Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Болат Қалымбетов: Киносынан ұлттық рух асқақтап тұрады

Болат Қалымбетов: Киносынан ұлттық рух асқақтап тұрады

184 қаралым

– Абдолла Қарсақбаев «Балалық шаққа саяхат» фильмін түсіргенде, ондағы басты кейіпкер Бектастың бейнесін сомдау үшін мектепте оқып жүрген жас бала – сізді таңдапты. Бұл оқиға өміріңізге қалай әсер етті?
– Биыл – мен үшін ерекше жыл. Олай дейтінім, қазақ киносының заңғар тұлғасы, өнердегі рухани әкем Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Өзім де жетпістің қырқасына шықтым, ал кинода жүргеніме 60 жылдай уақыт болыпты. Арада каншама жыл сырғып өтсе де, Абдолла ағамның жарқын бейнесі әлі көз алдымда. Оның өнегесі мен тәлімі жүрегімде жаңғырып тұрады.
Кинодағы алғашқы қадамым 1967 жылы басталды. Ол кезде Алматыдағы №12 қазақ мектебінің 5-сыныбында оқимын. Негізі кіндік қаным Нарынқол топырағында тамған. Бірақ екінші сыныпқа көшерімде Дәнекүл апам мені қалада оқысын деп шешті. Онда әкемнің қарындасы Анаркүл әпкемнің үйінде тұрдым. Ол кісі ЖенПИ-де оқытушы болды, ал күйеуі Баймырза Дәуренбеков Жоғары кеңесте жауапты қызмет атқаратын. Сол шаңыраққа Кемел Тоқаев, Кәкімжан Қазыбаев, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов сынды зиялы қауым өкілдері жиі келіп, әңгіме-дүкен құратын. Әсіресе жездем мен Кемел аға футболды жақсы көруші еді. Аладоп жарысына мені де ертіп апаратын. Міне, сол кісілердің парасатты болмысы бала көңілімде жатталып қалыпты.


Ал Абдолла ағаммен кездесуім тіпті қызық болды. Мектептің артындағы шағын аулада сабақтан кейін футбол ойнайтынбыз. Ол кезде бойы аласа, тығыр­шықтай қара баламын. Жоғары сыныптағылар өзінен кішілерді қақпаға күштеп қойғысы келетін. Доп өткізіп алсақ, таяқ жейтінімізді жақсы білеміз. Сондықтан қақпашы болудан қашамыз. Бірақ оған үлкендер көнбейді. Мен үйде ерке болып өскендіктен, олармен ерегісе кететінмін. Ондайда аяп қалсын ба, бірі келіп тұмсықтан салып қалды. Ақ жейдем әп-сәт­те қанға боялды да, көзімнен жас шығып кетті. Сол сәтте «Ей, болды, тоқтатыңдар!» деген өктем дауыс естілді. Жалт бұрылсам, орта бойлы, бұйра шашты, әдемі киінген, аузында шылымы бар бір ­ағай тұр. Әсіресе мұрты көзге оттай басылды. Кинодағы Будённыйдың мұртынан айнымайды екен. ­Жан-жағыма қарасам, доп ойнап жүрген балалардың бірі де жоқ, мен жалғыз қалыппын. «Осы мектепте оқисың ба? Фамилияң кім?» – деді әлгі ағай маған жақындап. «Ал сіздің фамилияңыз кім?» – дедім. Ол менің бұл қылығыма жылы жымиып: «Қарсақбаев Абдолла», – деді де қолымнан жетектеп мектептің алдына алып келді. Аулада оқушылар жиналып тұр. Мектеп басшысы Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Нұртазина болатын. «Әбеке, бұл баланы қайтесіз? Ол сабақты нашар оқиды, тәртібі де мәз емес», – деді апай. «Жоқ, маған керегі – дәл осы бала!» – деп кесіп айтты Абдолла аға. Кейін ойлап қарасам, режиссердің маған ерекше назар аударғаны, одан тайсалмай «Ал сіздің фамилияңыз кім?» деп қарсы жауап берген балалық батылдығым мен өжеттігім болса керек.


– Киноға түсу кезінде қандай қызықтарды бастан кешірдіңіз? Өнердің үлкен мектебіне кіргеніңізді сезіне алдыңыз ба? Режиссердің актермен жұмыс істеудегі шеберлігі ретінде қандай артықшылықтарын атауға болады?
