Жамбыл ауданы өнер адамдарынан қашанда кенде болған емес. Бұл топырақтан талай ақын-жыршы, мәдениет майталманы шыққан. Солардың бірі – бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған Әуелбек Ысқақ. Оның негізгі мамандығы – суретші. Алайда қылқаламмен қатар суырыпсалмалық қыры да бар. Кезінде айтыс өнерінің жалауын желбіреткен Әлімқұл Жамбылов, Надежда Лушникова, Есенқұл Жақыпбеков сияқты ақындармен бірге талай сөз сайысына түскен.
Ол 1959 жылы 21 ақпанда қазіргі Үмбетәлі ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін бітірген. Еңбек жолын туған ауылындағы Ү.Кәрібаев атындағы мектепте сурет және сызу пәні мұғалімі болып бастаған. 2011-2023 жылдары Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейін басқарды. Қазақстан Суретшілер одағының және Қазақстан Көркемсурет академиясының мүшесі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. Қос өнердің тізгінін қатар ұстаған Әуелбек Ысқақпен әңгімеміз балалық шағы, суретшілікке келуі, өлеңге әуестік, ұстаз бен шәкірт және қазіргі бейнелеу өнері туралы өрбіді.
– Әуелбек аға, сіз бірнеше марапаттың иегерісіз. Соның ішінде «Ұлы елдің тарандысы» төсбелгісінің орны ерекше сияқты. Бұл қандай марапат?
– Бұл – Көркемсурет академиясының жоғары наградаларының бірі. Суретшілерге, қолөнер шеберлеріне, дәстүрлі әншілерге беріледі. Өзім бұл төсбелгіні алғаныма бес-алты жыл болды. «Таранды» сөзінің бір мағынасы – қамал бұзатын қару дегенді білдіреді. Төсбелгіні маған Көркемсурет академиясының президенті, белгілі суретші Амандос Ақанаевтың өзі Үмбетәлі музейіне келіп тапсырған.
Мен үшін тағы бір маңызды марапат – бұдан екі жыл бұрын сурет өнеріне сіңірген еңбегім үшін Алматы облысы әкімдігінің «Ақтаңгер» сыйлығына ие болуым. Мұндай марапаттар, әрине, шығармашылық адамына жауапкершілік жүктейді. Өнердегі ізденісті тоқтатпауға ынталандырады.
– Суретшілік өнерге қызығушылығыңыз қашан басталды?
– Бала кезімнен басталды. Басқа балалар сай-салада балық аулап, асық ойнап жүргенде, мен соларға еріп барғаныммен, қолыма үшкір темір алып, жартасқа сурет салатынмын. Негізі сурет өнері маған әкем Мұсаханнан дарыған деп ойлаймын. Ол кісі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер еді. Кәсіби суретші болмағанымен, табиғи таланты бар, суретті өте жақсы салатын. Ал ақындық өнер анам Зейнептен дарыды деп толық айта аламын. Анам – халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың қызы. Бірақ адамның бойындағы қабілеттің ашылуына ұстаздың ықпалы өте зор. Алматыдағы №9 мектеп-интернатта оқып жүрген кезімде сурет өнеріне қабілетімді ұстаздарым Сапа Ысқақов пен Керімбай Қыстаубаев байқапты. Екеуі маған көп қолдау көрсетіп, шығармашылыққа баулыды.
– Ал ақындыққа кім баулыды? Айтысқа қай жылдары түстіңіз?
– Ақындық өнерге ынталандырған ұстаздарымның қатарында алдымен Шәрбану Сыздықова мен Мұқағали Мақатаевтың жары Лашын апайды атаймын. Сыныптас досым Ерік Асқаров екеуміз Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқитынбыз. Ерік кейін бүкіл қазаққа танымал айтыскер ақын атанды. Лашын апай біздің ақын өлеңдерін жатқа оқитынымызды көріп, Мұқағалиды мектепке ертіп келіп, Ерік екеумізге «Өмірдастан» кітабына қолтаңба жаздырып бергені есімнен кетпейді. Ал сол жылдары салған графикалық суреттерім мен жазған өлеңдерім «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» сияқты басылымдарда жарияланып тұрды.
1980-2000 жылдары облыстық, республикалық ақындар айтыстарына бірнеше мәрте қатыстым. Сол кездегі белгілі ақындар Надежда Лушникова, Есенқұл Жақыпбеков, Ханша Райысова, Ермек Жұматаев және басқа да ақындармен сөз сайысына түстім. Ақындық өнерді сурет өнерімен қатар алып жүрдім. Бүгінде алты поэзиялық кітабым жарық көрді.
