Перейти к содержимому

Ұстаз есімі ұмытылмайды

78 қаралым

Біздің достығымыз бәсекелестіктен басталған еді. 1990 жылдары ауылға институт бітірген жас маман, жас отбасы Қарубай Сағындықов мал дәрігері болып келді. Зайыбы Мәншүк Оразова Қызылорда облысының тумасы, орыс тілі пәнінің мұғалімі екен. Оқу жылының басы. Мектеп директорының бұйрығымен Мәншүк екеуміз қатар сыныптарға жетекші болып бекітілдік. Мектептегі қарбалас тірлік басталып кетті. Жаспыз, намысшылмыз. Бойымыздағы біліміміз бен тәрбиемізді оқушы бойына сіңіру үшін тынымсыз еңбек етеміз.

Оқу жылының алғашқы айларынан-ақ мектепішілік байқаулар, іс-шаралар, өребәйгеге дайындық жұмысы басталып кететін. Екі сыныптың оқушылары сабақта да, түрлі жарыста да бірінен-бірі қалысқысы келмей, алға ұмтылатын. Бірі озса, екіншісі де соған жетуге тырысатын. Біз де солармен бірге жарысып жүретінбіз. Бір-бірімізді білгенімізбен, Мәншүк екеуміз де бәсекелес едік. Ол да, мен де алда болғымыз келетін. Мәншүктің қиялы жүйрік еді, ойлап таппайтыны жоқ. Сол жаңа идеяларымен ол қандай жарыс болмасын 1-орынды иеленетін. Мен де оқушыларыммен бірге олардан қалыспай, үзеңгілесе қатар жүретінмін. Осылай бәсекелесе жүріп, 1978 жылы туған түлектерімізбен қоштасатын сәттің де келіп жеткенін сезбей қалыппыз. Осы жылғы «Соңғы қоңырау» салтанаты екеуміздің бәсекелестігімізді достыққа жалғастыратынын кім білген?! Мерекелік іс-шара аяқталып, оқушылар ата-аналарымен өз сынып бөлмелеріне кіріп жатты. Ал біз мектеп ауласында ата-аналарды балалардың мектеп бітіруімен құттықтап, олар бізге алғыстарын айтып, шүйіркелесіп тұрғанда, оқушыларымыздың қайда кеткенін аңғармай да қалыппыз. Ата-аналарға алдағы мектеп бітіру емтихандары жайлы айтып, шыққан соң оқушыларымызды іздедік. Балалар жоқ. Біздің алаңдап тұрғанымызды сезген бір мұғалім:
– Оқушыларыңызды іздеп тұрсыздар ма? Олар барлығы мына жаққа кетті, – деп балалардың кеткен жағын көрсетті. Біз аң-таң күйде ата-аналарды таратып, оқушылар кеткен жаққа қарай бет алдық. Балалар Талас ауылына баратын жолға түсіп, тіпті дөңге шығып та кетіпті. Біз соңдарынан ілестік. Олар жол бойындағы мүрделерге бұрылды. Сонда барып түсіндік. Жақында бір оқушымыз ата-анасынан бірдей айырылып қалған еді. Бүгінгі мерекелік жиында басқа оқушыларды ата-аналарымен бірге көрген оның жан дүниесінің астаң-кестең болғанын, сол үшін сонда барғанын түсіндік.
Балаларды жинап, өзім де анам мен бауырыма дұға жасап, бейіт қоршауынан шықтық. Бәріміз үнсізбіз. Сол үнсіздікті Мәншүк бұзды.
– Балалар, мұңаймаңдар. Көрдіңдер ғой, апайларың да анасынан, жалғыз бауырынан айырылыпты. Менің де анам жас кезімде өмірден өтіп кетті. Сол уақытта біз үшін де өмір тоқтап қалғандай көрінген. Біз сенің жан дүниеңді түсінеміз, Дәурен. Алайда қақаған қыс артынан жадырап жаз келеді. Өмір тек қызық пен қуаныштан тұрмайды. Ащысы мен тұщысы қатар жүреді. Соның бәріне шыдап, төзім мен сабырды серік етіп, ақыл, қайрат, жүректі тең ұстап, жастық жігерлеріңді жанып, қиындыққа қарсы тұра білсеңдер ғана жеңіске жете аласыңдар, арман-мақсаттарыңның шыңына шыға аласыздар. Кәне, осылай істейміз деп уәде беріңдер. Күліңдер, – деді.