– Иә, қызық та, қиындық та көп болды. Сөйтіп, Абдолла ағаның киносына түсу үшін кастингтен өтетін балалардың қатарына мен де қосылдым. Қазіргі Шәмші Қалдаяқов пен Төле би көшелерінің қиылысындағы киностудияға келдік. Онда екінші режиссер Сара Камалқызы мен суретші Ыдырыс Қарсақбаевты көрдім. Мені киім бөлмесіне кіргізді. Ішінде жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Оны кейін білдік, киім шіріп кетпес үшін нафталин себеді екен. Аяғыма бармағым қылтиып көрініп тұратын тозығы жеткен аяқ киім берді. Мен олардың бұл әрекетіне таңдана қарадым.
– Бердібек Соқпақбаев деген жазушы ағаңды білесің бе? – деп сұрады Абдолла аға.
– Білмеймін, – деп жауап бердім.
– Кітап оқу керек! Ал «Менің атым Қожа» деген киноны көрген шығарсың?
– Иә, көрдім, – дедім.
– Ол Бердібек ағаңның шығармасының желісімен түсірілген. Сен ойнайтын Бектас деген жетім бала туралы туындыны да сол кісі жазған, – деп маған сюжетті тәптіштеп түсіндіріп жатыр.
Киініп болған соң, арнайы жарығы бар бөлмеге бардық. Суретші фотоаппаратын әзірледі. «Ал, дайындал! Байдың балалары сені «жетім» деп мазақтап жатыр. Әке-шешесі жоқ баланы жетім деп айтады. Анаңды ойлап жыласаңшы?» – деді олар. Бірақ қанша тырыссам да, көзімнен жас шықпады. Өйткені өз анамның аман-есен екенін біліп тұрмын ғой.
Арада біраз күн өткенде мені осында қайта шақырды. Бұл жолы фотоға емес, кинопленкаға түсіретін болды. Бетіме грим жағып, қабағы түсіңкі баланың кейпіне келтірді. Көзді ашытатын сұйықтық та тамызып көрді, бірақ бәрібір жылай алмаймын. Сол сәтте Абдолла аға бір жаққа асыққандай павильоннан шығып кетті. Біраз уақыттан кейін қайта кірді. Қасыма келе салып, мені қапсыра құшақтады. Жүзіне қарасам, жылағалы тұр. «Болат, балам, сенің жақында апаң қайтыс болды ғой. Сен оны қатты жақсы көруші едің ғой. Саған құрт беруші еді ғой» деп жан тіберентер сөздерін айтқанда, бір ай бұрын қайтыс болған Мөрбала есімді нағашы апамның бейнесі көз алдыма келіп, көңілім босап, еңіреп қоя бердім. Сол кезде «Мотор!» деген дауыс саңқ етті. Сөйтсем Абдолла аға отбасымызда жақында қандай оқиға болғанын сұрап, біліп келген екен. Бұл – оның өз жұмысына деген асқан жауапкершілігі мен шеберлігі еді. Кейбір режиссерлер құсап баланы шымшып жылатқан жоқ, жүрек қылын дөп басты.
Осылайша 15 бала жүзден жүйрік шықтық. Енді кімнің киноға түсетінін көркемдік кеңес шешеді. Кеңестің төрағасы – Шәкен Айманов. Оның құрамында Ілияс Есенберлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов сияқты қазақ руханиятының алыптары бар. Жиын басталар алдында бәріміз есік алдында тұрғанбыз. Бір кезде көпшілік дүрлігіп, алыстан келе жатқан бір кісіге қарады. «Сара апай, Алдар көсе келе жатыр!» – дедім дауыстап. «Алдар көсең не, бұл Шәкен Айманов қой!» – деді ол сыбырлап. Үстіне шибарқыт кәстөм-шалбар киген, қолында мүштегі бар әлгі аға қасымнан өте бергенде «Мен де ішке кірейінші» деп Сара апаға айтқан сөзімді естіп қалып, кілт тоқтады. Мұнда не үшін келгенімді сұраған соң, маған рұқсатын берді.
Залдағы экраннан үшінші болып мен ойнаған рөлді көрсетті. Өзімді алғаш рет кинодан көргендегі сезім ерекше болады екен. Толқып кеттім. Көз жасымды тия алмадым. Мені залдан шығарып жіберді. Төрт сағаттан кейін жиын әрең дегенде аяқталды-ау. Есік ашылып, іштен Шәкен Айманов пен бірге бұйра шашты, қараторы кісі шықты. Жазушы Бердібек Соқпақбаев екен. Шәкен аға жаныма келді де: «Мен сені таңдадым», – деді. Сосын Абдолла ағаға бұрылып: «Абдолла, мына баланың көзі өте әсерлі екен. Осы жанарды кинода толық пайдалан!» – деп тапсырды. Сол кезде Бердібек аға: «Әй, қара бала, мен сенің үлкен әкең Байділда Үмбетжановпен бірге жұмыс істегенмін», – деп өзінің Нарынқолдан екенін айтты.
Міне, өнердің үлкен мектебіне қадам басуым да, ұлы тұлғалардың батасын алуым да осылай басталған еді.
– Естуімізше, Абдолла Қарсақбаев сізді өз ұлындай жақсы көріпті. Экраннан тыс өміріндегі қарым-қатынасыңыз жөнінде қандай тағылымды сәттерді еске түсірер едіңіз?
– Иә, Абдолла аға менің рухани әкем болды. Өнерге құштарлығымды оятты. Құрманғазы атын­дағы конверваторияға түсуіме жол ашты. Онда КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкеевадан дәріс алдым. Осы қос тұлғаға өмір бойы қарыздармын.
Абдолла аға Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» экрандауды, Шоқан Уәлиханов туралы фильм түсіруді армандайтын. Бірақ оған жете алмады. Ол өтірік айтқанды жек көретін. Бізді де одан аулақ болуға шақыратын. Әттең, тіршілігінде атақ та, баспана да оған кеш берілді. Дер кезінде бағалағанда, бәлкім өмірден ерте кетпес пе еді деп ойлайсың. Бәрі жүрекке тиді, ақыры жүректен кетті. Абдолла Қарсақбаев тек қазақ балалар киносының атасы дегенге келіспеймін. Ол – диапазоны кең, кез келген тақырыпты терең меңгерген сұрапыл режиссер.
Ағаның жаны таза, өте балажан болатын. Үйленіп, ұлды болғанда сәбиіміздің есімін Бектас қойдық. Нәресте қырқынан шыққан соң ауылдан әке-шешемді алып Абдолла ағаны арнайы қонаққа шақырайын деп жоспарлап жүргем. Бірақ ол кісі бұл қуанышты хабарды ертерек естіп қойыпты. Бірде түнгі сағат екіде біреу есік қағады. Ашсам, Абдолла аға тұр. «Мен саған емес, Бектасқа келдім!» – деді. Батасын беріп, ақ тілегін жаудырды. Сол сәт көз алдымнан кетпейді.
Абдолла аға Нұрғиса Тілендиевті ерекше құрмет тұтты. Бүкіл фильмінің музыкасын соған жаздырды. Екеуінің де мінезі тік болатын. Пікір таласқанда төбелесіп қала ма деп қорқатынбыз. Өнер үшін жаратылған асыл жандар еді, жарықтықтар! Кененбай Қожабековті де ерекше бағалады. Әр киносынан қалдырған емес. Сондай-ақ Қасым Жәкібаевты, Ыдырыс Ноғайбаевты, Нұржұман Ықтымбаевты фильмдерінен тастамайтын.
Режиссерге де, актерге де ең басты керегі – адамды тани білу десек, Абдолла ағаның сол қасиеті өзгелерден биік тұратын. Оңайлықпен ешкімге ашыла бермейтін. Мінберлерде ақиқатты бетке айтатын. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев та елу алты жасында қайтыс болды. Нағыз кемеліне келген шақта. Абдолла ағаның өмірден өтуі тіпті ауыр тиді. Ол көшедегі орындықта, Амангелді Имановтың ескерткішіне тесіле қараған күйі мәңгілікке көз жұмды.
– Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» хикаяты қазақ цензурасынан өтпей қалып, Мәскеуде орыс тілінде жарық көргені белгілі. Осы аттас киноның Канн фестиваліне қатысуына кедергілер болған жоқ па? Бұл жайында Қарсақбаевтың өз аузынан қандай әңгімелер естідіңіз?
– «Менің атым Қожаның» Канн фестиваліне барғанын, тіпті онда бағы жанғанын да кеш білдік. Фильм халықаралық аренаға шыққанда, оның режиссері Абдолла ағаның орнына Мәскеудегі Кинематографистер одағының бір өкілі барған. Қазақстанға бұл жайлы хабар да берілмеген. Соған қарамастан фильм Канн фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Бұл – қазақ киносының тарихындағы ең алғашқы халықаралық жүлде, бұрын-соңды болмаған мәртебе еді.
