Перейти к содержимому

Өмір жолы – өнеге

362 қаралым

Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде «Ленин» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның Халық ағарту ісінің үздігі Жұмабай Жадриннің туғанына 100 жыл толуына орай «Қалдырған ізің мәңгілік» атты еске алу шарасы өтті.

Тағылымды мәдени-көпшілік жиынға аудан басшылығы, ардагер-ұстаздар, зиялы қауым өкілдері, мерейтой иесінің туған-туыстары мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген шәкірттері қатысты. Кеш шымылдығы ұлағатты ұстаздың өнегелі өмірі мен өлшеусіз еңбек жолына арналған деректі фильм көрсетілімімен ашылып, жиналған қауымды бір сәт өткен күннің жарқын естеліктеріне жетеледі.
Салтанатты шарада алғашқы сөз алған Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ықылас Амалбек аудан басшысы Нұрлан Ертасұлының мерейтой иесіне арналған лебізін жеткізді. Ол өз сөзінде өңірдің білім беру саласына ұстаздың қосқан мол үлесіне тоқталып: «Жұмабай Жадыраұлының өмір жолы – адал еңбек пен ұстаздыққа деген шексіз жауапкершіліктің жарқын үлгісіндей. Оның есімі тек бір ауданның ғана емес, тұтас елдің білім тарихында алтын әріппен жазылды», – деп атап өтті.
Шын мәнінде, Жұмабай Жадрин саналы ғұмырының 45 жылын Жамбыл ауданындағы педагогикалық қызметке арнаған. Соның 20 жылдан астам уақытын Үңгіртас қазақ мектеп-интернатының басшылығына арнап, бұл шаңырақты нағыз білім мен тәрбие ошағына айналдырды. Көрнекті ұстаздың қажырлы еңбегінің арқасында аталған білім ордасы озық тәжірибесімен Кеңес одағына танылды. Мектеп жұмысымен танысу үшін дүниежүзінің 50-ге жуық елінен шетелдік делегация арнайы келіп, тәжірибе алмасты. Ол басқарған мектепте оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, еңбекке ден қойды. Мектеп ауласын абаттандырып, ағаш екті, арнайы шеберханаларда комбайн макеті мен шахмат фигураларын жасап шығарды. Мектептегі оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі сол заманның өзінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген білікті маман еңбек жолын Қарғалы мектебінен бастап, одан кейін Жамбыл, Қарақыстақ ауылдарында мектеп директорлығын абыроймен атқарды. Одан кейінгі өмірі мен қызметі Үңгіртас мектеп-интернатымен етене байланыста өткен. Ардақты ұстаздың өнегелі жолын отбасындағы балалары мен немерелері де жалғастырды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ұстаз Күләш Шәмшидинова Жұмабай Жадриннің педагогикалық ұстанымы мен басшылық қасиеттерін жоғары бағалады. Ол ұстаздың есімін жаңғыртып, мұндай тұлғалардың еңбегін кейінгі жастарға үлгі етудің маңызына ерекше тоқталды. Сондай-ақ ұстаздың мақтанышына айналған шәкірттерінің бірі, физика-матема­тика ғылымдарының докторы, Швеция, Франция және Англиядағы Ақпарат­тандыру академиясының ака­демигі Адамбек Тәтенов жүрек­жарды есте­лі­гімен бөлісіп, ұстаз тәрбиесі өмір­лік бағдар болғанын жеткізді. Шара соңында мерейтой иесінің ұлы Бейбітжан Жұмабайұлы кешті өткізуге атсалысқан және әке рухына тағзым етіп келген барша қауымға әулет атынан шынайы алғысын білдірді.
Мерейтой аясында жазушы-журна­лист Тұрсынбек Ешенқұловтың Жұмабай Жадриннің өмірі мен ұстаздық жолына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты кітабы таныстырылып, қалың оқырманға жол тартты. Жиын соңы аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Жұмабай Жадриннің туған топырағы – Қарғалы ауылындағы «Асыл әжелер» тобының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік кештің әсерін арттыра түсті.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