Өзім туралы бір өлеңімде:
«Мамандығым – суретшімін,
Қолымда қыл қаламым.
Бояуларға жан бітіріп,
Бейнелерді саламын.
Шабыттанған сәттерімді кей кезде,
Домбырадан аламын.
Өйткені мен, ағайын,
Үмбетәлі, «қара жорға» ақынның
немересі боламын…», – деп жазғанмын.
Мен өзімді бір ғана өнердің өкілімін деп есептемеймін. Өнердің түрлері бір-бірімен сабақтасып жатады. Өлеңде де, суретте де адамның ішкі дүниесі, сезімі, ойы көрініс табады.
– Қазір өзіңіз сурет өнеріне көбірек ден қойып жүрсіз. Қандай жанрларда жұмыс істейсіз?
– Қазір таза шығармашылықпен айналысып жүрмін. Әртүрлі жанрда, әртүрлі тақырыпта кенеп бетіне кескіндеме салуға көңіл бөліп жүрмін. Портрет, пейзаж, натюрморт, графика жанрларында жұмыс істеймін. Қолым қалт етсе, табиғат аясына шығып, сол жерде сурет салғанды ұнатамын. Қазір жеке қорымда осы жанрлардың барлығын қосқанда 200-ден астам жұмысым бар. 2014 жылы Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейін көркемдеуге де атсалыстым. Музей саласындағы тәжірибем мен суретшілік қабілетімнің бұл жерде пайдасы тиді.
Менің салған суреттерім Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі, Әлия Молдағұлова, Шоқан Уәлиханов музейлерінде тұр. Сондай-ақ бірқатар еңбектерім республикалық «Таңбалы» музей-қорығында, Жаркенттегі Әбілхан Қастеев музей-галереясында, Талдықорғандағы сурет галереясында және Ресейдің Саха Республикасының галереяларында сақтаулы. Бұл – суретші үшін үлкен мәртебе. Өйткені салған дүниеңнің ел игілігіне жарағаны, музей төрінен орын алғаны – еңбегіңнің бағаланғанын көрсетеді.
– Бүгінде технология дамып, сурет салудың да түрлі жаңа тәсілдері пайда болды. Қазіргі бейнелеу өнерінің алған бағытына көзқарасыңыз қандай?
– Қазір техника қатты дамыды. Соған байланысты жасанды жолмен сурет салу да қарқын алды. Мен оған сақтықпен қараймын. Өйткені техника тірі суретшінің алуан бояуын, композициялық шешімін, көңіл-күйін табиғи түрде бере алмайды. Жасандылығы көрініп тұрады. Адам оған қарап, суретшінің жандүниесін сезіне бермейді. Ал нағыз суретшінің жұмысы – басқа. Ол бояуды жай ғана түс ретінде пайдаланбайды. Әр түстің өзіне жан бітіреді. Табиғаттағы жарықты, көлеңкені, адамның көңіл-күйін жеткізу үшін суретшінің өз талғамы мен шеберлігі қажет. Дегенмен қазіргі қазақтың орта буын және жас суретшілері Қастеев, Телжанов салған сара жолды жалғастырып келеді. Жасандылықтан қашып, табиғилыққа бет бұрып жүрген жастар бар.
– Шығармашылық ортаңыздағы әріптестеріңіз туралы айтсаңыз.
– Менің жан досым, сыныптасым әрі курстасым – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері, алыс-жақын шетелге танымал суретші Алпысбай Қазығұлов. Сонымен бірге өнер жолындағы інім, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанға ғана емес, шетелге де танымал суретші, Жамбыл ауданы Беріктас ауылының тумасы Марат Төтеевпен тығыз шығармашылық байланыстамын. Өнерде араласатын, пікір алмасатын адамдардың болғаны жақсы. Бір-біріңнің жұмысыңа сырт көзбен қарайсың, тәжірибе бөлісесің. Қазір облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасы суретшілерге көңіл бөліп жүр. Облыс басшыларының қолдауымен халықаралық, республикалық пленэрлер мен симпозиумдар ұйымдастырылды. Суретшілерге ақшалай сыйлықтар берілді. Мен сол шаралардың барлығына қатыстым.
