Перейти к содержимому

Мөлдір тамшылар

326 қаралым

Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бүгінгі санындағы арнайы бетте белгілі журналист, ақын, қаламгер, бар саналы ғұмырын өңірлік басылымға арнаған Қанат БІРЖАНСАЛДЫҢ еш жерде жарияланбаған новелласы мен күнделігінен үзінді жазбалары алғаш рет оқырманға ұсынылып отыр. Бұл – қаламгердің жеке қорында сақталған, уақыттың табын, туған жердің тынысын, адам көңілінің иірімдерін өзіне сыйдырған сырлы жазбалар. Күнделік қаламгердің өз үні болса, новелла – сол үннің көркем өрнегі. Қанат Біржансалдың бар ғұмыры туған жерімен, журналистикамен, ел сөзін айтумен сабақтасты. Сондықтан оның әр жазбасынан Аспантаудың қоңыр тіршілігі, таудың мінезі, елдің сөзі мен адамның тағдыры сезіледі. Бүгінгі бетте қаламгердің шығармашылық мұрасын толықтыра түсетін құнды дүниелердің бір парасы қалың оқырманға жол тартты. Бұл жазбалар перзенттік парызбен жинақталған «Тауларым – менің тағдырым» кітабындағы құнды мұрамен де өзектес. Қағазда қалған сөз уақыт өткен сайын тарихқа айналады. Ал жүректен шыққан сөз ұрпаққа аманат болып қалады. Сол аманаттың бір үзігін оқырман назарына ұсынамыз.

Сол күні Дәмелі шешей қатты күйініп, аяқасты шыр-пыры шығып, тулады да қалды. Түнде бетіне қарап отырған Торғыны әлдебір жолдастарымен бір жаққа кетіп, келмей қалмасы бар ма?! Мүмкін таудағы Қуанышына кетіп қалды ма деп өзін-өзі жұбатқанымен, көңілі секемденіп байыз таппаған. Ары аунап, бері аунап, таң алакеуім тартқанда шыдай алмай, далаға шыққан. Қайдан сап ете қалғанын, қолдарында көтерген сөмкелері бар екі-үш әйел қаумалап ортаға ала түссін. Не дейді де: «Қайырлы таң, кұдағи! Дені-қарның сау ма?». Құдағиына ұқсап тұрған бірі жоқ. Сонау Баян-Өлгейден қалай келе қалсын? «Балалар балалығын істепті, Тәңір қаласа, Құдай қосқан құда болдық. Кешіріп қой. Торғының бізге келін болды. Мінеки, қолхаты», – деп қарап тұр.
Ал кеп туласын! Көктен түскендей сап ете қалған құдағилардың екі аяғын бір етікке тықты. Әуелі ептеп-септеп, төрге озбақ ойлары бар. «Келінді сендерге көрсетейін. Қазір қызымды да, балаңды да алдыма әкеліңдер», – деп келген ізімен кері қайтарды.
«Үйбай-ау, бұл не деген сұмдық? Бір түнде қой құсатып ұрлап алып, келінді болдық, құдандалы болдық дейді. Ештеңенің қарасы жоқ. Ата салтын сыйлап өскен халық едік қой. Көрсетейін келінді!» – деп Дәмелі шешей күйініп жүр. Таудағы Қуанышына, Мақсатына, келіндеріне хабар жіберді. Анау ақылсыз қызына ренжіді. Санасына құйып келген ақылын аяқасты еткеніне жаны шыдар емес.
Иә, басы осылай басталған бұл оқиғаның соңы өткінші жаңбырдан кейін жадырай ашылған күндей болғаны қандай жақсы еді. Әйтпесе, кім біледі, қалай өрбіп кетерін?! Төрт көздері түгел, әлгінде етекке оралып жүрген құдағилары бар, бәрі қыз бен жігітті ортаға алсын. «Қайтем енді? Уәдем бар еді. Бірақ қазір үйленетін ойым жоқ болатын. Кешіріңіздер», – дейді қызы дәрменсіз. Тілектері мен жүректерін табыстырған екі жастың алдына кім шықсын? Дәмелі шешей де сабасына түсіп, алғашқыдай емес, жүні жығылып-ақ қалды. Өрістегі ақтылы қойларын тастай салып, далақтай шауып келген Қуаныш пен Мақсат та жөндеріне келді.
