2026 жылдың қараша айында Алатау қаласында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдеби мұраны насихаттау және оқырмандардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Бес қазына – бес кітап» қалалық әдеби марафоны өткізіледі.
Марафон аясында қатысушылар Сейдахмет Құттықадамның «Ұлтқа қызмет ету», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» шығармаларын оқып, талдайды.
Іс-шараға білім беру саласының мамандары, мемлекеттік қызметшілер және әскери бөлім қызметкерлерінен құралған командалар қатысады. Марафон кітаптарды оқу, тест тапсырмаларын орындау, пікірталас өткізу және әдеби шығармалардан сахналық қойылым көрсету кезеңдерінен тұрады.
Марафон қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар анықталып, жеңімпаздар Алғыс хаттармен марапатталады.
Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы
