Кітап – адамға білім беретін, ой-өрісін кеңейтетін асыл қазына. Ал сол кітаптың қызығын танытып, оқуға деген ынтаңды оятатын адамның орны ерекше. Бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Дария Ерболатова – дәл сондай жан. Ол оқушыларға кітап оқудың адам өміріндегі маңызын үнемі айтып отырады. Өзі де кітап оқуды өте жақсы көреді.
Оқыған кітаптарындағы қызықты ақпарат пен пайдалы мәліметтерді үнемі бізбен бөлісіп отырады. Кейде біз естімеген деректерді айтып береді. Оның көп оқып, үнемі ізденіс үстінде жүретіні байқалады. Айтуынша, бір жылдың ішінде 40-тан астам кітап оқыпты.
Ұстазымыздың кітапқа деген қызығушылығы бізге де әсер етуде. Өткен оқу жылында апайдың бастамашы болуымен біз 8 кітап оқыдық. Алғашында осынша кітап оқу қиын сияқты көрінгенімен, біреуін аяқтап, екіншісін бастаған сайын қызығушылығымыз арта түсті. Дария Ерболатқызы кітап оқып қана қоймай, бізді де кітаппен достастыруға тырысады. Оқыған кітаптарымыз есте жақсы сақталуы үшін әртүрлі қызықты тапсырмалар беріп, арнайы сайыс ұйымдастырды. Онда оқыған кітаптарымыз бойынша сұрақтарға жауап бердік. Бұл сайыс менің есімде ерекше қалды. Өйткені мен жеңімпаз атандым. Оған қатты қуандым. Бірақ мен үшін ең маңыздысы кітапты мұқият оқысаң, оның әрбір оқиғасы мен кейіпкері есіңде қалатынын түсінгенім болды. Сол жарыстан кейін кітап оқуға деген қызығушылығым одан әрі арта түсті.
Дария апай кітапты жай ғана «оқып келіңдер» деп айтпайды. Оқыған шығармаларымызды сыныпта бірге талқылаймыз, кейіпкерлердің іс-әрекеті туралы ой-пікірімізді ортаға саламыз. Кейде бір кейіпкер туралы сыныптастарымыздың пікірі әртүрлі болып шығады. Сонда ұстазымыз әрқайсымызға өз ойымызды айтып, дәлелдеуге мүмкіндік береді. Бұл бізді кітапты жай оқуға емес, оқығанымыз туралы ой түюге үйретеді.
Бұрын бос уақытымда кітап оқуға үнемі ықылас таныта бермеуші едім. Осы күні кітап көрсем, оны тезірек оқып, мазмұнын білгім келіп тұрады. Оқыған сайын жаңа сөздер үйреніп, сөздік қорымның молайып келе жатқаны байқалады. Бір кітап бізді басқа заманға жетелесе, екіншісі адамның мінезін танытады, тағы бірі өмір туралы ойландырады.
Биыл қыркүйек айында елімізде кітап оқу марафоны басталды. Оның өткізілу тәртібімен танысып отырып, «Кітап оқитын педагог» деген бағытын көргенімде бірден Дария апай есіме түсті. Өйткені ол кітапты өзі ғана оқып қоймай, оқығанын шәкірттерімен бөлісіп, кітап әлеміне жетелейді. Өзімнің және сыныптастарымның кітап оқуға бет бұруына себепкер болды. Менің ойымша, кітап оқитын мұғалімнің сабағы да ерекше болады. Ол оқулықтағы мәліметпен ғана шектелмейді. Ал кітапты сүйетін мұғалімнің шәкірті де кітапқа бір қадам жақындай түседі. Сондықтан Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында Дария апайдың бізді кітаппен достастырып, оқуға, ізденуге және өз білімімізді сынап көруге үйреткені үшін газет арқылы алғыс айтқым келді.
Мәрмәр НҰРДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Т. Рысқұлов атындағы мектептің
6-сынып оқушысы
Талғар ауданы
