Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Сенім жауапкершілікпен келеді

Сенім жауапкершілікпен келеді

80 қаралым

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша прокуратура қызметкерлері өздеріне жүктелген жауапты жұмысты қалай атқарып жүр, алда қандай міндеттер бар? Осы сұрақтар төңірегінде Талғар ауданының прокуроры Жайнарбек Мыңбаевпен сұхбаттастық.

– Жайнарбек Келдібайұлы, сіздің аудан прокуроры болып тағайындалғаныңызға бір жылға жуықтап қалды. Осы уақыт ішінде қандай жұмыс атқарылды?
– Басты назар азаматтардың құқықтарын қорғауға, негізгі салалар­дағы заңдылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың жауапкер­шілігін арттыруға және аудандағы өзекті мәселелерді шешуге аударылды.
Мысалы, 1,5 млрд теңге мөлшерінде бюджеттің заңсыз шығыстарына жол берілмей, мемлекет кірісіне 250 млн теңгеден астам қаржы өндірілді. Жер қатынастары, құрылыс, сумен жабдықтау, әлеуметтік сала, білім беру, медицина және бизнес мәселелері жүйелі түрде шешіліп келеді. Пайда­ланылмай жатқан жер телімдері қайтарылды, мемлекеттік сатып алудағы заңбұзушылықтар жойылды, бейресми жұмыспен қамту фактілері анықталды, жалақыны уақытылы төлеу қамтамасыз етілді, монополистердің жұмысындағы бұзушылықтардың жолы кесілді және коммуналдық қызмет сапасы жақсарды.
Қазіргі кезде прокуратурада нақты нәтижеге бағытталған команда құрылды. Біз негізгі бағыттарға бақылауды күшей­тіп, халықпен тікелей диалог орнаттық, мемлекеттік органдар, жергі­лікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдарымен тығыз байланыс орнаттық. Бірлескен күш-жігер арқылы біз адамдардың сенімін ақтаймыз деп сенемін. Ал сенім деген – күнделікті жауапкершілік.
– Бүгінгі күні аудандағы қылмысқа қатысты крими­ногендік жағдай туралы не айтар едіңіз?
– Жалпы ауданда криминогендік жағдай тұрақты және толық бақылауда. Кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар – 25-37%, отбасылық-тұр­мыстық құқықбұзушылық – 86%, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар 45%-ға азайды. Әсіресе қоғамдық орындарда және көшелерде құқықбұзушылықтар 60%-ға төмендеді.
Өкінішке қарай, ауыр қылмыстар, алаяқтық, топтық және жасөспірімдер қылмысы сияқты жекелеген бағыттар бойынша өсу байқалады. Бұл санаттар прокуратураның ерекше бақылауында. Әрбір бағыт бойынша мақсатты шаралар қабылданып, алдын алу бойынша жұмыс күшейтілді.
– Прокуратураның басқа құқық қорғау ұйымдары, әкімдік және жұртшылықпен бірлескен жұмысын қалай баға­лайсыз?
– Аудан прокуратурасы полициямен, әкімдікпен және жұртшылықпен бірлесіп қылмысты азайту, азамат­тардың құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойын­ша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл тұрғыда әкімдік, полиция және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, «Айқын нәтиже» пилоттық жобасын іске асыру бойынша ведомствоаралық кеңес өтті. Кеңес қорытындысы бойынша жобаны іске асыру жоспарына қол қойылды. Сонымен қатар «Профилактика 365», «Тұран» және «Жол картасы» сияқты бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Криминогендік жағдайды талдау – алкоголь өнімін заңсыз өткізу, отбасы­лық-тұрмыстық саладағы қылмыстар, жасөспірімдер қылмысы, рецидив және интернет-алаяқтық негізгі проблемалық бағыттар екенін көрсетті.
Осыған байланысты жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін қылмыс­тың электрондық картасын жасап, енгіздік. Алкогольді өнімдерді сатудың жолын кесу бойынша жыл басынан бері полициямен бірлесіп 60 рейд өткізілді, соның нәтижесінде сотқа 66 әкімшілік материал жіберіліп, 60-ы сотта қаралды, 60 сауда нысанының қызметі тоқтатылды және осы бағыттағы жұмыс белсенді жалғасып жатыр. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың арқасында Төңкеріс ауылы ішімдік сатудан толығымен бас тартты. Келешекте бұл тәжірибені басқа ауылдарға енгізу ойымызда бар.
– Көшедегі қылмысты азайту бойынша нақты қандай жұмыстар қолға алынды?
– Көше қылмысын азайту мақсатында біз барлық мейрамхананың мәліметін алдық. Қазір бізде осындай 52 орын, 22 бар және 550 дүкен бар. Содан кейін қылмыстық жағдайды талдау арқылы криминогендік нысандардың рейтингі жасалды. Осыған байланысты ауданның проблемалық учаскелерін араладық, жарықтандыру қажеттігі жөнінде әкімдікке хат жолдадық, бюджеттік өтінім әзірленді. Енді ол облыс деңгейінде мақұлданады деген үміттеміз.
