Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Қауіпсіз үй»: Алматы облысының Алатау қаласында профилактикалық іс-шара өтуде

«Қауіпсіз үй»: Алматы облысының Алатау қаласында профилактикалық іс-шара өтуде

112 қаралым

Алматы облысының Алатау қаласында 2026 жылғы 5 қазаннан 5 қарашаға дейін тұрғын үйлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үйлердің қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, тұрғын үйлер мен оларға іргелес аумақтар тексеріліп, кіреберіс есіктердің, құлыптардың, терезелердің және басқа да қауіпсіздік құралдарының жағдайы зерделенуде.
Тұрғындармен пәтер ұрлығы мен басқа да мүліктік қылмыстардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бейнебақылау камераларын, күзет дабылын және басқа да техникалық қауіпсіздік құралдарын орнатудың маңыздылығы түсіндірілуде.
Бұдан бөлек, профилактикалық есепте тұрған, бұрын сотталған және құқықбұзушылық жасауға бейім тұлғалар тексерілуде. Қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталып, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында тұрғындармен, ОСИ, КСК және үй комитеттерінің өкілдерімен кездесулер өткізіліп, көппәтерлі тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқылануда.
Іс-шара барысында пәтер ұрлығының, тұрғын үйге заңсыз кірудің, мүлікті ұрлаудың және тұрғын үй секторындағы басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылуда.
Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданып, азаматтармен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Полиция тұрғындарды өз үйлерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, есік-терезелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мүмкіндігінше бейнебақылау және күзет жүйелерін орнатуға шақырады.
Күдікті жағдайлар немесе құқықбұзушылық белгілері байқалған жағдайда, азаматтарға құқық қорғау органдарына дереу хабарласу ұсынылады.

Әділхан БАЗАРБАЕВ,
Алатау қаласы ПБ қоғамдық қауіпсіздік
бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы

↑