Қайткен күнде де қыз жағының өкпесі орынды еді. Баян-Өлгейді мекендеген бауырларымыз да қызды алып қашып үйленуге тыйым салған. Көңіл қосқан қыз бен жігіт алдымен қыз үйінің үлкендерінің алдынан өтіп, ризалығын алады екен. Содан кейін оларға жол ашық. Иә, Дәмелі шешейдің бір топ қандасымызбен бірге осы ауданға көшіп келгеніне көп бола қойған жоқ еді. Көпті көрген зерделі ана екі келін алып, бірнеше қыз ұзатқан. Үлкен шаңырақ иесі. Қызы Торғынның мектеп бітіргеніне биыл – екінші жыл. Ал оның көңіл қосқан серігі Аманжол ауылда еңбек етеді.
Сол күні екі жақтың қабақтарын түсіріп, көңілдерін торлаған бұлт ыдырап, өңдері жазылды. Келін түсірген, құда болып, өрісі кеңіген қуаныш шадыман-шаттыққа ұласты. Бұл хабар сол күні-ақ ауылға тарады.
Пай-пай, шіркін, қуанышқа не жетсін?! Әсіресе, келін түсірген үйдің шаңырағы шаттықтан шалқиып тұрды. Орамалы өңін ашып, жүзі шырайлана түскен Торғынның көңілі ойпы-тойпы. Анда-мұнда өзінше сырбазданып, бой көрсетіп қоятын Аманжолға қабағын түйіп, жұдырығын көрсетіп қояды.
– Саған айтпап па едім, біздің жақтың салты сондай деп. Ең кұрыса, жасауымды дайындап алуыма үлгертпедің, – дейді Торғын кәдімгідей балаша томпиып.
– Болды енді. Ештеңе жоқ. Жасауыңды асықпай-саспай, жасайтын болдың, – деп Аманжол да қалысар емес.
Қандай ғажап десеңізші?! Бәрі де шындық. Баян-Өлгейдегі қандас­тарымыздың ұстанған салты қандай?! Бойжеткен қыз өз жасауын өзі алдын ала қамдастырып қояды. Ал бізде басқаша. Бәрін айт та, бірін айт, келін түсірген ауылдың көңілі тоқ. Он тоғызға жаңа толған Торғынның қолынан бәрі келеді. Тері илеп, құлақшын тігеді. Тоқыма, ою-өрнек десе, алдына жан салмайды. Қолынан шыққан бұйымдары көз жауын алады. Оны тәрбиелеген анасынан айналып кеткің келеді.
Көктемнің тағы бір таңы арайлана атып келеді. Топ-толық бұрымы тірсегін соққан Торғын ырғала басып, суға беттеп барады. Балғын денесіне құйыла калған торғын көйлегі аяқ басқан сайын толқындана түседі. Оюлы бешпеті қыпша белін көмкеріп, ажарын аша түседі. Ең бастысы, шығыс жақты нұрға бояп, атып келе жатқан ақ таңдай Торғынның да жүзі тым арайлы еді. Ол бір сәт мойнын бұрып кеуделі тауларға көз салған. Қыр асып бара жатқан балалығы, қызығы мен қуанышы көп алаңсыз уыз күндері ойына оралды ма, кім білсін, жанарына мөлдіреп жас тұнды. Мөлт еткен мөлдір тамшылар үзіліп кетті. Ол қуаныш тамшылары да еді.

