Талғар ауданындағы «Ой-Қарағай» тау-курортында Қазақстанның ең биік нүктесінде орналасқан туристік нысан пайдалануға берілді. «Ақтас» шыңында бой көтерген кешен 2140 метр биіктікте орын тепкен. Оның құрамына мейрамхана, іскерлік кездесулер өткізуге қолайлы конференц-зал мен демалушыларға арналған қонақүй кіреді.
Екі жыл бойы жүргізілген құрылыс жұмысына 58 млрд теңге инвестиция салынды. Жоба аясында сноуборд пен шаңғы тебу алаңы 28-ден 38 шақырымға ұлғайтылды. Сондай-ақ елімізде алғаш рет 10 және 6 орынды аспалы жол іске қосылды.
Өткен жылы «Ой-Қарағай» тау-курортына 660 мыңнан астам турист келді. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 20 пайызға артып үлгерген.
«Қазіргі таңда 350 адамға арналған үлкен конференц-зал мен мейрамхана жұмыс істеп тұр. Бұл әртүрлі бағыттағы қызықты шараларды өткізуге өте қолайлы. Сонымен қатар меймандарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін, 7 бөлмеден тұратын қонақүйіміз бар. Қысқы спорт түрлеріне арналған жолдың ұзартылуы туристер санын бірнеше есе арттырады деп сенеміз. Ал аспалы жол ерекше технологияны негізге алып жасалған. Жалпы ұзындығы 1800 метр болса, соның 980 метр аралығы ешқандай тірексіз адамдарды тасымалдай алады. Әлемге әйгілі «Доппельмайер» компаниясы мұндай күрделі инженерлік жобаны алғаш рет жүзеге асырып отыр. Бүгінде демалыс аймағына Қазақстаннан бөлек, Ресей, Үндістан, Қытай және Парсы шығанағы елдерінен келетін қонақтар саны артуда. Бұған облыс әкімдігінің туризм саласында өзге елдермен жасаған тиімді меморандумдары зор ықпал етуде», – деді «Ой-Қарағай» тау-курортының PR бөлімінің басшысы Максим Козлов.
Аталған демалыс аймағының 10 жылдам астам тарихында жобаға 105 миллион доллар қаржы жұмсалған. Ал соңғы 2 жылдағы «Ақтас» жобасының өзіне шамамен 120 миллион доллар инвестиция салынды. Сондықтан бұл туризм саласына серпін беретін бірегей бастама болары сөзсіз.
Облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Қаратаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Алматы тау кластерін дамыту бағытында өңірде ауқымды жұмыс жүргізілуде.
«Алматы облысы – туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Жаңадан ашылған кешен – соның айқын дәлелі. Бүгінде бекітілген жоспарға сәйкес инвесторлармен бірлесе отырып, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта электр және газ қуатын арттыруға арналған жобалар іске асырылады. Қысқы маусымның таяп қалуына орай жан-жақты дайындық жасалды. Биыл туристер өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп болады деп болжанып отыр. Мәселен, шомылу маусымында Қапшағай жағалауына 2 миллионнан астам турист келді. Жыл басынан бері туризм саласында 2,5 миллиардқа жуық түсім түсті», – деді ол.
Осылайша, облыста халықаралық стандарттарға толығымен сай келетін жаңа туристік нысан демалушыларды қабылдауды бастады.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірдің туризм саласында жалпы құны 638,2 млрд теңге болатын 30 инвестициялық жоба іске асырылуда. Өткен жылы Үкімет қаулысымен «2025-2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары» бекітілді. Соған сәйкес өңірде 6 негізгі бағыт бойынша 15 жобаны іске асыру көзделген.
Гүлзат Азатқызы
