Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Мемлекет қолдау арқылы жеке кәсібін ашты

Мемлекет қолдау арқылы жеке кәсібін ашты

33 қаралым

Мемлекеттік қолдау мен табанды еңбектің арқасында көпбалалы ана сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, отбасына береке әкелуде.
Әр адамның жүрегінде ерекше орын алатын сүйікті ісі болады. Ал сол істі өмірлік кәсіпке айналдырып, отбасына табыс әкелумен қатар, бала тәрбиесіне де көңіл бөлу – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Сондай жандардың бірі – Алатау қаласы Дәулет шағынауданының тұрғыны Мадина Қоқымбаева.
Мадинаның тігін өнеріне деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін ол тігіншілік шеберлігін шыңдау мақсатында технологиялық колледжде білім алды. Кейін Алматы қаласындағы Технологиялық университетте «Киімді модельдеу және құрастыру» мамандығы бойынша жоғары білім алып, кәсіби біліктілігін арттырды. Осылайша, бала күнгі қызығушылығы болашақ мамандығына, ал сүйікті ісі өмірлік мақсатына айналды.
Отбасын құрып, көпбалалы ана атанған Мадина үшін бала тәрбиесі мен отбасының амандығы әрдайым бірінші орында. Әсіресе, денсаулығына байланысты ерекше күтімді қажет ететін баласына көбірек уақыт бөліп, оның жанынан табылу ол үшін аса маңызды. Осындай жағдайда үйден жұмыс істеуге мүмкіндік беретін кәсіптің болуы – Мадина үшін үлкен жетістік.
Бұл бастамада оған жұбайы мен ата-енесінің қолдауы ерекше шабыт берді. Жақындарының сенімі мен демеуі оған өз қабілетін дамытуға, кәсібін жолға қоюға және отбасылық міндеттерін де қатар алып жүруге күш береді.
Мадинаның өміріндегі маңызды белестердің бірі – мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант иегері атануы. Бұл жаңалық көпбалалы анаға ерекше қуаныш сыйлап, өз кәсібін дамытуға тың серпін берді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ол білімін тәжірибемен ұштастырып, сүйікті ісін табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік алды.
– Мен Алатау қаласының Мансап орталығы қызметкерлеріне көрсеткен қолдауы мен бағыт-бағдары үшін шынайы алғысымды білдіремін, – дейді кәсіпкер. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көру – отбасы үшін үлкен қуаныш, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын берекелі бастама.
Бүгінде Мадинаның шебер қолынан шыққан құрақ көрпелерге, қыз жасауына және түрлі киімдерге сұраныс артып келеді. Әрбір бұйымға ол өзінің талғамын, ұқыптылығын, еңбегін және жан жылуын сіңіреді. Ұлттық нақыштағы құрақ көрпелер мен қыз жасауын әзірлеу арқылы халқымыздың дәстүрлі қолөнерін де жаңғыртып келеді.
Үйден отырып кәсібін дөңгелеткен Мадина үшін бұл тек табыс табудың жолы емес. Бұл – өз білімін жүзеге асырудың, отбасына қолдау көрсетудің және балаларының жанында бола отырып, қоғамға да пайда әкелудің мүмкіндігі.
«Бұл мемлекеттік бағдарлама біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш пен бақыттың, береке мен жаңа бастамалардың бастауы болды», – дейді Мадина.
Шынында да, өз ісін сүйіп атқаратын, отбасына қамқор болып, қиындыққа мойымайтын аналардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Мадинаның алдағы мақсаты – кәсібін одан әрі дамытып, тұтынушыларының сенімін ақтау және қолынан шыққан әрбір бұйым арқылы адамдарға қуаныш сыйлау.

Толқын ОДАШҚЫЗЫ

Алатау қаласы

↑