Күнделік – көңіл терезесі

27.01.1979 жыл. Кластағы Гүлге сұра­тып алған «Алаң болма, апа» атты кітапты түнгі сағат 3-ке дейін оқыдым. Кітап негі­зінде Джанели деген грузин жігіттің қызықты өмірі суреттеледі. Институт іздеп, Тбилиси қаласына келуі, өкінішке қарай, түсе алмай, қалада, туысының үйінде қалып, біраз жағдайларды бастан кешуі, солдатқа аттануы, қырағы көз, ержүрек, батыл шекарашының әскери қимылын көруге болады.
10.02.1979 жыл. Сенбі. Бүгін мектепке ширақ қимылмен келдім. Біздің сыныпқа Болат ағай сынып жетекші болды. Сонымен қатар сыныпта жаңа тәртіптер орнатты. Иә, қатал мұғалім сыныпты шарықтатып, алдыңғы қатарлы сыныпқа айналдырады. Міне, күн төбеге келді. Сабақ аяқталды. Үйге келдім де, азын-аулақ күнделікті жұмыстарыма кірістім. Су әкелу, отын жару, қойға шөп салу секілді болып кете береді. Мұрат екеуміз Зәкірге барып, оған су әкелісіп, біраз жүріп, сағат 4:00-де үйге келдім. Кітаптан соң кітап. Енді Қасым Қайсенов жазған, өзінің басынан кешкен партизандардың қарақшылықтығы және жойқын қозғалыстары туралы үлкен кітаптың алғашқы беттерін аудара бастадым.
Кітап екен адамды ойландырар,
Мың құбылтып, жүректі толғандырар.
Кітап екен адамды қуандырып,
Жалғыздықта жаныңды жұбандырар.

17.03.1979 жыл. Күнделік деген асыл мұра емес пе?! Осындай жастық шағыңның, оқушылық өміріңнің соңғы жылының, қиыншылықты да қызықты, қуанышты да жас жүректі елжіретер қимастыққа толы мектеп өмірінен толымды етіп жазғанға не жетсін?! Мектеп бізді болашақ өмірге, лайықты мамандығымызға, еңбек майданына аттандырар асыл ұя, білім ордасы екені айдан анық. Бұл біздің екінші үйіміз саналады. Иә, сыналар шақ, қоштасар шақ жақын қалды. Қоштасу. Көңіл-күйің қалай ғана шыдамасын бұндай жағдайға, жас жүрегің елжіреп, көзіңе жас келгенін білмей қаласың! Сонымен қатар балалықты, шат өмірді, жастық шақтың албырт күндерін артқа тастайсың. Өмірдің бел-белесінен, бұралаң тартқан белдерінен ауыртпалығы мен қиыншылығы мол асуларынан қалмай бұзып-жарып, арманына жеткен адам баршылық болар? Бақыт пен шаттықтың өзі осында емес пе?! Арман адамды алдамайды. Арманым – журналист болу.
06.06.1980 жыл. Арман. Арман жайлы айтқан бір редактордың сөзі есімде. «Жас өрендер, жас толқындар, сендердің әрқашан асыл арман серіктерің болсын», – деген еді-ау! Өз басым арманды мақсаттан бөлек тұрғыда санаймын. Арман – өмірден бір нәрсені, яғни өзіне табындыратын дария күш иесін арман ету, үміт ету, талпыну болмақ. Егер сол арманыңа жетпеген болсаң, өзек жарып өкінбейсің, көзіңе жас алмайсың, күрсінбейсің. Өйткені ол – арман. Әркімнің арманы, талап-талғамы әртүрлі. Мысалға, біреу қызды, біреу атақ-мансапты, біреу биіктікті, енді біреу даңқ-тұғырды, шыншылдықты арман етеді. Енді біреу тыныш өмірді, жайлы тіршілікті көксейді. Біреуіне кекесінмен ызбарлана қарасаң, біреуіне ізгілікпен қарайсың.
