Перейти к содержимому

Өндірістің жаңа белесі

73 қаралым

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарадала төсінде алып өндіріс орнының құрылысы басталғанда, оның аз уақыттың ішінде қарқын алатынын көпшілік біле бермеген шығар?! Бүгінде сол кәсіпорын жүздеген адамды жұмыспен қам­тып, өнімін елімізбен қатар шетелге де шығарып отырған ірі кешенге айналды. Ұйғыр ауданындағы «Прима Құс» ЖШС кешенінің үшінші кезеңі іске қосы­лып, өндіріс тағы бір сатыға көтерілді.

542 гектардан астам аумақты алып жатқан кәсіпорын Chickodelli сауда белгісімен өнім шығарады. Мұнда балапан өсіруден бастап, құс етін сою, өңдеу, сақтау және дайын өнімді тұтынушыға жеткізуге дейінгі жұмыс бір жерде жүргізіледі. Яғни өндірістің толық циклі қалыптасқан.
Жаңа өндірістік нысандардың іске қосылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, Ұйғыр ауданының әкімі Талғат Байеділов, кәсіпорынның бас директоры Алексей Залевский, компания басшылығы мен қызметкерлері қатысты. Келген қонақтарды ең әуелі кәсіпорынның бас директоры Алексей Залевский қарсы алып, Chickodelli өнімдерінен жасақталған көрмені таныстырды. Құс фабрикасының осы уақытқа дейін жүріп өткен жолы мен алдағы жоспары да осы жерде сөз болды. «Үшінші кезеңнің іске қосылуы – ұжымның үлкен еңбегінің, мемлекет пен қаржы институттары тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі. Біз заманауи, экологиялық таза әрі қауіпсіз кәсіпорын қалыптастырып келеміз. Chickodelli өнімдері бүгінде Қазақстанда ғана емес, шетелде де өз тұтынушысын тауып отыр. Алдағы уақытта экспорт көлемін кеңейтіп, сапа талаптарын одан әрі жетілдіруді көздейміз», – деді Алексей Залевский.
Кәсіпорынның құрылысы осыдан бес жыл бұрын басталған. Бүгінге дейін жобаға 66 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Оның 21 миллиард теңгесі компанияның өз қаражаты болса, 45 миллиард теңгесі несие есебінен қаржыландырылған. Аумағының өзі атшаптырым жерді алып жатқан алып өндірістің жұмысы сыртқы жүйеге ғана тәуелді емес. Мұнда қажетті инженерлік инфрақұрылым жасалған. Электр желілері, газ-поршеньді және жел генераторлары, артезиан ұңғымалары мен заманауи су тазарту жүйелері бар. Теміржол тұйығы салынып, кірмежолдар да жасалған. Мұның бәрі өндірістің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажет.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов кәсіпорын ұжымын жаңа кезеңнің іске қосылуымен құттықтап, мұндай өндірістің өңір экономикасындағы орнына тоқталды. Оның сөзінше, үшінші кезеңге 13,5 миллиард теңге жұмсалған. Енді кәсіпорынның төртінші кезеңін жүзеге асыру көзделіп отыр. Ол толық аяқталса, фабриканың өндірістік қуаты жылына 70 мың тонна құс етіне дейін артпақ.
Қонақтар кейін өндіріс аумағына өтіп, құс сою цехындағы жұмыс барысын көрді. Арнайы таза аймақта етті өңдеу кезеңдерімен, өндірістегі санитарлық талаптар және өнім сапасын бақылау тәртібімен танысты. Әр учаскедегі жұмыс автоматтандырылған жүйелер арқылы жүргізіледі. Өндірістегі тазалық пен тәртіпке де ерекше көңіл бөлінетіні байқалады.
«Прима Құстың» алғашқы өндірістік кезеңі 2023 жылдың наурыз айында іске қосылған болатын. Ал екінші кезеңі биыл мамырда аяқталып, жылдық өндіріс қуаты 26,3 мың тоннаға жеткен. Үшінші кезеңнің ашылуымен бұл көрсеткіш 35 мың тоннаға дейін артты. Жаңа кезең аясында 12 құс қорасы бар №4 бройлер өсіру алаңы іске қосылды. Сонымен бірге 12,2 мың тонна астық сақтайтын элеватор пайдалануға беріліп, өндірістің тоқтаусыз жүруіне қажетті қосымша жабдықтар орнатылды.
Алып өндірістің аудан үшін тағы бір маңызды тұсы – жұмыс орындары. Қазір мұнда 750-ден астам адам еңбек етеді. Іске қосу-жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң олардың саны 840 адамға дейін көбейеді.
Бір кездері фабриканың тыныс-тіршілігімен танысуға барғанымызда мұнда 500-ден астам адам еңбек етіп жатқан еді. Бүгінде жұмысшылар санының да, өндіріс көлемінің де артқаны көрінеді. Кәсіпорынның әр кезең сайын кеңеюі жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп отыр.
Chickodelli сауда белгісімен шығарылатын өнімдер ISO 22000 (HACCP), ISO 9001 халықаралық сапа және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Өнімнің «Халал» сертификаттары да бар. Бүгінде мұнда өндірілген құс еті Қазақстан нарығымен ғана шектелмейді. Өнімдер Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан мен Таяу Шығыс елдеріне экспортталады. Кәсіпорын Қытайдың тиісті мекемелерінің аудитінен де өткен. Ендігі жерде Қытай нарығына шығуға қажетті мемлекетаралық рәсімдердің аяқталуын күтуде.
Компания алдағы уақытта өндірісті одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Төртінші кезең аясында жылына 70 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік жасалмақ. Осы мақсатқа тағы 40 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Ал жұмысшылар саны 1200 адамға дейін жетеді деп жоспарлануда. Жобаның төртінші кезеңін 2028 жылы толық іске қосу межеленген.
Қарадала – қашанда мал бағып, егін егіп, жердің берекесін еңбектен тапқан өңір. Бүгінде соған заманауи өндіріс те қосылып келеді. «Прима Құстың» бірінен кейін бірі жаңа өндірістік кезеңдерді іске қосып жатқаны – соның бір көрінісі. Мұндай кәсіпорынның ауданға берері өндірілген өнімнің тоннасымен ғана өлшенбейді. Оның артында тұрақты жұмыс тауып отырған жүздеген отбасы, ауданға тартылған миллиардтаған теңге инвестиция, жергілікті тұрғынның өз ауылынан алысқа кетпей еңбек ету мүмкіндігі тұр. Үлкен өндірістің Қарадала үшін ең үлкен пайдасы да осында болса керек.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы

↑