Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Тұрғындарды алаңдатқан жайт шешімін тапты

Тұрғындарды алаңдатқан жайт шешімін тапты

70 қаралым

Әлеуметтік желі – тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдар арасын­дағы байланыстың маңызды алаңына айналды. Тұрғындар елдімекендегі мәселелерді көтеріп, тиісті мекемелердің назарын ауда­рып келеді. Жақында Іле ауданына қарасты Ащыбұлақ ауылында жол бойына заңсыз төгілген қоқысқа қатысты тұрғындардың бірі әлеуметтік желіге бейнежазба жариялаған болатын. Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында Ащыбұлақ ауылдық округіне барып, әкімнің орынбасары Кенжегүл Бурхинаны сөзге тарттық.

Оның айтуынша, көтерілген мәселе көп күттірмей назарға алынып, аталған аумақ сол күні тазартылған. Қазіргі таңда ол жерде қоқыс жоқ. Ауылдық округте рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау мәселесі ара-тұра кездеседі. Бұған елдімекеннің Алматы қаласына жақын орналасуы да әсер етеді. Ащыбұлақ ауылдық округі Алматы қаласынан шамамен 8 шақырым жерде орналасқандықтан, көлік қозғалысы көп, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын әкеліп, жол бойына тастап кететін жағдайлар жиі орын алып тұрады.
– Әлеуметтік желіде көтерілген мәселе бойынша аумаққа бірден тазалық жұмысы жүргізілді. Жалпы округ бойынша сенбілік тұрақты түрде өткізіледі. Биылдың өзінде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында 32 рет сенбілік ұйымдастырылды. Сондай-ақ күнделікті тазалық шарасы мен заңсыз төгілген қоқыстарды жинау жұмысы қатар атқарылуда, – дейді Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенжегүл Бурхина.
Тазалық сақтау – бір күндік науқан емес. Осы бағытта заңсыз қоқыс орындарын анықтау, оларды тазарту, сондай-ақ қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгетін азаматтарды анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүзеге асуда. Қоқыс тастауға байланысты жыл басынан бері заңсыздықтар анықталып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 560 хаттама толтырылған. Бұдан бөлек, экология департаментімен бірлескен жұмыс жүргізіліп, заңсыз қоқыс төгілген аумақтардың иелері мен жауапты тұлғаларын анықтау бойынша шаралар қабылдануда.
Бұл ретте мәселені тек тазалық жұмыстарымен шектеу жеткіліксіз. Заңсыз қоқыс тастау фактілерінің қайталанбауы үшін оның алдын алу және бақылауды күшейту маңызды. Осы бағытта ауылдық округ әкімдігі учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, рейдтік шаралар өткізіп келеді. Әсіресе түнгі уақытта қоқыс тастап кету жағдайларын анықтау үшін бақылау жұмысы күшейтілуде. Қазіргі таңда Ащыбұлақ ауылдық округінде 252 бейнебақылау камерасы орнатылған. Биыл тағы 6 камера қою жоспарланып отыр. Сонымен қатар Алматы қаласымен шектесетін және ауыл аумағына кіретін нүктелерге қосымша камера орнату мәселесі бойынша тиісті басқармаларға ұсыныстар жолданған.
– Қайталанатын фактілердің алдын алу мақсатында цифрландыру басқармасына қосымша камералар орнату жөнінде хат жолданды. Сонымен қатар аудандық полиция органдарына да рейдтік жұмыстарды күшейту бойынша ұсыныс берілді, – дейді ол.
Дегенмен, мамандардың айтуынша, заңсыз қоқыс тастайтын азаматтарды анықтау әрдайым оңай бола бермейді. Себебі қоқыс тасталатын кейбір учаскелер негізгі орталық жолдардан тыс орналасқан. Оның ішінде құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын өндірістік жолдар да бар. Мұндай аумақтарда түнгі жарықтандырудың жеткіліксіз болуы бақылау жүргізуді қиындатады. Сондықтан бұл бағытта бейнебақылау жүйесін көбейту маңызды шаралардың бірі болып отыр.
Ащыбұлақтағы соңғы жағдай тағы бір мәселені көрсетті. Тұрғынның әлеуметтік желі арқылы көтерген мәселесі тиісті мекеменің назарынан тыс қалмай, қысқа мерзім ішінде шешімін тапты. Ең бастысы – тұрғындар үшін алаң болған аумақ тазартылып, қазір қайтадан қоқыс тастауға жол бермеу үшін қосымша шаралар қарастырылуда. Ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан сенбіліктер, күнделікті тазалық жұмыстары, рейдтер мен бейнебақылауды күшейту шаралары осы бағыттағы жұмыстың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда Ащыбұлақтағы жағдай тұрақты түрде бақылауға алынған деуге болады.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

Іле ауданы

↑