Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Шеберлерге жаңа мүмкіндік

Шеберлерге жаңа мүмкіндік

134 қаралым

Осы аптада шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі ҰҚК Шекара қызметі Техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасына граверлеу станогын тарту етті. Әртүрлі материалдардың бетіне мәтін, сурет, ою-өрнек салуға арналған жоғары технологиялық жабдықты ұжымға салтанатты жағдайда тапсыру рәсіміне отставкадағы генерал-майор А.Артемчук бастаған шекарашы ардагерлер қатысты. Орайы келгенде айта кеткен жөн, запастағы генерал-майор С. Сабидолданов басшылық жасайтын бірлестік шекарашыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мұндай игі бастамалар аз емес. Астана қаласында «Барлық дәуірдің шекарашыларына» арналған монументтің бой көтеруіне ұйытқы болып, елімізді тәжтажал індеті жайлаған сын сағатта Алматыдағы әскери госпитальді аса қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткені ел жадында.

Енді міне, ардагерлер бұл жолы шекара қызметінің тыныс-тіршілігіне қажетті дүниелерді әзірлейтін басқармаға заманауи граверлеу станогын тарту етті.

Бағалы сыйлықты саналы ғұмырын ел шебімен тығыз байланыстырған сардарлардың көшін бастап тұрған Алексей Артемчук пен «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі, запастағы полковник Ермек Мұқанов басқарма бастығы, полковник Бауыржан Керкембаевқа салтанатты түрде табыс етті.– Бұл станокты жай ғана құрал деп қабылдамаңыздар. Ол – ардагерлердің кейінгі буынға деген құрметі мен аманаты. Жаңа құрылғы шеберлердің қолын ұзартып, ойындағысын жүзеге асыруға мүмкіндік берсін. Еңбектеріңізден әскери дәстүріміздің табы сезілсін, – деді Алексей Алексеевич.

Лентасы қиылған соң, жаңа жабдық бірден іске қосылды. Алғашқы жұмыс ретінде Қазақстанның картасы жасалды. Санаулы минуттан кейін металл бетіне ойып түсірілген карта дайын болды. Станоктың алғашқы өнімінің Қазақстан картасы болуы да символдық мәнге ие. Бір қарағанда қарапайым металл бұйым көрінгенімен, оның артында жаңа технологияның мүмкіндігі мен шебер еңбегінің үйлесімі тұр. Жаңа бұйымды қолына алған қонақтар да, басқарма шеберлері де оның нақтылығына назар аударды. Станок металл бетіне жазулар, нөмірлер, белгілер мен өрнектер түсіріп, түрлі бөлшектерді жоғары дәлдікпен өңдеуге мүмкіндік береді. Демек, шеберлердің жұмысын жеделдетіп қана қоймай, бұрын қол еңбегімен көп уақыт алатын процестерді жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

– Оның мүмкіндігі кең. Жазу мен белгі түсіруден бастап, металл бұйымдарды дәл өңдеуге дейінгі жұмыстарды сапалы орындауға болады. Ең бастысы – шебердің уақытын үнемдеп, қол еңбегін тиімді пайдалануға көмектеседі. Ардагерлердің бұл тартуы талай қажетті істің жүзеге асуына қызмет етеді деген сенімдемін, – деді запастағы полковник Ермек Мұқанов.

Станоктан шыққан алғашқы бұйымның өзі осы сөздің дәлеліндей еді. Ардагерлердің тартуы енді басқарма шеберлерінің қолында жалғасын тауып, темірге түскен әрбір бедер арқылы өз ізін қалдырмақ. Бір кездері ел шебін күзеткен аға буынның бүгінгі ұрпаққа көрсеткен қолдауы осылайша еңбекке, өнерге және жаңа дүниелерге айнала бермек.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