Мәншүктің өз жан жарасын ішіне бүгіп, өзгені жұбатуға ұмтылған сол бір сәті әлі күнге дейін көз алдымда. Өзінің де жүрегінде анасына деген сағыныш жатқанын біле тұра, балаларға күш беруге тырысты. Көзіміздегі жасты, көңіліміздегі сағынышты басып, жылы сөзімен жұбатқан бәсекелесімді сол күні жаңа бір қырынан көріп, іштей риза болып қалған едім. Міне, осы күннен бастап өмірінің соңына дейін екеуміздің достығымыз туған әпкелі-сіңлілердей болды.
Ол керемет жан еді. Менің жасым одан әжептәуір үлкен болса да, одан көп нәрсені үйрендім. Бойында қазақ әйеліне тән қасиет мол еді. Ұлы педагог А.Макаренконың «Егер менен педагогикалық тәжірибеңізге бір сөзбен анықтама беріңізші деп сұраса, былай дер едім: адамға мүмкіндігінше көбірек талап қойыңыз, адамды мүмкіндігінше көбірек сыйлаңыз» деген сөзі Мәншүктің бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірін дәл сипаттайтындай. Ол сыртқы сұлулығына ішкі жан дүниесі үйлескен, жүрегі мейірімге толы ерекше жан болатын. Шәкірттеріне де, тіпті өзіне де қатал талап қоятын. Қандай іс бастаса да, соңына жеткізуді табандылықпен шәкірттеріне үйретті. Жетістіктеріне қолдау білдіріп, кемшіліктерін түзету жолын көрсетіп, оларды алға ұмтылдырудан әсте шаршамайтын. Содан болар, тәрбие мен білімді қатар берген түлектері бүгінде өз мақсаттарына жетіп, адал еңбек етіп, отау құрып, ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған өнегелі отбасылар. Ал оның адамгершілік қасиеті, жұртты сыйлауы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі, тарыққан жанға қамқорлығы – бойындағы ең асыл құндылықтары болатын. Жүрегі мейірімге, өмірі ізгілікке толы осы бір жанның бар жақсылығын бір мақалаға сыйғыза алмасымыз анық. «Адам өмірі кірпікке тұнған жас секілді. Кірпікке ілінген жас қайта көзге кірмейді, жерге тамады. Адам өмірі де сол сияқты ерте ме, кеш пе, бір үзіледі» деген Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзі еріксіз ойға оралады. Міне, тынымсыз еңбек етіп, енді соның зейнетін көретін шағында оның ғұмыры күзгі жапырақтай үзіліп кете барды. Артында сыңарынан айырылған жаралы аққудай жары мен әлпештеп өсірген ұл-қыздары қалды. Иә, Қарубай екеуің Төлеген мен Жібектей жандарың сұлу, көркем, адамгершілігі мол жандар едіңдер. Бір-біріңді толықтырып, бір-біріңе сүйеніш болып, талай жылды бірге өткердіңдер. Амал қанша, тағдырдың ісіне не шара?! «Адам елеусіз тозаң сияқты із-түзсіз құрып кету үшін тумайды. Адам артына із қалдыру үшін – жер бетінде басқа адамдардың ақыл-ой дүниесінде, жүрегінде із қалдыру үшін туады» деген В.Сухомлинскийдің даналық сөзі сен секілді жандарға арналғандай. Мұғалім жай ғана білім беруші болса, ұстаз – адам бойына өмірлік азық болатын ізгілік нәрін себуші. Мәншүк сондай ұстаздардың бірі және бірегейі еді. Ол шәкірттеріне тек білім берген жоқ. Өмірдің өзінен сабақ алуды, қиындыққа мойымауды, адамды сыйлауды, жақсыны бағалауды үйретті. Сондықтан оның алдынан түлеп ұшқан шәкірттерінің жүрегінде Мәншүктің ұстаздық бейнесі мәңгі сақталары анық. Өйткені ұстаздың ең үлкен ғұмыры – оның шәкірттерінің жүрегінде жалғасатын ғұмыр. Өмірге ұстаз болып келіп, ұстаз болып кеткен аяулы жан, сенің жарқын бейнең жүрегімде мәңгі сақталады.

Әмина Әлімжанова,
ардагер-ұстаз
Шалкөде ауылы,
Райымбек ауданы

↑