Мысалы, Белбұлақ ауылындағы Манько көшесінің ұзындығы 350 метр және бірде-бір жарық бағаны жоқ. Жыл басынан бері онда 2 ұрлық жасалған. Сондай-ақ бейнебақылау камералары бойынша талдау жүргізілді. Аудан аумағындағы камералардың үштен бірі – 1345-тің 439-ы жұмыс істемей тұр. Камераларды жөндеуді қамтамасыз ету үшін қадағалау актісін дайындап, келісуге жібереміз.
Жалпы үйлестірудің, нақты мекенжай бойынша алдын алу шараларының және күшейтілген рейдтің арқасында бұзақылықты едәуір азайтуға, сондай-ақ қарақшылық пен бопсалау фактілеріне жол бермеуге қол жеткізілді.
– Соңғы жылдары қоғамды ерекше алаңдатып отырған нәрсе – отбасылық-тұрмыстық жанжал мен кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыс. Бұған қатысты не айтасыз?
– Отбасындағы құқықбұзушылық бойынша биыл 27 қаңтарда біз соттың, полицияның, сарапшылардың және отбасын қолдау орталығының қатысуымен ведомствоаралық кеңес өткіздік. Оның қорытындысы бойынша Шымкент қаласының тәжірибесі негізінде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқықбұзушылықты жедел тергеу бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде күнделікті бақылау және прокуратураның принципті ұстанымының арқасында бұл санатта тіркелген 13 қылмыстық құқықбұзушылық жедел тексеріліп, тергеліп, ҚК-нің 108, 109-баптары бойынша сотқа жіберілді. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша 288 әкімшілік іс қозғалып, 461-бабы бойынша 17 іс қозғалып, 16 адам жауапқа тартылды.
Ал «Талғар қалқаны» жобасын іске асыру шеңберінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу мақсатында 28 рейд өткізіліп, 68 әкімшілік материал жасалды. «Күнделік» жобасы бойынша проблемалы балалардың үлгерімі мен сабаққа қатысуын анықтаймыз. 108 баламен психикалық-түзету жұмыстарын жүргіздік. Коучтардың, ережесіз жекпе-жек жауынгерлерінің, блогерлердің қатысуымен колледж студенттері арасында үлкен форум өткіздік.
– Интернет-алаяқтық та көбейіп барады, есірткі бизнесі де баршылық. Бұларға қалай қарсы тұруға, азаматтардың құқықтарын қалай тиімді қорғауға болады?
– Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл саласында «Anti-fraud» және «Stop-Drop» іс-шаралары өткізіліп, 350 адам қамтылды, 2500-ден астам жадынама таратылды, халықты, оның ішінде қоғамдық көлік арқылы хабардар ету ұйымдастырылды, БАҚ-та 3 бейнематериал жарияланды. Сонымен қатар ауылдық округтердегі үйлер және чаттармен белсенді жұмыс істейміз. Нәтижесінде бұл санаттағы қылмыс деңгейінің 155-тен 103-ке дейін төмендегені байқалады.
Есірткі құралдарын заңсыз өткізу үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарды анықтау мақсатында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге күнделікті мониторинг жүргізіледі. Күн сайын 20-ға жуық банк дерек­темесі анықталып, тіркеледі. Есірткі құралдарының айналымы үшін пайдаланылатын шоттарды анықтау бойынша жұмыс барысында 765 банктік деректеме анықталды.
Қазір Талғар ауданының пробация қызметі бөлімінде 565 адам есепте тұр.Қаңтар айынан бастап рейдтік іс-шаралар барысында 560 адам тексеріліп, 24 бұзушылық анықталды, олар бойынша АДҚО базасына мәліметтер енгізе отырып жазбаша ескерту жасалды. «Тұран» жобасы аясында тәуекел тобындағы 812 адам қамтылып, 219 адамға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілді, БАҚ-та 2 бейнематериал жарияланды. Өткен кезеңде Талғар аудандық соты пробация қызметі есебінде тұрған 11 адамға қатысты бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны қайта қарап, заңнама талаптарының бұзылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.
Қазіргі уақытта ауданда есепте тұрған 565 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ биыл «Альпина» сауда орталығында уәкілетті органдармен бірлесіп, жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. «Цифрлық пробация» мобильдік қосымшасын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл қосымша 325 адамға белгіленген. Аудан прокуратурасының бастамасымен аудан әкімдігінің ғимаратында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға арналған әлеуметтік оңалту орталығы – Пробация үйі ашылды.