Алайда Абдолла аға осынау ерекше жаңалықты сабырмен қабылдады. Өйткені оның өнердегі асқақ арманы мен биік мұраттары орындалмай, іште тұншығып бара жатқан еді. Түсінген адамға өнердің қасиеті де, қасіреті де осында.
Ұстазымның әрбір сөзін, ақыл-кеңесін санама сіңіріп өстім. Кинода балалармен жұмыс істеу – қиынның-қиыны. Мен түсірген фильмдерде де балалар көп ойнады. Баланың ішкі дүниесін ашып, көрерменді сендіру үшін ерекше шеберлік керек. Соны мен Абдолла ағадан үйрендім.
Жетпісті алқымдасам да ол кісінің мектебін пір тұтып келемін. Абдолла – мен үшін қазақ киносының алып тұлғасы.
– Бүгінде Өнер академиясында Қарсақбаев тәжірибесі қалай оқытылады? Режиссердің еңбектерін талдайтын зерттеулер жазылды ма? Шәкірті ретінде осы мәселеге қалай мән бересіз?
– Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотану кафедрасы бар. Оны атақты кинотанушы-ғалым Бауыржан Нөгербектің ұлы – Баубек Нөгербек басқарады. Мен сонда режиссура шеберлігінен сабақ беремін. Кафедрада Смағұл Елубай, Әлішер Айтуаров сынды кино­драматургтер мен айтулы мамандар еңбек етеді. Студенттер білім алу барысында Абдолла ағаның режиссерлік қолтаңбасын, фильмдеріндегі көркемдік ізденістерін жан-жақты талдайды. Тіпті, таяуда ғылыми ізденушілердің бірі Қарсақбаевтың шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап шықты.
Академия ішінен «Шәкен» киноклубын аштық. Әріптестер жүргізушілік тізгінін маған ұстатты. Клуб аясында режиссерлермен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұрамыз. Сондай-ақ продюсерлер мен кинодраматургтер де шақырылады. Ашық пікірталас кезінде жастар ойын бүкпесіз айтады. Кейде пікірдің өткірлігінен кейбір режиссерлер «Қап, бекер келген екенмін» деп өкпелеп те жататын кездер болады.
Академия ректоры, белгілі дирижер Арман Жүдебаев та кино саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Қазіргі таңда біз өнерде жаңаша көзқарас пен заманауи пайым қалыптастыруымыз керек. Өнердің түпкі құндылығы да осында. Аға буынның өнегелі жолын жас ұрпақтың санасына сіңіре білсек, ұлттық киномыздың келешегі де кемел болады деп ойлаймын.
– Абдолла Қарсақбаевтың 100 жыл­дығы ЮНЕСКО көлемінде аталуы қатардағы жадағай шара емес. Кинодағы ұлттық құндылықты әлемге насихаттау үшін осы мүмкіндікті қалай пайдалануымыз керек? Бұл тұрғыда қандай тың идея ұсынар едіңіз?
– Дұрыс айтасыз, мерейтойдың ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуі оңай шаруа емес. Халықаралық ұйым біз жіберген тізімнің бәрін қабылдай бермейді. Саралап, сараптайды, Елеп, екшейді. Артына асыл мұра қалдырған тұлғаларға ғана құрмет көрсетеді. Ондай біртуар перзенттерге қазақ кенде емес. Солар қалдырған қазынаны бағалай білуге тиіспіз.
Елімізде Кино туралы Заң қабылданды. Ұлттық киноны дамыту орталығы мен «Қазақфильм» киностудиясы бірігейін деп жатыр. Бұл қазақ киносының дамуына үлкен серпін беретіні анық.
Қазақ киносы туралы сөз болғанда, Қарсақбаев­тың шығармашылығын айналып өте алмаймыз. Оның киносынан ұлттық рух асқақтап тұрады. Мәселен, «Даладағы қуғын» фильміндегі Құдіре мен «Қилы кезеңдегі» Жүністің бейнесіне назар аударсаңыз, қазақ халқының қайсар мінезін көресің. Олар – тағдырдың теперішіне мойымаған, басын тік ұстап, елінің намысын арқалаған, халқына қорған бола білген оғландар. Қарсақбаев тарихтың қасіретті кезеңдерін суреттей отырып, ұлттық болмысты ешқашан көлеңкеде қалдырған жоқ. Киносының құндылығы да осында.
Бүгінгі режиссерлер үшін Қарсақбаевтың шығармашылығы – үлкен мектеп.
Сондықтан қазақ киносын Абдолласыз елестету мүмкін емес.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Болат Мәжит

↑