– Сіз үшін суретшілік туабітті қабілет пе, әлде оны арнайы оқып-үйренуге бола ма?
– Негізгі талант туабітті деп ойлаймын. Мен сурет салуды арнайы оқымай-ақ, бала кезімнен өз бетімше үйрендім. Бірақ кәсіби суретшінің қалыптасуы үшін арнайы академиялық білім керек. Мысалы, Әбілхан Қастеев еш жерде арнайы оқымай-ақ керемет сурет сала білді. Кейін жиырма жастан асқан шағында білім алды. Меніңше, суретшінің алғашқы ұстазы – адам емес, табиғат пен қоршаған орта. Суретші табиғаттан жай адам байқай бермейтін көріністі, түстерді, реңкті көре білуі керек. Кейде бір қарағанда қарапайым ғана көрініс болады. Бірақ суретші оның ішінен бір ерекшелік табады. Сол ерекшелікті кенепке түсірген кезде шығарма дүниеге келеді.
– Шәкірттеріңіздің арасында өнер жолын таңдағандар көп пе?
– Көптеген шәкіртім сурет, сәулет өнері бағытындағы жоғары оқу орындарына түсіп, білім алып жүр. Көбінің атын ұмытып та қалдым. Бірақ олардың өнер жолын жалғастырып жүргенін естимін. Биыл Дәулетхан Мәрлен сурет мамандығына оқуға түсті. Бұл мен үшін қуаныш. Балаларға суретпен бірге сызудың да маңызын түсіндіремін. Өйткені сурет пен сызу – егіз өнер. Жердегі құрылыс, техника, сәулеттің бәрі сызудан басталады. Өкінішке қарай, сызу пәні мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Мен мұны дұрыс шешім деп есептемеймін. Қазіргі мектеп оқушыларының көбі сызудың не екенін білмейді. Ал сызу – баланың кеңістікті ойлау қабілетін қалыптастырады. Техникаға, құрылысқа, сәулет өнеріне қызығатын бала үшін оның маңызы зор.
– Бейнелеу өнерін мектепте оқыту мәселесіне де алаңдайсыз. Неліктен?
– Мектепте сурет пәнін жеке пән ретінде енгізу керек деп есептеймін. Қазір оны еңбек пәнімен қосып тастаған. Сонда бала ағаш жонып, шеге қаға ма, әлде сурет сала ма? Екеуі екі бөлек қабілетті қажет етеді ғой. Сурет – адамзаттың ең алғашқы өнерлерінің бірі. Жазу пайда болмай тұрып-ақ адам өз ойын сурет арқылы жеткізген. Адамдар жерге, құмға, жартасқа сызып, өз ойларын білдірген. Бейнелеу өнері адамның кеңістікті ұғуына, қоршаған ортаны тануына, табиғат пен адамның қарым-қатынасын түсінуіне үлкен әсер етеді. Мысалы, фотограф түсірген суретте белгілі бір мөлшердегі түстер ғана көрінуі мүмкін. Ал суретші сол түстерді ондаған реңкке айналдырады. Өйткені суретші табиғаттағы бояуды көзбен ғана емес, көңілмен де қабылдайды. Сурет салған баланың ой-өрісі, қиялы дамиды. Сондықтан бейнелеу өнерін баланың тәрбиесі мен білімінің бір бөлігі ретінде қарау керек.
– Өнер жолында қанша жыл жүрсеңіз де, шығармашылықтан қол үзбей келесіз. Қандай күш сізді алға қарай жетелеп келеді?
– Ол – өнерге деген қызығушылық. Суретші үшін ең бастысы – тоқтап қалмау. Қанша жасқа келсең де, жаңа нәрсе іздеуің керек. Табиғатты бақылау, адамдарды тану, жаңа дүниелерді көру – бәрі шығармашылыққа әсер етеді. Менің мамандығым – суретші. Қолымда қылқаламым бар кезде, бояуларға жан бітіріп, өз ойымды жеткізуге тырысамын. Зейнетке шыққаннан кейін де шығармашылықты тоқтатқан жоқпын. Керісінше, бос уақытым көбейген соң бұрын ойда жүрген дүниелерді жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар жастарға үйретіп жүрмін. Меніңше, өнердің ең үлкен жалғастығы – шәкірт. Сондықтан қолымнан келгенше сурет сала беремін, жастарға үйрете беремін. Өйткені өнер – мәңгілік.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Серік САТЫБАЛДИЕВ



