Перейти к содержимому
Басты бет / Заң және тәртіп / «ДРИФТ» жедел-профилактикалық іс-шарасы

«ДРИФТ» жедел-профилактикалық іс-шарасы

177 қаралым

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік құралдарын пайдалану кезінде белгіленген жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылау, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу мақсатында республика аумағында «ДРИФТ» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және көлік құралдарын қауіпті тәсілмен басқаруға жол бермеу.

Профилактикалық іс-шара барысында аудан аумағында рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзатын жүргізушілер анықталып жатыр. Атап айтқанда, жол қозғалысы кезінде көлік құралдарын айналдыру, күрт маневр жасау және өзге де қауіпті әрекеттерге жол беретін жүргізушілердің заңсыздықтарының жолын кесуге ерекше назар аударылған.

Мұндай қауіпті маневрлер жүргізушінің ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Әсіресе, тұрғындар көп жүретін аумақтарда, жол қиылыстарында және елді мекендердің ішінде көлік құралын жоғары жылдамдықпен немесе әдейі сырғанатып басқару ауыр зардаптарға себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар, рейд барысында көлік құралдарының техникалық жай-күйі, жүргізушілердің жол қозғалысы қағидаларын сақтауы, белгіленген жылдамдық режимін бұзбауы және көлік құралдарын қауіпсіз пайдалану талаптарын орындауы тексеріліп жатыр.

Анықталған құқықбұзушылықтардың әрбір фактісі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты белгіленген мөлшерден асырмауға және көлік құралын басқару кезінде қауіпті маневрлер жасамауға шақырады.

Айдын БИДАЕВ,

ППР қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты

↑