Перейти к содержимому

Ана аманаты – ұрпаққа мұра

196 қаралым

Ана – әр адамның өміріндегі ең аяулы да ардақты есім. Қандай биікке көтерілсек те, қандай абыройға ие болсақ та, сол жолдың бастауында ананың ақ сүті, ақ батасы, тәлімі мен тәрбиесі тұрады. Сондықтан «Анаға құрмет» музейі үшін әрбір ананың ғұмыр жолын, оның отбасына, ұрпағына қалдырған өнегесін жәдігерлер арқылы келер буынға жеткізу – айрықша мәні бар міндет.

Отбасы күніне орай музейімізде ұйымдастырылған «Отбасы – бақыт бастауы» атты рухани-танымдық кеш аясында тағы бір тағылымды бастама жүзеге асып, Алматы облысын ұзақ жыл басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Амандық Баталовтың анасы – Ұлжан Аяпбергенқызына арналған арнайы экспозиция ашылды. Тоғыз перзентті дүниеге әкеліп, оларды ел мен жерге адал қызмет етуге тәрбиелеген Ұлжан ананың өнегелі ғұмыры – аналық мейірім мен парасаттың, отбасы бірлігі мен ұрпақ тәрбиесінің жарқын үлгісі.
Амандық Ғаббасұлы музей қорына анасының көзі тірісінде қолданған және тұтынған жеке заттарын, киімдері мен бұйымдарын, рухани дүниелерін табыстады. Бүгінде сол жәдігерлер Ұлжан Аяпбергенқызының қарапайым да қадірлі болмысынан сыр шертіп, бір әулеттің ғана емес, қазақ анасына тән ізгі қасиеттердің үнсіз шежіресіндей музей төрінен орын алып отыр. Ана қолының табы қалған әрбір дүние – уақыттың ізі сақтаған аманат, өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір.
Бұл экспозицияның біздің музей үшін мәні ерекше. Өйткені Амандық Баталовтың «Анаға құрмет» музейінің қалыптасу жолында да қосқан үлесі бар. Музейдің іргетасы қаланып, алғашқы кірпіші қойылған кезден бастап, ол осы рухани ордаға қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп келеді. Ананы ардақтауды мұрат еткен мәдени шаңырақтың өсіп-өркендеуіне жанашырлық білдіруі – ұлттық құндылыққа, руханиятқа және ана мәртебесіне деген құрметтің айғағы.
Амандық Ғаббасұлы – Алматы облысының дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткері. Ол өңірді басқарған жылдары әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп, инфрақұрылым жаңарып, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында ауқымды жұмыстар атқарылды. Осындай елге қызмет еткен тұлғаны тәрбиелеген Ұлжан Аяпбергенқызын дәріптеп, өнегелі ғұмырын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, артында қалған мұрасын сақтау – «Анаға құрмет» музейінің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл жәдігерлер енді музейге келген әрбір жанға ананың қадірін, отбасының қасиетін, ұрпақтар сабақтастығының маңызын тереңірек сезіндіре түспек.
Осындай аналардың өнегелі өмірін ел жадында жаңғыртып, кейінгі буынға жеткізу арқылы біз ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауын үзбей жалғаймыз. Себебі ананы ардақтау – бір адамға көрсетілген құрмет қана емес, тұтас ұлттың тәрбиесіне, рухына және болашағына көрсетілген құрмет.

Гүлнар Әбіш,
«Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі
Қарасай ауданы

↑