылымға шығарылған. Сондай-ақ, бес фирмалық сауда нүктелерінің желісі жұмыс істейді. Біз қазақстандықтардың өз елінде өндірілген сапалы, сенімді және бәсекеге қабілетті тұрмыстық техникаға қол жеткізуіне ұмтыламыз», – деді ЖШС директоры Арсен Үштаев.

Көзіміздің жеткені сол мұндай іргелі зауыттың іске қосылуы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін технологиялық жаңғыртуға және нығайтуға бағытталған мемлекеттің, кәсіпкерліктің табысты әріптестігінің жарқын үлгісі екені анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылығы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін арттырып, осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмайтынымызды ашып айтқан болатын. Бүгінде «Даму» қорының қолдауы өңірлік экономиканың дамуына өзіндік үлес қоса бастады. Алматы облысының кәсіпкерлері үшін ол өсудің, жаңғыртудың және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды қадамына айналып келеді. Қор өндіріс пен маңызды әлеуеттік салаларға серпін беретін құнды жобаларға қолдау көрсете бермек.
Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ
Ерзат АСЫЛ
Қарасай ауданы
