Перейти к содержимому

Қарттарға қамқорлық

121 қаралым

Белсенді ұзақ өмір орталығының Ұйғыр аудандық филиалы 2025 жылдың ақпан айында жұмысын небәрі 50 қызмет алушымен бастаған. Бүгінде мұнда 232 адам тіркелген. Басым бөлігі – Шонжы ауылдық округінің тұрғындары. Орталықта би, хор-вокал, скандинавиялық жаяу жүру, цигун, йога, тоғызқұмалақ, жадыны нығайту, еңбек терапиясы, IT сауаттылығы мен емдік дене шынықтыру сабақтары өткізіледі. Одан бөлек, психолог пен медбике күнделікті қызмет көрсетеді.

Осы уақыт ішінде мұндағы апа-әжелер облыс көлемінде өткен түрлі байқауларға қатысып, ауданның атын шығарып үлгерген. Соның бірі – Гулистан Камаева. Талғар ­ауданы­н­да өткен тоғызқұмалақ жары­сында ол бірінші орынды иеленді. Ал нұсқаушылар арасындағы жалпы­командалық сайыста Гүлнар Ақүрпекова екінші орыннан көрінді. Райымбек ауданында скандинавиялық жүрістен өткен байқауда нұсқаушы Нұрсапа Нұрали екінші орынды жеңіп алды. Қарасай ауданында өткен сайыстан да жерлестеріміз олжалы оралды. Психологтар арасында Зухра Аблизова, жадыны нығайту мамандары арасында Рабилям Иминжанова бірінші орын иеленді. Осының бәрі жыл соңындағы қорытындыға да әсер етті. 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен байқаулардың нәтижесі бойынша Ұйғыр ауданы облыс көлемінде үшінші орынға тұрақтады.
Әрине, жүлде алған жақсы. Бірақ осы орталықтың ең үлкен жетістігі медаль мен орындарда ғана емес. Бір жыл бұрын мұнда бір-бірін танымай келген жандар бүгінде құрбыға, досқа, сырласқа айналған.
Қариялар демалысты ұйымдас­тыруда да белсенді. Мәселен, өткен жылы қызмет алушылар Қырғызсай ауылы­на барып, тау бөктерінде демалып қайтты. Табиғат аясында түрлі жаттығу­лар жасап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа салт-дәстүрімізді дәріптеді. Аудан көлемінде ұйымдастырылатын шаралардан да орталықтың қызмет алушылары шет қалмайды.
Осындайда «Адам қартайған соң не үйренеді?» деген түсініктің қаншалықты қате екеніне көзің жетеді. Кеше тоғызқұмалақтың тасын енді ұстап отырған әже бүгін жарысқа шығып, жүлде алып отыр. Бұрын спортпен айналыспаған жан таңертең жаттығуға асығады. Бірі әнге қосылып, енді бірі компьютердің қыр-сырын меңгеріп жүр. Ең бастысы, үйден шығуға, адамдармен араласуға, жаңа дүние үйренуге себеп бар.
Филиал басшысы Акпаржан Маден­ұлы аз ғана уақыт ішінде орталық­тың осындай үлкен ортаға айнал­ғанына қуанышты. Бір жылдың ішінде 50 адамнан 232 адамға дейін өсу жай ғана көрсет­кіш емес. Оның ар жағында орталыққа асығып келетін жүздеген адамның көңіл-күйі, жаңа таныстық, достық, ізденіс жатқанын, бұл олардың белсенді, ұзақ өмір сүруге деген талпынысының нәтижесі екенін де жасырмады.
Бәлкім, белсенді ұзақ өмірдің бар сыры да осында болар?! Жасты ойлап жасымай, «Енді маған не бар?» деп қол қусырып отырмай, әр күннен өзіңе керегін табу. Үйрену. Қозғалу. Араласу. Өмірдің әр кезеңінің өз қызығы барын сезіну. Орталықтағы апа-әжелер соны ісімен көрсетіп жүр.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы

↑