Дүниежүзілік пошта күні мен 2027 жылға газет-журналға жазылу науқанының басталуына орай «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалында баспасөзге жазылым күні өтті. Аталған филиалдың ұйымдастыруымен баспасөз бен оқырман арасындағы байланысты нығайту мақсатындағы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Алматы облыстық «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттерінің ұжымы да белсене атсалысты.
Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытжан Мансұров пошта қызметінің тарихынан сыр шертті. Сонымен бірге облыстық филиал мен аудандық, қалалық пошта тораптары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды. Одан кейін Қонаев қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жақан Ахаев кеңестік кезеңде пошта қызметкерлерінің әрбір шопанның үйіне мерзімді басылымдарды уақытында жеткізгенін, оларға кеңшар басшылығы барлық жағдайды жасағанын тілге тиек етті. Қазіргі кезде сайт пен әлеуметтік желінің ақпарат таратудағы жылдамдығын жоққа шығармайтынын, алайда халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып отырған мерзімді басылымдар нақты деректерге сүйене отырып, шынайы ақпарат тарататынына жиналған жұрттың назарын аударды. Сондай-ақ газет-журналдың жас ұрпақты тәрбиелеуде де маңызы зор екенін, өңірде болып жатқан жаңалықтардан хабардар етіп, сараптамалық, әдеби-танымдық мақалаларды жариялап жүрген облыс айнасы саналатын «Алатау арайы» газетінің тұрақты оқырманы екенін айта келе, жиналған қауымды аталған басылымға жазылуға шақырды.
Келесі кезекте Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар сөз алып, пошта мекемесі кейінгі кезде сәлемдеме жеткізуден бөлек, сан алуан қызмет түрін көрсетіп жүргенімен, бұл мекеменің атқаратын негізгі жұмысы мерзімді басылымдармен біте-қайнасып жатқанын атап өтті. Дамыған мемлекеттердегі мерзімді басылымдардың ахуалы, газеттің әлеуметтік желілерден айырмашылығы мен артықшылығы, кәсіби журналистикадан алшақтаған қоғамдағы кемшіліктер жайлы әңгіме өрбіткен Қуаныш Абайбекұлы елімізде Мемлекет басшысының оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы бастамасын қолдап, баспасөзге жазылуда белсенділік танытып, осы шараны ұйымдастырып отырған «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы ұжымына алғыс білдірді.
Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина өзі жетекшілік етіп отырған басылымның үш ғасырдың куәгері екенін атап өтті. Патшалық Ресей тұсында алғашқы нөмірі шыққан бұл газеттің мақсаты бүгінге дейін өзгермегенін айтты. Қаңтар оқиғасы кезінде де барлық әлеуметтік желі жұмысын тоқтатқанда, газеттер ғана халыққа шынайы ақпарат таратқанын, басылымның ғаламтордан артықшылығы осында екенін нақты мысалдармен жеткізді.
Шара аясында газет-журналдарға жазылу ұйымдастырылды. Пошта ғимаратына келген оқырмандар өздерінің сүйікті басылымдарына жазылып жатты. Олардың арасында алғаш рет жазылып жатқандар да болды. Қонаев қаласының Құрметті азаматы Тұрысбек Доспанбетов, облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің өкілі Шахид Лобазанов және тағы басқа еңбек ардагерлері ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Соған мүмкіндік туғызған «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы ұжымына ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін арнады.
Бұл игі шараның тұрғындардың баспасөзге жазылуына үлес қосып, оқырмандардың сүйікті басылымдарымен келесі жылы да қайта қауышуына септігін тигізетіні анық.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы
