Перейти к содержимому

ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ӨТЕУІ

70 қаралым

Қонаев қалалық Мәдениет үйінде ұлағатты ұстаз Тілдәш Битуованың 80 жасқа тоуына орай, «Жас патриот – әділетті қоғамның келешегі»  атты салтанатты жиын өтті. Басқосуға Алматы, Жетісу облыстары мен Алматы қаласы білім саласының қызметкерлері, дарынды балалармен жұмыс істейтін орталық басшылары, ғалымдар, жас патриоттар академиясының мүшелері қатысты.

 Облыстық филармонияның әншілері Әзиза Әбілбашар мен Медет Орымбаев орындаған «Ұстазым» әнімен шымылдық түрген келелі жиында  Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту,  Әділет министрліктері мен Мажарстанның ELTE University,  Мәскеудің Ұлттық зерттеу технологиялық университеті, Санкт-Петербургтің Ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университеті, Болгария Ғылым академиясының математика институты және тағы басқа республикалық жоғары білім орындары мен ұйымдарының мерейтой иесіне жолдаған құттықтауы оқылды. Одан кейін көпшілік қауым Тілдәш Рысқұлбекқызының өмір жолын бейнелейтін «Ұлт болашағына қызмет еткен ғұмыр» фильмін тамашалады.

Ұлағатты ұстазды 80 жасқа толуымен құттықтаған облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов оның өмір жолына шолу жасап, білім беру саласында абыройлы еңбек еткен 60 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен бірге педагогика ғылымдарының докторы, білім беру ісінің құрметті қызметкері Тұрсынбек Баймолдаев, белгілі журналист, жазушы Сүлеймен Мәмет Тілдәш Рысқұлбекқызының ұлттық білімге қосқан үлесі жайын әңгіме арқауына айналдырды.

Одан әрі жалғасқан жиында көпшілік назарына Тілдәш Битуованың бастамасымен ашылған республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығындағы өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, ел болашағына деген жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған түрлі жобалар мен іс-шараларды жүзеге асырып келе жатқан Жас патриоттар академиясы туралы бейнеүзінді  ұсынылды.

Жас патриоттар академиясының Алматы облысындағы төрағасы Жанаткүл Бүтімбаева, Қонаев қаласындағы «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығы филиалының директоры Жарқынай Қажымұқанова, Алматы қаласы Бостандық аудандық білім басқармасының басшысы  Айгүл Қасымбекова Тілдәш Рысқұлбекқызын мейрейтойына құтты болсын айтып, ізгі тілектерін арнады.

Жиын соңында Тілдәш Битуова сөз алып, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін өзіне Қызылорда педагогикалық институтына оқытушы болып жұмысқа орналасуға жолдама берілгенін,  алайда  ол жаққа бармай, еңбек жолын мектепте мұғалім болудан бастағанын айтты.  Содан бері білім беру саласында 60 жылдай уақыт  еңбек етіп  жатқанын тілге тиек етті. Өзінің мерейтойына арналған  салтанатты жиынның   барша мұғалімдер қауымына деген құрмет пен еңбекті бағалау деп  қабылдайтынын айта келе, соған жағдай жасаған Алматы облысы мен Қонаев қаласының әкімдігіне жүрекжарды алғысын жеткізді.   

Салтанатты жиын облыстық филармония әншілерінің орындауындағы  «Қазақ елі» әнімен қорытындыланды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