Перейти к содержимому

Төрт түлік бақылауда

29 қаралым

Төрт түлігі тіршілігінің берекесі саналатын Райымбек ауданында мал шаруашылығы – ауыл тұрғындарының негізгі кәсібінің бірі. Ветеринариялық жағдайдың тұрақтылығы мен шаруашылықтағы тәртіптің сақталуы – баршаға ортақ міндет. Осы ретте аудан көлемінде малды бірдейлендіру жұмыстары ерекше қарқын алуда.

Бұл – мал қозғалысын бақылауға, аурудың алдын алуға және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды шара. Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ірі-қара мен ұсақ мүйізді мал үшін арнайы сырға салумен сипатталса, жылқы малына микрочип орнату арқылы жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта Райымбек ауданында жылқыға микрочип салу әр ауылдық округте белсенді жүргізілуде. Жұмыс барысын өз көзімізбен көріп, ветеринария саласының мамандарынан ақпарат алып қайттық. Бұл әдіс дәстүрлі таңбалау мен ен салуға қарағанда едәуір оңай, малды да жарақаттамайды. Микрочип арқылы жануарға қатысты барлық дерек арнайы базада сақталады. Бұл өз кезегінде мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда иесін жылдам табуға өз септігін тигізеді. Сондай-ақ жол бойында жарыса жайылған жылқы малы өз кезегінде жол көлік оқиғаларына себеп болады. Осыған орай жылқыларға шағылыстырғыш мойынбау тағылып, жол қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде.
Мамандардың айтуынша, Райымбек ауданының ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына 45650 ірі қара, 366950 ұсақ мүйізді мал, 45000 бас жылқы тіркелген. Малды бірдейлендіру – жай ғана есепке алу жұмысы емес, ауыл шаруашылығындағы тәртіп пен ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Әсіресе жылқы малына микрочип орнату арқылы әр жануар туралы нақты мәліметтің бірыңғай базаға енгізілуі мал иесіне де, мамандарға да мол мүмкіндік береді. Ал жол бойында жайылатын жылқыларға шағылыстырғыш мойынбау тағу – малдың қауіпсіздігін ғана емес, жүргізушілер мен жолаушылардың өмірін қорғауға бағытталған алдын алу шарасы.
Әр мал иесі төрт-түлігін уақытылы бірдейлендіріп, ветеринариялық талаптарды сақтауға жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені малдың есебі мен қауіпсіздігі жолға қойылған жерде, шаруашылықтың да берекесі артып, ауданның ветеринариялық ахуалы тұрақты болады.

Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы

↑