Перейти к содержимому

Бал арасын баптаған

46 қаралым

Райымбек ауданы Нарынқол ауылына кіреберістегі өзен жағасын бойлай өскен ну ағаштың саясында орналасқан омартаға аяқ басқан сәтте-ақ ерекше әлемге енгендей әсерде боласың. Самал желмен бірге аңқыған гүлдің жұпар иісі мен тынымсыз ұшқан мыңдаған араның гуілі табиғаттың өзін сөйлетіп тұрғандай. Бұл – жай ғана омарта емес, үш ұрпақтың маңдай тері сіңген қасиетті кәсіптің мекені.

Атасы Сүгірбек Сарыбаевтың қолынан бастау алған ара шаруашылығы әкесі Манасбек Сарыбаевқа жалғасып, бүгінде оның ұлдары Әділет пен Айбектің еңбегімен өркендеп келеді. Әуелде небәрі 25 ұямен басталған іс бүгінде 100 ұяға жеткен. Алдағы мақсат – омартаны 200 ұяға дейін ұлғайтып, өнім көлемін арттыру. Омарта иесі Әділеттің айтуынша, ара бағу – бал жинаумен ғана шектелетін жұмыс емес. Әр ұяны уақытылы дәрілеп, қоректендіріп, жағдайын жіті бақылап отырмаса, өнім де болмайды. Сондықтан омартадағы әр күн үлкен жауапкершілікпен басталады.
Бұл омартада негізінен Еуропадан әкелінген карника тұқымды аралар өсіріледі. Мінезі жуас бұл аралар адамға себепсіз шабуыл жасамайды, өз міндетін үнсіз атқарып, гүлден-гүлге қонып, бал жинаумен айналысады. Омартадағы ең маңызды тіршілік иесі – аналық ара. Бір ғана аналық жақтаудың бір шетінен екінші шетіне дейін жұмыртқа салып, бүкіл ұяның өмірін қалыптастырады. «Отбасында бәрін ұйымдастырып, шаңырақтың берекесін келтіріп жүретін анамыз секілді, аралар әлемінде де аналықтың орны ерекше. Аналық мықты болса, ұя да өнімді болады», – дейді Әділет. Сондықтан мұнда Германия, Австрия және Словениядан жеткізілетін асыл тұқымды аналықтар пайдаланылады. Әр аналықтың бағасы шамамен 300 АҚШ долларын құрайды. Бакфаст, Carnica Peschetz және F1 селекциялық желілері жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Биыл көктемде Украинадан Карпатка тұқымының Vučkovski типіндегі аналықтар да алдырылған. Дегенмен жергілікті табиғатқа карника жақсы бейімделіп, мол өнім беріп келеді. «Көпшілік қаражатты үнемдеймін деп кездейсоқ ұшып келген будан аналықтарды ұстай береді. Бірақ ондай аралардан тұрақты өнім ала алмайсың. Кейде ұясын тастап кетеді. Сондықтан асыл тұқымды аналықпен жұмыс істеу маңызды», – дейді омарташы.
Омарташылықтың машақаты төрт мезгіл бойы толастамайды. Соңғы жылдары қыста ара шығыны көбейген. Өткен қыста ғана омартадан 22 ұя қырылып қалған. Сондықтан сырттан әкелінген араларды бірден көбейтпей, алдымен осы өңірдің табиғаты мен климатына бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Әділет соңғы үш жыл бойы аналық ара өсірудің қыр-сырын меңгеріп, бүгінде оларды өздері шығара бастаған. Бұл – аса үлкен дәлдік пен төзімділікті талап ететін күрделі жұмыс. Болашақ жоспары да ауқымды. Бір күні ауыл әкімі Амангелді Шенебеков: «Әділет, сенің әкең Шымкентте ара шаруашылығын дамытып, адамдарды арамен емдейтін жақсы сауықтыру орнын ашып отыр ғой. Сен де осы жерде сондай орталық ашсаң қайтеді? Қайтарымсыз грантқа құжаттарыңды өткізіп көр. Бұл жердің табиғаты да, мүмкіндігі де соған сұранып тұр», – деп ақылын айтқан. Сол кеңестен кейін омарташы табиғат аясында демалып, арамен ем қабылдайтын апитерапия орталығын ашуды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар бал өнімдерін арнайы логотиппен шығарып, жергілікті бренд ретінде дамыту да жоспарында бар.
Бүгінде Сарыбаевтар әулетінің өнімдері негізінен Шымкент қаласында жоғары сұранысқа ие. Алайда омарташы Әділет үшін ең үлкен байлық – сатылған балдың көлемі емес, атасы бастап берген кәсіптің үзілмей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны. Ұядан дамылсыз ұшып шыққан әрбір ара өз міндетін адал атқарса, осы әулет те үш буын бойы еңбекті өмірінің басты құндылығына айналдырған. Омартадан шыққанда құлақта қалған аралардың гуілі енді жай ғана дыбыс болып естілмейді. Ол – еңбекке адалдықтың, табиғатпен үндестіктің және ұрпақ сабақтастығының үніндей әсер қалдырады.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