– Еліміздегі ең бір жегі­құртқа айналған қылмыстың түрі – сыбайлас жемқорлық. Ауданда оған қарсы күрес қалай жүріп жатыр, анықталған деректер бар ма?
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тікелей құзырында. Дәл осы құрылым жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу, сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау және жолын кесу бойынша өкілеттіктерге ие. Сонымен қатар аудан прокуратурасы осы саладағы іс-қимылдардың заңдылығын қамтамасыз ете отырып, үйлестіру және қадағалау қызметін атқарады. Біз ҰҚК және басқа да құқық қорғау құрылымдарымен өзара тығыз іс-қимыл жасап, оларды сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен құқықбұзушылық фактілерін анықтау бойынша тексерулер, жедел іс-шаралар мен талдау жұмыстарын жүргізуге бағыттаймыз.
Негіздер болған жағдайда материал­дар уәкілетті органдарға іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін жіберіледі, ал прокуратура тергеудің заңдылығы мен толықтығын бақылауды қамтамасыз етеді. Осылайша, ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс ведомствоаралық өзара іс-қимыл, уәкілетті органдардың жедел-іздестіру қызметі және прокуратураның жауапкершіліктің бұлтартпастығын қадағалау және сыбайлас жемқорлық себептері мен жағдайларын жою арқылы кешенді түрде құрылады.
– Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде не айтар едіңіз? Бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықта ықпал ететін сала ғой.
– Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – біздің жұмысымыздың басым бағыт­тарының бірі. Жедел әрекет ету үшін аудан прокуратурасының мобильдік тобы жұмыс істейді, оған биыл 18 хабарлама келіп түсті, соның 16-сы расталды. Әрбір дерек бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданды. Прокуратура мақсатты талдау жүргізді, 12 наразылық пен 1 ұсыныс енгізді, 3 лауазымды тұлға әкімшілік, бір адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде 16 бизнес субъектісінің құқықтары қорғалды. Кәсіпкерлерге заңсыз қысым көрсету фактілерінің түбегейлі жолы кесілді. Жеке кәсіп­керге қатысты шығарылған шектеу сипатындағы шараның күші жойылды, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлерін заңсыз тексеру анықталып, екі қызметкер жауапкершілікке тартылды, мемлекеттік сатып алулар бойынша қамтамасыз етуді негізсіз қайтармаған 14 кәсіпкердің құқықтары қалпына келтіріліп, ақша қаражаты толық көлемде қайтарылды.Бұдан басқа, аудан прокуратурасы бірнеше инвестициялық мәселе­лерді шешуді қамтамасыз етті. Инвес­торлардың екі ірі кейсі – «Mareven Food» ЖШС және «Evergreen Investment» ЖШС реттелді, бұл БАҚ-та және бизнес тарапынан оң нәтиже тапты. Жалпы прокуратура жұмысы ашықтық, заңды­лық және кәсіпкерлерге кез келген әкімшілік қысым жасауға жол бермеу қағи­даттары бойынша жүргізіледі. Біздің жұмысымыз әрбір бизнес субъектісі үшін қауіпсіз және болжамды іскерлік орта құруға бағытталған.
– Пайдала­нылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде айтып өтсеңіз. Агроөндіріс саласын дамыту тұрғысынан бұл да өте маңызды. Ауданда қанша көлемде жер қай­тарылды?
– Жерді мемлекет меншігіне қайтару, олардың заңды және мақсат­ты пайдаланылуын қамтамасыз ету жөнін­дегі жұмыстарды аудан прокуратурасы жүйелі түрде және басым тәртіппен жүргізеді. Жер заңнамасының сақталуын талдау нәтижелері бойынша, биылғы жылы прокуратура учаскелерді беру, олардың нысаналы мақсатын өзгерту кезінде жол берілген бірқатар елеулі бұзушылықты анықтады. Қабылданған шаралар арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру туралы заңсыз шешімдердің күші жойылды.
Аудан прокуратурасы ауыл шаруа­шылығы шығындарының 306 млн теңгесін өтеу бойынша ұсыныс енгізді, оның 146 млн теңгесі өтелді, 600 млн теңгеден астам сомаға тағы бір акт қаралуда.
Прокуратура тарапынан пайдала­нылмай жатқан жер проблемасына ерекше назар аударылды. Енгізілген ұсыныс бойынша 4 мың гектар игеріл­меген жер анықталды. Бүгінгі таңда 724 гектарды құрайтын 4 жер телімі қайтарылды, тағы 19 талап сотта қаралуда. Жалпы бұл жұмыс ауданның жер қорын тиімді пайдалануды қамта­масыз етуге, жердің заңсыз айналымын болдырмауға және мемлекет пен адал жер пайдаланушылардың мүдделерін қорғауға бағытталған.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы

↑