10.08.1980 жыл. Даладағы ой. Түн. Өмір туралы ойлар. Міне, тағы да түн құшағындамын. Түнгі дала, түнгі аспан маңайым. Ай көрінбейді. Ай толықсып көтерілгенде, мынау аспан аясындағы жұлдыздар саны азайып қалғандай болады. Ал керісінше, айсыз аспанда жұлдыздар шоғыры молайып, бұрынғыдан да жарықтанып, жайнай түседі.
Ай туып келеді, қияқтанып,
Аңсаған арманым сияқтанып.
Тағатым таусылды
Аңсадым дауысыңды.
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.

Гитарамның дыбысы тып-тыныш түн ішінде бұрынғыдан бетер сомданып, қанаттана қалықтай түскен. Мен осы түнде өмір жайлы, өмірдегі кейбір ұнамсыз жайлар туралы ойға берілдім. Біріншіден, өмір адамға бір-ақ рет келеді. Ал сол біреуге ұзақ, біреуге шолақ, әркімге әрқалай тірлік, дәм-тұз беретін осынау өмір атты кең мағыналы ұғымға кім, қалай қарайды, кім қалай басынан өткереді?! Кім өмірден қиыншылықты көп көреді? Осының бәрінде тұнып тұрған сыр, толайым пікірлер бар. Біреу өмірге шын сүйіспеншілікпен, шынайы іңкәрлікпен, толқынды құштарлықпен қарайды. Мұндай адам еңбекшіл, қағілез, қабілетті, дарынды, өміршең, адамгершілікті келеді. Мұндай адам шыншыл, әділетті, ақ жүректі коммунист болмақ. Мәселен, оған Н.Островский, А.Мересеев, тағы сол сияқты мыңдаған адамның өмірі тән. Мұндай адамдар Отанын жанындай, жалындай сүйген үлкен жүректі патриот, батыр да тұлғалы, өзі өлсе де, аты, істеген ісі өлмейтін, жарқын жүзі сөнбейтін қастерлі, қымбатты адам болмақ. Бұған жүздеген адамның өмірін саралап, сабақтасақ, әрқайсынан алақандай әңгіме емес, парағы аударылған романдар туындамақ. Демек, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, өмірге келген әрбір адамның, ең бастысы, өмірге қажетті, лайықты болуы демекпін. Сондықтан өмірге қажетті, лайықты болуды арман ету абзал болса керек.
11.08.1980 жыл. Махаббат – өмірге шыр етіп келген әрбір жанның кездесуінен оянатын, таңертеңгі өсімдікке қонақтаған мөлдір шық тәріздес шынайы, қастерлі сезім. Бұл сезім арқылы екі жүрек жұптасып, өмірге аяқ басады. Бұл – бір арнаға тоғытылатын семьялық өмірдің бастауы. Махаббатың түрі де мол. Мәселен, баланың анаға, ана­ның балаға, адамның аңға, табиғатқа, Отанға, туған жерге, еліне деген сүйіспеншілігінде жатса керек.
Мен көз алдыма осыдан бірнеше ғасыр бұрынғы жылдардағы махаббат жайлы елестерді әкелер болсам, бірі үшін бірі жанын қиған, махаббаттарына кіршіксіз нағыз махаббат иелері Қозы мен Баян, Жібек пен Төлеген сынды көптеген жандардың сан түрлі өмірі көңілге қонақтайды.
Қазіргі білім мен ғылым, мәдениет пен әдебиет, сана мен ой, техника мен космонавтика дәуірлеген жиырмасыншы ғасырда махаббат қадірі азайған, бала­ның қолындағы ойыншық тәріздес. Жоғары­дағыдай махаббат мыңның бірінен кездесуі мүмкін. Жастардың жаңа заманға сай талғамдардың өскендігі, сол бір-бірінен ішкі жан сұлулығынан гөрі, сыртқы өң сұлулығы, сымбаттылығы қымбат секілді көрінеді. Кейбір жайларға қарап отырып, таңданасың, ренжисің.
14.08.1980 жыл. Иә, осы бақыт деген не, кім қалай түсінеді, кім бақытты? Бақыт деген не деп досыма анкеталық пікір алысуда сұрақ қойғанымда «Еңбек» деп жауап жазған. Ал мен оның қойған сұрағына «Бақыт деген – орындалған арман, мақсат» деген болатынмын.
Еңбек арқылы бақытқа жеткендер көптеп кездеседі. Тек қана ол дене еңбегімен айналысатындар үшін емес, ой еңбегімен айналысатындарға тән. Еңбек барлық жерде, барлық істе – еңбек. Диқан, механизатор елі үшін тер төгіп, алтын астық жинауда, жер жыртуда, мал азығын дайындауда аянбай еңбек етіп, Отанының сый-құрметін иеленіп, бақытқа бөленеді. Еңбек арқылы тапқан бақыт құсы сол. Мысалы, оған Қ.Диқанбаев, К.Әбдібаева, К.Дөненбаева секілді мыңдаған еңбекшіл жанның үлгілі өмірі куә. Ой үстіндегі ақын, жазушы. Алдына түскен шашын кері салалап, алдындағы ақ қағазға қыран-бүркіттей шүйіліп, әлсін-әлсін жүрегіндегі, ойындағы тұнып жатқан маржан сөздерін түсіріп қояды. Міне, сол арқылы романдар, әңгімелер, дастандар, поэзиялар, қымбат мұралар туындап жатады. Сол туындатқан дүниелері халық жүрегінен ыстық жол тапса, бұл – ақын, жазушы үшін үлкен бақыт. Бір нәрсені, өмірден өз орныңды арман етсең және сол арманыңа жетер болсаң, бұл да саған өмірдің ұсынған бақыт құсы. Ал енді біреу бақытты былай түсінеді: «Өзіңді біреудің түсінуі, сүйетініңді білуі», – дейді. Шынында бұл да бір бақыт қой. Иә, бақыт деген – тіршілік. Бақыт деген – еңбек. Бақыт деген – өмір. Бақыт деген – орындалған арман, мақсат. Бақыт – өмір сыйы, мол қуаныш. Бақыт, ол – баянды бейбітшілік. Бақыт, ол – өмірге жан болып келуің. Бақыт – ол шат заманның бар қызығын көруің. Бақыт, ол – қайғы-мұңсыз, жадырап, жарқын күлуің. Бақыт, ол – өмірді терең сезінуің, білуің. Ең бастысы, дәл осындай заманға тұспа-тұс кеп, бақытты өмір сүруің!!!
15.08.1980 жыл. Бос уақытқа әркім әрқалай қарайды. Әрқалай өткізеді. «Бос уақыт – рухани байлық » деген сөз бар. Сонда қалай, бос уақыттан рухани өзіңе нәр аласың? Өз басым, бос уақыттың әр минутының қымбат екенін біле тұра, өз мәнінде өткізбейтін болыппын. Иә, ерен санамай жүрмін бе? Мен мектепті бітіргелі өз бойыма бір әдет сіңірдім. Бұл әдет денеме мысқалдап кіріп, батпандап шықпайтынға айналды. Мәселен, клубқа баруымды шектедім. Қызықты кино, тамаша концерт десе де, елең етпеймін. Тіпті клубқа ықыласым ауып, тәбетім соққан емес. Мен бүгін бір шешімді іске кіріспекпін. Мен бүгіннен бастап бос уақытымды баянды өткізудің жолдарын қарастырамын.

  1. Сағат 18.00-19.00-ге дейін (кешкі) демалу, өзіме келген бірлі-жарым хаттарға жауап жазу. Ойға берілу.
  2. Сағат 19.00-20.00-де әдеби кітап, газет, журнал оқу.
  3. Сағат 20.00-20.30-ға дейін музыка тыңдау, гитара тарту.
  4. Сағат 20.30-21.00-ге дейін поэзиялық шығармалар жинағын оқу.
  5. Сағат 21.00-22.00-ге дейін бір күнгі жағдайымды саралап, күнделікке түсіру. Мақала жазу. Факт, керекті материалдар дайындау.
  6. Сағат 22.00-23.00-ге дейін кейде кездейсоқ жағдайлармен осы графикте істелінбей қалған жұмыстардың орнын толтыру.
  7. Сағат 23.00-де ұйықтау.
    19.08.1980 жыл. «Жетісу» газетіне алғаш рет мақалам жарық көрді. Бүгінгі кешкілік почта менің жанымды ерекше бір қуанышқа бөледі. Иә, «Советтік шекара» мен «Жетісуға» жазған мақалаларым шығыпты. «Жетісуға» бұл менің алғаш рет мақала жазуым және де алғаш рет шығуы. «Қала мен селоға көрікті келбет» атты рубрика­мен газеттің төртінші бетіне басылыпты. Сонымен қатар Коммунистік партияның құрамына мүшелікке өтуге өтініш жаздым.
    27.08.1980 жыл. Менің тек журналист болғым келеді. Кеше қарындасыммен сөйлескенімде оның маған айтқан бірнеше сөзі көңілімнен кетер емес. Тіпті маған ақыл айтып, жөн сілтеп кеткен сияқты. Мәселен, «Оқуға неге бармайсың, ең құрымаса, бір-екі рет тапсырып, бағыңды сынасаң, болар еді ғой» немесе «Жігіт адамға ауыл ішін айналсоқтау, сыртқы тіршіліктен бейхабар болу жараспайды» деген сөздерін ойыма алып, жауабын іздеймін. Іздегеніммен екеуінің де жауабын әңгімелесіп тұрған кезімде-ақ көмейіме тірелткенмін. Әйтсе де бері асыруға өзімді-өзім тоқтатқанмын. «Иә, оқуға барғаным рас. Қатарынан екі жыл. Менің тек журналист болғым келеді. Бірақ та, өкініштісі, мен бұл мамандық үшін әлі баламын. Демек, мен қашан өзіме-өзім сенімді боламын, сонда ғана тапсырамын!».
    Екінші сөзі үшін мен оның өзін аздап кінәлаймын. Бір жағынан, оныкі де дұрыс, айтуы орынды. Ал екінші жағынан, асығыстау айтылған пікір. Иә, адамның бірін-бірі шын түсініп, жандүниесін терең бойлай алмайынша, бірін-бірі туралы пікір, тұжырым, сипат айту, тіптен орынсыз болады. Тілшілікті қалайтын адам үшін еркін қол, еркін аяқ, қиялыңа қанат керек. Ара шалқар даланы аралап, дәмді өсімдімдіктен дән жинайды, ал тілші де сол сияқты жер-жерді аралап, жақсы материал жинайды.
    02.11.1980 жыл. Тәтем Күлихан қыдырыстап, Шелекке кеткен болатын. Бүгінгі күні келуге тиіс-тін. Мен кешке жуық Көксайға жөнелдім. Тәтем келіп алыпты. Айтқан бірлі-жарым бұйымтайларымды ала келіпті. Бұйымтайларымның ішінде А.Дюманың «Үш ноян» атты кітабын қосқанда, 5-6 кітап бар екен. «Үш ноянды» маған Бақыткүл естелікке беріпті.
    04.11.1980 жыл. «Үш ноянның» соңғы бетін де жаптым. Көз алдымда Д.Артанян бастаған жүректі, ер жігіттер Атос, Портос, Арамистердің іс-әрекеті, жауынгерлік жорықтары келетіндей. Неткен оқиғасы қызықты, тартымды роман десеңші?! Кітап авторы А.Дюмаға айтар алғысымыз да, туындысына көрсетер ықыласымыз да шексіз болмақ.
    09.11.1980 жыл. «Советтік шекара» газетіне досым Жақанның алғашқы еңбек қадамы жайлы мақала жазып жіберген болатынмын. Ол «Сенімге сергек қарайды» атты айдармен газеттің үшінші бетіне екі есе етіп толтырылып, үлкен мақала болып басылыпты. Оқи отырып, таңданамын. Газет редакциясында қызмет істейтін, мақалама ерекше қамқорлық жасап, менен осы арқылы үлкен үміт күтіп жүрген белгісіз адамгершілікті жандарға алғысымды білдіргім келді. Иә, менен үміт күтеді. Сенімдерін ақтай білу қандай абзал іс десеңші?! Тіпті күннен-күнге қалам ұстау, мақала жазу күрделеніп, қиындай түскен тәрізді.
    10.11.1980 жыл. 18 жас! Адам өмірге бір-ақ рет келеді. Сондықтан сол өмірді өкінбестей өткізу – әр адамның асыл мұраты. Біздің өмір, иә, күн дидарлы, жаз келбетті өмір десек, артық айтпағандық болар еді. Өмірге, өскен ортаңа, ең бастысы, Отаныңа, халқыңа лайықты болу қандай абзал, асқақ қуаныш десеңші?! Мен осынау өмірден шындықты, әділеттілікті, адамгершілікті, еңбекті қалап алдым. Мен осыларды өміріме серік етемін. Болашаққа қанат қағамын.
    14.11.1980 жыл. Ертеңгілік жұ­мысқа ке­тіп бара жатсам, бригадир Тілеуберді шақырды. Барсам, бүгін кешке комсомолдардың есеп беру-сайлау жиналысы болады екен, соған қол қойдыртып алды. Жұмыс барысында көзім кіртиіп, бойым дел-сал болып, жұмысқа жөнді араласа алмадым. Кешке жиналысқа бардым. Келген адамдардың дені қыз, ұлдар аздау. Барлығы мықтап кетсе, 30-дан аса адам. Бір-екі аудандық өкіл, совхоздың партком секретарі, жұмысшылар комитетінің председателі қатынасты. Жиналыс соңынан комсомол комитетінің бір жылғы жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берілді. Комсомол секретарлығына Смағұлованы жаңадан тағайындады. Мені комитет мүшелігіне сайлады. Сондай-ақ, комсомол прожекторының сатиралық газетінің редакторлығына ұсынды. Кешкілік Сержандардың үйлерінде болдым.
    17.11.1980 жыл. Қолымда Ө.Қанахиннің «Бақыт бәйшешегі» атты соңғы жылдары шыққан шағын кітапшасы. Бұл кітабына әңгімелері мен повестері енгізіліпті. Оқылуы жеңіл, оқиғалары қызықты тамаша туынды екен. Қызыға оқудамын.
    07.12.1980 жыл. Бүгін демалыс. Әртүрлі жұмыстармен айналысудамын. Келген хаттарға жауап қайтардым. Мақала жаздым. Көңіл біраз жайланып қалды.
    04.01.1981 жыл. Бос уақытымда көбінесе әдеби кітап оқудамын. Стендальдің «Қызыл мен қара» атты үлкен романын бітірдім. Сондай-ақ Ә.Нұрпейісовтің қазіргі ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы жас қалам иелерінің прозалық шығармаларынан жинақталған «Жүздесу» атты кітабымен жүздесіп тастадық. Иә, бос уақытыңда бір сәт музыка тыңдаған қандай ғанибет! Үлкен әсерге бөленесің.
    21.11.1981 жыл. Бұл күн менің өлеңімнің баспасөз бетінде жариялануына арқау болды. Бұл күн – мен үшін ең қуанышты күн. Ең қымбатты күн. Бұл күн – менің туған күнім, думан күнім. Жандүнием, жас жүрегім осы күнді туған күнім санады. Осылай шешім етті. Бұл ай менің партияға өтуіме байланысты болады. Бұл күн менің өлеңімнің баспасөз бетінде жариялануына арқау болды.
↑